Ақталған үміт

Ақталған үміт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Кәмелет жасына толмаған бір жас қыз ауыр дертке шалдығып, төсекте жатып қалады. Төсегі дәл терезенің қасына орналасқан екен. Кішкентай қыз осы терезеден сыртқа қарап, айналаны бір сәт қарап тұратын еді. Бір күні жақсылап, зер салып қараса, терезенің дала жағында сыртта терезеге өте жақын орналасқан талға көзі түседі. Шамасы күз айы болуы керек, жапырақтары біртіндеп түсе бастағандай әсер қалдырады.

Бір күні анасына: "Анашым, мына талдағы жапырақтары қанша қалды?" деп сұрайды. Қызының қойған сауалын мұқият түсінген анасы: "Неге сұрадың қызым?" дейді. Қызы: "Өйткені, осы талдың ең соңғы жапырағы жерге түскен күні, менің де өмірімнің соңғы күндеріне сәйкес келетін сияқты" дейді. Анасы күлімсіреген халде: "Жоқ, олай демегін қызым, Жаратушымыздың құзырында еш үмітсіз болмағын", деп басу айтқандай сыңай танытады. Күндер өте берді. Талдың жапырақтары бірінен соң бірі сарғайып, біртіндеп жерге түсе берді. Науқас қыз талға күнде бір рет қарап қоюды әдетке айналдырды. Соңында бір ғана жапырақ қалды, еш түсер емес. Соңғы жапырақ қалай түседі, өзінің де өмірінің соңғы күнінің болуы ықтимал шығар деген ойға кетті. Сонымен жапырақ түспеді. Күз де аяқталды. Артынша, қыс, көктем, жаз да бірінен соң бірі тез өтіп, тағы да бір күз де қадам басып келді. Былайша бір жыл өтіп кетті. Алайда, жалғыз қалған әлгі жапырақ сол күйі түспеді. Қыздың түсіп жүрген көңілі қайта көтерліп, ішінен бір үміт оты жанғандай болды. Анасының да еңсесі көтерілген. Іштегі көңілі көтеріңкі болғандықтан ба, бір үміт оты тұтанғандықтан ба, әйтеуір қыздың денсаулығы едәуір жақсара бастады. Содан күндер өте, ақырында қыз толықтай жазылып, дертіне дауа тапты. Толығымен аяққа тұрып алғаннан кейін, қанша уақыт өтсе де, әлгі талдан түспеген жапырақтың жанына барды. Барып қараса, әлгі жапырақ пластилиннен жасалған екен. Анасы былтыр қызының үмітсіз айтқан сөзін уайымдап, перзентінің жүрегіне сенім отын жағу үшін, арнайы жапырақ жасатып, талға жақсылап етіп, жапсыртып қойған екен. Үміт пен сенім өте үлкен нығметтер қатарына жатады екен. Егер сіз қандай да бір жағдайда сеніміңізді жоғалтып, үмітіңізді үзген болсаңыз, осы бір болған қызықты оқиғаны дәйім есіңізде сақтап жүріңіз.

 Үміт пен сенім көптеген кереметтер әкелуі мүмкін. Неге десеңіз, жүрекке сенім отын тұтатады. Аллаға шын мағынада тәуекел етуге бастайды. Жаратушымыз да үміті зор пенделерін "ең мықты мүміндерім" деп есептейді екен. Сол үшін де "Алла бізге тек жақсы нәтижелер мен оң қорытындылар беруші" деген сенімде болмағымыз керек. Түрлі қиындық жағдайларда жеке өз мүмкіндіктерімізбен қабілеттерімізді ғана қаперге алмай, Жаратушымыздың жәрдемін еш ойымыздан шығармағанымыз абзал. Үміттің ақталуының тағы бір себебі, егер пенде қандай бір қиыншылықты жеңу үшін ниет пен табандылық танытса, ол пендеге Алланың қолдауы болары сөзсіз.

Халық қаһарманы, батыр, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген сөзі арқылы әңгімемді түйіндегенді жөн көрдім.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: