#Меркі ауданы: Жауғаш батырдың туы

#Меркі ауданы: Жауғаш батырдың туы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы мен тарихи жәдігерлерді зерттеуші Сәки Қайрат Ұзақұлы Жауғаш батырдың ұрпақтарын зиярат етіп қайтты.

Қайрат Сәки араб елдерінің ортағасырлық тарихында елеулі із қалдырған түркі тайпалары тақырыбын зерттеумен айналысады.

«Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы» (2000, Астана), «Қыпшақ мәмлүктер» (2006, Астана), «Бағдаттағы Жалайыр билігі» (2007, Алматы), «Мәмлүктер – соғыс өнері» (2015, Астана), «Ер қаруы – бес қару» (2020, Астана), «Юрта на вершине пирамиды» (2020, Астана) кітаптарының авторы. Үстіміздегі мамыр айының (2022 жыл) ішінде толықтырылған «Сұлтан Байбарыс» кітабы қайта жарық көреді.

Зияраттың мақсаты Сәки Қайрат Ұзақұлы Жауғаш батыр турасында тарихи жәдігерлерді зерттеп, кітап жазуда.

10-15 жылда бір рет қана ашылатын туды Жауғаш батырдың тікелей ұрпақтары қонақтарға қуана көрсетті. Жауғаш батырдың өмірі, тудың қалай берілгендігі туралы баяндап берді.

Кездесу соңында батырдың ұрпақтары көрегендіктерін көрсетіп, қонақтарға ыстық лебіздерін білдіріп шапан жапты.

Жауғаш батырдың қысқаша өмірбаяны:

«Жауғаш, Жауғашты Қырбасұлы - қазақ батыры, Абылай ханның әскери қолбасшысы, елші. 1733 жылы Іле Алатауы етегінде дүниеге келіп, Меркі жерінде қайтыс болған. Жауғаш батыр Ұлы жүздің Дулат тайпасы Ботпай руынан шыққан. Әкесі Қырбас ХVIII ғасырдың 1-жартысында жоңғарлармен болған шайқастарға қатысқан, Аңырақай шайқасында Ботпай қолын басқарған Сәмен батыр әскерінде мыңбасы болған. Жауғаш 19 жасында атқа қонып, қасындағы Қарпық, Майлыбай сияқты серіктерімен Алатаудан Арқаға барып, Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылған. Жауғаш Абылай ханның тапсырмаларын тиянақты орындап, сенімді серіктерінің біріне айналған. 1754-1756 жылдары Абылай ханның арнайы әскери қолын басқарған.

1756 жылы қытайлармен болған шайқаста Абылай хан жараланғанда, ұрыс даласынан ханды аман алып шығып, құтқарып қалған. Бұхар жырау жырларында Абылай хан "Іздесем де табылмас, Жауғашжан, сендей құбаша ұл" деп мадақтаған Жауғаш батыр осы. Ол Қытаймен арадағы қатынастарды реттеуге қатысқан елші де болған. 1771-1774 жылдары қырғыздармен болған қақтығыстардың мәмілегерлікпен аяқталуына ат салысқан. Абылай хан өмірінің соңына дейін жанында болып, айнымайтын тірегі саналған Жауғаш батырға жоңғарларға қарсы соғыстарда көтерген қасиетті жеңіс туын аманат етіп тапсырған. Сол ту батырдың ұрпақтарының қолында күні бүгінге дейін сақтаулы. Тудың мирас болып Жауғаш батырға өтуі былай болған:

«Жауғаш Жоңғар жойылып, Қытаймен келісім жасалып, тыныштық орнаған заман туған соң, елдегі қартайған әке-шеше, туған-туысқандардың тұрмыс жағдайлары, олардың өріс-қоныс мәселелерін шешу әрекеттерімен айналысу үшін Абылай ханнан елге қайтуға рұқсат сұрайды.

– Жауғаш, еңбегің еліңе сіңді. Жаныңа ненің бататынын сеземін. Қазақтың тұтастығы үшін алда да атқарылар іс болса, аянбайтыныңа сенімдімін. Үш тілегіңді айт,– дейді хан.

– Хан ием, он жыл жаныңызда болып, талай рет туыңыз­дың астында әліміз келгенше жаумен шайқас­тық. Менің бірінші қалауым – өзім талай ұстаған туы­ңыз. Сол туды Талас, Шу бойына қадасам деймін.

Екінші қалауым – өзім қолға түсірген Жөлкем сұлуды қисаңыз,– деп үнсіз қалады.

– Екі қалауың да орындалады. Үшіншісін айт.

– Хан ием, осы екеуін де өзім көпсініп тұрмын,– деп үшінші тілегін айтпапты».

Аңыздарға қарағанда, Жауғаштың үшінші тілегі есебінен оны Жөлкем сұлудың жақын апасы, хан­ның қалмақ әйелі Топыш орындаса керек. Ол Жөл­кемнің жасауы ретінде алтын жалатқан босағалы, күміс кере­гелі киіз үй беріпті (Қазір Абылай хан берген дейтін тудың айшықты ұшар басы Жауғаш ұрпақта­рында сақтаулы. Ал алтын босағалы, күміс керегелі үйдің алтын босағасы Түркістандағы Әзірет сұлтан мұражайында).

Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің ішінде, Абылай ханның қасына жерленген». 

Елімізде Елім, Жерім дейтін азаматтарымыз көп болсын!!!

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: