Біреудің хақысы

Біреудің хақысы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Сенімді деректерде айтылғанына қарағанда, екі ғаламның сәруары Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатима (р.ғ.) анамыз қайтыс болған кезде, жаназасын Хазреті Әбу Бәкір (р.ғ.) шығарды. Намаздан соң табыттың бір бұрышынан Әбу Бәкір, келесі бір бұрышынан Омар, тағы бір бұрышынан Осман және бір бұрышынан Сәлман Фарси ұстап, желкелеріне көтеріп, жерлеуге барады. Жерлеп жатқан кезде, Сәлман Фарси дауыстап:

-Әй, қабір! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы, Хазреті Әлидің жұбайы, әрі Хасан мен Хусейіннің анасы Фатимадай тегі асыл адамды саған тапсырудамыз, айтайын дегенім, онымен жақсы мәміле қыл! - деді.

Сол кезде қабірден дауыс келді:

-Мұнда тегі мен шыққан жері емес, бұл жерде ізгі амалдар қаперге алынады, яғни сонысына қарап баға беріледі! Күндердің бір күнінде Әли (р.ғ.) қайтыс болған жұбайы Фатима анамызды түсінде көреді. Мынаған мән беріңіз, содан Фатима анамыз жәннат қақпасының маңайында жәннатқа кіре алмай жүргендігін көреді. Әли (р.ғ.):

-Әй, Фатима, не себепті жәннатқа кіре алмай тұрсың?", - дейді.

Фатима анамыз:

-"Мойнымда бір кісінің хақы (қарызы) тұр екен. Сол үшін жәннатқа кіре алмай тұрмын. Тірі кезімде көрші әйелдің бір инесін пайдалануға алып, түскиіздің артына қыстырып қойған бойы, сол күйі қайтарып беруді есімнен шығарып жіберіппін. Уа, Әли! Сіз сол инені алып, жылдамырақ көрші әйелге қайтарып беріңіз, аманат етіп алған зат өз иесіне қайтарылуы тиіс. Сол кезде ғана мен жұмаққа кіре алады екенмін", - дейді.

Ұйқысынан оянып кеткен Хазреті Әли (р.ғ.) инені іздеп тауып, иесіне қайтарады. Көп кешірім сұрады. Кейін тағы да бір жолы түс көрді. Фатима анамызды жәннат әшекейлерімен зейнеттеліп, жұмақтың төрінде жүргенін көреді.

  Құрметті оқырман, екі ғаламның сәруары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қызы болған, қиямет күні барша әйелдерге шапағатшы қылушы болған, жәннатпен сүйіншіленген, сахабалар өз иықтарына салып апарып жерленуіне атсалысқан Фатима анамыздың (р.ғ.) жәннатқа кіру жолы осындай болған болса, біздердің ахуалдарымыз қандай болмақ?!

   Алла Тағала Өзінің Әділ атты есімінің берекесімен пенделерінің арасына Өз әділ үкімін жүргізеді. Біреуден сұрап алғандарымызды иесінің есінен шығып кетсе екен, сұрамаса екен дейміз. Ал егер иесі өз нәрсесін өзі сұраған болса, сол нәрсемен кедей болып немесе бай болып кетпес еді ғой дей саламыз.

Немесе алғанын бермей "мен өлгенде аларсың" деп жүргендердің жағдайлары не болмақ?! Ұрлап, тонап жатқандар ше, "әй, дүниенің арзымас матасы ғой, о да тұрған не бар дейсің" деп екі өмірін күйдіріп жүргендер ше!

Сөз соңында айтарымыз, біреудің хақысына қол сұғу үлкен күнә саналады. Алла Тағала Өзінің тура жолынан айырмасын. Кісі ақысын жеуден, аманатқа қиянат қылудан сақтанайық.

 

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: