Алтын Орда мемлекетінің қазақ жеріндегі исламның дамуына қосқан үлесі

Алтын Орда мемлекетінің қазақ жеріндегі исламның дамуына қосқан үлесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұлы Дала тарихынан ойып тұрып орын алған Алтын Орда мемлекетін зерттеп, тарихи еңбектер жазбаған тарихшылар кемде-кем шығар.  Олай дейтін себебіміз, өзінің өмір сүрген екі жарым ғасырға созылған тарихында батыс пен шығысқа өзінің азу тісін батырып, үстемдік құра білген санаулы мемлекеттердің бірегейі осы Алтын Орда еді. Сол кездегі тарихи оқиғалардың көбісі Алтын Орда мемлекетімен тікелей байланысты болды. Сол себептен де Алтын Орда мемлекетін зерттеу, тарихшылырдың аса қызығушылығын оятты.

Талай әлемдік тарихшылыр Алтын Орда тарихын зерттеп, ашылмаған талай тың дүниелерді жарыққа шығарды. Қаншама еңбектер жазылды. Әлі де жазылып жатыр. Дегенмен де бір айта кететін жайт, Алтын Орда тарихына қалам тартқан тарихшылар, жылнамашылар көп жағдайда мемлекетті басқарған хандар жайлы, Алтын Орда төңірегіндегі соғыстар, тақ төңірегіндегі талас-тартыстарға көп басымдық береді де, мемлекеттің құрамындағы халықтардың  мәдениеті,  тұрмыс-тіршілігі, ұстанған сенім-нанымдар, діндері қамтылған жазбалар тарихи оқиғаларға қарағанда аз екенін  көреміз. Жалпы алғанда дінсіз адам болғанымен дінсіз қоғам жоқ екенін білеміз. Әр халықтың өзінің ұстанған сенім-нанымдары, діндері болады. Халықтың ұстанған дініне байланысты мемлекетте сол дінді мемлекеттік дін ретінде бекітеді.

Ислам діні келгенге дейін түркі тілдес халықтардың көбісі көк тәңіріне сыйынса, кейбірі христиан дінін ұстанғанын білеміз. Ислам дінінің түркі тілдес халықтарының арасына таралуына 751 жылғы болған Атлах шайқасы көп әсерін тигізгені белгілі. Сол кезде Қарлұқтардың ислам дінің қабылдағаны басқа түркі тілдес халықтардың жайлап болса да ислам дінің қабылдауына әсер етіп, халықтардың ислам дінің қабылдау процесі жайлап жүрсе де өз нәтижесін беріп, Қарахан мемлекеті тұсында ислам діні мемлекеттік дін мәртебесіне дейін көтерілді. Ал Алтын Орда мемлекеті құрылғанда оның құрамындағы көптеген тайпалар әлі де болса көпшілігі ислам дінің қабылдамаған қыпшақтардың басым бөлігі, манғолдар басқа да түркі тілдес халықтар құрады. Алтын Орда тағына Берке хан отырғанда Ислам дінінің мәртебесі мемлекет арасында көтеріле бастады. Берке хан өзі мұсылман болғандықтан өзінің төнірегіне мұсылман ғалымдарын көптеп топтастыруға көп көңіл бөлді. Мемлекетті мұсылман заңдарымен басқаруға көп күш жігерін жұмсады. Осы мақсатта сол кездегі мәмлүктердің басшысы Бейбарыс сұлтанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сол кезде Шығыс мұсылман мемлекеттеріне соғыс ашып жатқан Құлағуға қарсы Бейбарыс сұлтанмен одақ құрып, өзінің қандас бауыры Құлағуға ислам мемлекеттерін жаулауына қарсы шығады. Сол кездегі мұсылмандардың жүрегі болған Аббасилер мемлекетің құлатып, сол заманның білім ордасы болған Бағдат қаласын өртеп қиратып, талқандап, бүкіл байлығын тонаған Құлағудың іс – әрекетіне қатты ашуланып оның жіберген тарту - таралғысын қабылдамай қояды.

Берке хан өзінің иелігіне кіретін қалаларға көптеп мешіттер, медреселер салдырып, алыс-жақын жерлерден шариғатты жетік білетін ислам оқымыстыларын, хадис білгірлерін көптеп шақыртып, Алтын Орда мемлекетінде ислам дінінің халық арасында тез таралуына көп ықпал етеді. Көптеген тарихи еңбектерде Берке ханның негізгі сарбаздары мұсылман әскерінен жасақталғаны және жұма намазы ұйымдастырылатыны айтылады. Әрбір сарбаздың өзімен бірге намазды уақтылы оқулары үшін, жайнамаз алып жүрулері тиіс болған. Сарбаздардың арасында ешкім шарап ішпейтін болған дейді тарихи еңбектерде. Өзбек хан Алтын Орда мемлекетінің тағына отырғанда ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялау еш қиындық тудырмады. Себебі Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың көпшілігі ислам дінін қабылдаған болатын. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың ислам дінін қабылдау процесі Берке хан тұсында басталып, Өзбек хан тұсында өзінің кемеліне жетеді. Халықтардың ислам дінін қабылдауы күшпен емес, қылыштың жүзімен емес, ислам дінінің шынайы таза, әділ, хақ дін екенін біліп көздері ақиқатты көргендіктен ислам дінін қабылдаған болатын. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың ислам дінін қабылдау процесі Берке хан тұсында басталып, одан кейін ел билеген Мөңке Темір, Тудай Мөңке, Төле Бұқа, Тоқтай хандар тұсында жалғасын табады. Ал Берке ханнан басқа  бұл хандар нағыз моңғолдың салт – дәстүрін берік ұстанған өздерінің діндеріне берік хандар болатын. Ал өздері басқа дінді ұстанып халықты ислам дініне күштеп кіргізу ақылға сыймайтын нәрсе. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың барлығы ислам дінін кейіннен қабылдаған деген жансақ пікір де болмауы керек. Бұрыннан Алтын Орда мемлекеті құрылмай тұрып та ислам дінін ұстанатын түркі тілдес халықтар Алтын Орда мемлекетінің құрамында болғаны белгілі. Алтын Орда мемлекетіне ислам дінінің тез тарауының екінші жағы мұсылман мемлекеттерімен жасалған сауда-саттық, алыс-беріс, қарым-қатынастар елеулі септігін тигізді.

Үшінші жағы Алтын Орда сарбаздарының көпшілігі мұсылман әскерінен жасақталғандықтан бұлда Алтын Орда мемлекетіне ислам дінінің тез орнығуына өз әсерін тигізді. Өзбек ханнан кейін таққа отырған Жәнібек ханның тұсында Алтын Орда мемлекеті толық ислам мемлекеті мәртебесіне көтерілді. Халықтың барлығы толық ислам дінін қабылдап, заңдардың барлығы ислам шариғатымен жүргізілді. Мешіттер, медреселер көптеп салынды. Ислам мемлекеттерінен ислам шариғатын білетін оқымыстылар көптеп келе бастады. Осылай Жәнібек хан тұсында Алтын Орда мемлекеті өзінің гүлденген дәуірінің соңғы кезенің бастан кешірді. Одан кейін Алтын Орда мемлекеті құлдырап, әлсіреп сонында құлап өмір сүруін тоқтатқаннан кейін де, оның құрамындағы халықтар ислам дінін берік ұстанып қалды. Осылай Орта Азия мен қазақ жеріне ислам дінінің қалыптасуына  Алтын Орда мемлекетінің қосқан үлесі өте үлкен болды.

Түзелбаев Зульфухар

«Төртбай ата» мешіті

asyldin.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: