ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика көлемінде «Qurban-2022» қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
9-11 шілде аралығында өткен мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күндері Qurban2022.kz сайтына тапсырыс беру арқылы онлайн және жергілікті қасапханаларда офлайн форматта құрбан шалынды. Мерекеге орай арнайы құрылған жұмыс штабы құрбан шалу рәсімдерін республика көлемінде ұйымдастыруды қолға алып, бүгінде жүйелі жұмысын сәтті аяқтап отыр.
Қорыта айтсақ, еліміз бойынша Құрбан айт күндері Qurban2022.kz сайтына 1 802 тапсырыс берілсе, 2 712 мұқтаж отбасыдан ет алу жөнінде өтініш келіп түскен. Республика бойынша ұзын саны 1509 адамнан құралған бірнеше штаб құрылып, 49 қасапханада 198 қасапшы тапжылмай жұмыс істеді.
Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша дін қызметкерлеріне, имамдарға, құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта жүзеге асыруға жәрдемдескен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, облыстық, жергілікті әкімдіктер мен құрбан шалу рәсіміне атсалысқан барша ақжүрек азаматтарға, жаны жомарт кәсіпкерлер мен еріктілерге шексіз алғысын білдіреді. Еліміз түрлі ауыртпашылық пен індет атаулыдан аман болып, жылдан есен айттан айтқа жете бергей! Алла Тағала бізден және сіздерден қабыл етсін!