Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуде. Осынау айтулы айдың құрметіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі "Кемел діннің елшісі" атты рухани мәуліт кешін өткізді.
Орталық "Баласағұн" концерт залында өткен шараның шымылдығы қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Құранды "Әбу Бәкір ас-Сыддық" мешітінің имамы Қасымжан Бекжігітұлы жүректерге жеткізіп оқыды. Іс-шараны "Өнер қырандары" театры жүргізіп, аталы сөзбен жиынды бастап, көпшілікпен бірге Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтты. Ал Жамбыл облысының "Әжелер алқасы" шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді.
Орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудың сауабы мен маңызы жайлы көркем насихат айтты.
Аталған театрдың өнерпаздары Алла елшісіне арнап бірнеше сазды әндерін жолдады. Өнер қырандары ғибратқа толы қойылымдарын қойып, көрерменді бір жылатып, бір күлдірді. Әзілдің астарында терең ойды жеткізе білген көріністер көпшіліктің көзіне жас алдырды.
"Һибатулла Тарази" медресе-колледжі жанынан ашылған Құран қарилар курсының ұстазы Әлімұхаммед Егізбаев, "Әбу Бәкір ас-Сыддық" мешітінің имамы Қасымжан Бекжігітұлы, XI Республикалық Құран сайысының жүлдегері Иманәлі Бейбітұлы мен "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің шәкірттері мәуліт жырын оқыды. Жиналған көпшілік қосыла салауат айтып, рухани жиынның мәні кірді. Барлық рухани кешке келген қонақтарға мешіттің арнайы құттықтауы жазылған пакеттермен мәуліт айында салауат айтуға арналған электронды таспихтар мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болған мисуактар, "Мұнара" газетінің соңғы саны сыйға тартылды.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ортаға шақырылып, жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, насихатын айтып, сөз сөйледі. Бас имам тастанды, жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған анамызды ортаға шақырып, Мәуліт кешінен қайырым ретінде 300 000 теңге қаражатты сыйға тартты.
Көпбалалы ана халыққа сүйектен өтер өткір өсиетін айтып, ой салды. Рухани кеш адамзаттың ардақтысына арналған әнмен өз мәресіне жетті. Ерекше әсерге бөленіп шыққан халайық ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі