Киіну мәдениеті

Киіну мәдениеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

          Ислам дінінде киім киюдің арнайы шариғат жолымен бекіткен өз тәртібі мен әдебі бар. Алла Тағала Құран Кәрімде «Ағраф» сүресінің 26-шы аятында былай дейді: «Әй, Адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы."

         Киімнің міндеті адамның тәнін, абыройын сақтап тұру. Өзгелердің алдында ашық-шашық тар, келтелі киімде болу арсыздыққа жатады. Киім адамның мінезін, ішкі және сырты дүниесін, бойындағы сипаттардың қандай екендігін көрсетеді. Адамның киген киіміне қарап, оның отбасындағы тәрбиесіне қарап аңғаруға болады. Әр адамның санасында ұят деген ұғым әркез сақталып тұруы керек. Ұят адамды жаман қылықтарға жібермей ұстап тұратын үлкен қасиет. Ұяты жоқ адамды дана халқымыз арсыз деп те санаған. Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің бір хадисінде: «Ұят пен иман егіз нәрсе, бірі кетсе екіншісі де жоқ болады», - деген. Демек, ұяла білген пенде де қалай киініп жүру керектігін жақсы біледі. Шариғатымызда киген киімнің өз шарттары мен әдептері бар, мысалыға айтар болсақ:

1. Әйелдер киген киімнің ішінен адамның терісі көрінбей тұруы керек. Яғни тым жұқа болмауы керектігін айтады.

2. Тар болмауы керек.

3. Киім кию үлгісінде әйелдер ерлерлің киім үлгісінен, ерлер әйелдердікінен алыс болғаны дұрыс.

4. Киімді оң жағынан кию.

5. Ақ түсті киім кию.

   Қазіргі заман ағымына қарай, жастар арасында ұят таразысына жауап бере алмайтын түрлі киімдердің көбеюі және жастар тілімен айтқанда «модалардың» күн сайын артуының салдарынан киіну әдебі мен мағынауи мінездеріміздің бұзылып, жастарымызға да кері әсерін тигізуде. Жігіт пен қыздың киінулерінде еш парқы қалмады. Қыздарымыздың шалбар киіп жүргендері де ешбір мәселеге айналмай қалды. Бір сұрақ қинайды: үйдегі қызына, әйеліне немесе келініне әкесі "Өзіңе лайықты түрде киініп жүргейсің", демейді.

           Зер салып байқайтын болсақ, қазіргі кезде жастарымыздың діннен алшақтары ашық-шашық киінуге, дінге ықыластанғандары қап-қара реңді бүркеншіктерге оранып жүргенін байқаймыз. Былайша айтқанда не ары емес, не бері емес. Жүйелілік қайда, ұлтымыз бен ділімізді көрсетіп тұратын алдыңғы ана, әкпе әжелеріміздің киіну үрдісі қайда?

Кейбір намазхан әпке-қарындастырымыз қара киінуді тақуалықтың белгілелерінен деп түсініп жүргендерін естіп жатамыз. Ақиқатында сондай ма? Бет-жүзіне паранжа (ниқаб) міндет пе еді?

Шариғатымызда әйелдердің киімдерінің арнайы қара түсте болуы шарт етілмеген. Құранда да, хадисте де бұл жайында еш айтылмаған. Дініміз адамның ұятты жерлерін жауып, етек жеңдерін қымтап жүрулеріне ғана үгіттейді. Исламда тақуалық киімі дегенді адам өзінің бойында табылуға тиіс болған әдеп, мінез, ар-ұят секілді қасиеттерге ұмтылып, зейнеттенуі керек деп терең мағынаға мән бергені жөн болады.

            Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Киімдеріңізден ағын киіңіздер", дейді. Қара киім (қара бүркенген хижабшылар) тақуалық киіміне жатпайды. Ұрпақтарымыз өздеріне тиісті тәрбие мен мағлұматтардың 90 пайызын кітаптан емес, түрлі әлеуметтік желіден алуда. Байқап қарасаңыз, қалай киінуді де ғаламтордан үлгі етуде. Жасыратыны жоқ, киіну үрдісіне де ғаламтордың тигізер әсері мол.

     Ислам діні шынайы болу мен қарапайымдылықты ұнатады. Дұрыс киіну де әдепке жатады. «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» дегендей, алба-жұлба емес, дінімізге, ұлтымызға лайықты түрде киіну де асқан мәдениеттілікке жатады.

  Әңгімемізді түйіндейтін болсақ, әр нәрсенің әдебі болғандай, дұрыс киінудің өз әдептері бар. Жастарымызға осыны үйрете жүрейік. Біз бұйыра алмаймыз, тек ата-аналар ғана бұйыра алады. Біздерде тек үгіттеу мүмкіндерімен ғана шектелеміз.

Ү.САБЫРХАНОВ

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: