Ақ батасын аямас қара шалдар қайда жүр...

Ақ батасын аямас қара шалдар қайда жүр...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі мұсылман жұртының ұлық мерекесі Құрбан айт та келіп жетті. Көрші-қолаң, дос-жаранның барлығы арқа-жарқа болып, үй-үйге айттап, әр шаңырақта құран оқылып, құрбан шалынатын шариғи күн исі мұсылман халықтың асыға күтетін мейрамы. Бұл мереке тек қан шығарып, мал соятын күн емес, бұл – ағайын-туыс, алыс-жақынның барлығының басын қосып, ұлтты ұйыстыратын, араздасқандарды татуластыратын бірлік пен береке күні.

«Құрбан» деген сөздің өзінің негізгі мағынасы — «жақын болу, жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға жақындау, оған мадақ айту деген сөз. Құрбандық – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алған үлкен тарих, ұлық ғибадат. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Мұхаммед үмбетіне де құрбандық дәстүр мұра болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық діні болды.

Қазақ халқының дінді берік ұстанғанына барлық мұрағаттағы естеліктер мен тарихымыз дәлел бола алады. Мәселен, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында Құрбан айт туралы жазылған деректер кездеседі. Онда қасиетті мерекенің мән-маңызы, құрбандыққа қандай мал шалу, оның кімдерге міндеттілігі жөніндегі шариғат талап­тары мен айт күндері араздасқан адамдар бір-біріне кешірім жасау керектігі жазылған. Қазақ халқы сонымен бірге мағыналы ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, ұлттық салт-дәстүрді дінмен ұштастыра отырып, керемет қылып өткізген. Егер Құрбан айт көктемге тура келсе, Наурыз мейрамы секілді атап өткен. Ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, айтыс өнерімен, термемен көпшілікті Аллаға құлшылық етуге шақырған. Жастарға үлгі-өнеге болатын­дай уағыздар насихатталып, түрлі бәйге-жарыстар ұйымдастырылған. Айт күні «айттық» айтып келген адамға сый-кәде ретінде жайнамаз, тақия, тәспі, кестелі орамал, зергерлік бұйымдар берілген. Тіпті, Кеңес одағы дінге тыйым салса да, қазақ ауылдарында айт намазы оқылып, құрбандық шалынып, арнайы дастарқан жайылып, ата-баба рухына құран сауабын бағыштау дәстүрі сақталған.

Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді («Кәусар» сүресі, 2-аят). Яғни жағдайы жеткен әрбір мұсылман үшін құрбандық шалу міндет. Құрбандыққа қатысты шарттарды біз шариғат заңдылықтарынан білеміз. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» - деп өсиет еткен.

Құрбан айтқа дайындық болып саналатын Арафа күні қасиетті сапарға Мекке қаласына аттанған қажылар Арафат тауында тұрып дұға жасап, қажылықтың бір шартын орындайды. Осынау айтулы күннен бастап Алла Тағала иман келтірген пенделерін бір жерге жинайды.

Сауабы мен ғибраты мол мерейлі мереке елімізде шет қалған емес. Тарихи құжаттардан белгілі болып отырған деректерге жүгінсек, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен. Енді мінеки, 1926 жылдан күштеп тоқтатылған мұсылмандар мерекесіне ресми мәртебе беріліп, тарихи әділеттілік қайта орнығып, қасиетті мерекемен еліміз қауышқан.  Сол үшін біз мың мәрте Алла Тағалаға шүкіршілік айтуымыз керек.

 Дегенмен, бүгінгі таңда кей жайттар қабырғаңды қайыстырып, еңсеңді езеді. Жыл өткен сайын көршілердің шақыртусыз үйге кірмейтіні, айттаушы жұртшылықтың азаюы, Құран оқып, бата беретін қарттардың қалмауы Жер-ана жаралғалы қазаны оттан, азаматы аттан түспеген текті елдің даңқына дақ түсіретіндей. Қай халықтың болсын көп көргені, ақылшысы, қазынасы Қазақ халқына бата құны жоғары киелі сөз. «Үйінде атасы бардың берер батасы бар» деген қазақ батаны қарт адамның ризалық сезімі, өсиетті ой тұжырымдары, жақсы тілегі деп біледі. Ал, батаны кімдер берген? Ежелден қадірлі қария, атақты батыр, дуалы ауыз билер, шашасына шаң жұқпайтын шешен,  арқалы ақындар, ойшыл кемеңгерлер, қарт кісілер, көпті көрген абыз ақсақалдар, өз ісінің хас шебері, халық арасында жас болса да бас боларлық жолы мен жөні бар адам берген.

Бала кезде көз алдымызда қалған күмістей жарқыраған аппақ сақалы өзіне құп жарасқан, жүзінен нұры, көзінен оты шашыраған қарияларды сағынасың. Айтта таң атысымен көше басынан тізіліп келе жатқан ақсақалдарды көру бір ғанибет болып қалғандай... Өз басым сақалы кеудесіне түскен, басында тақиясы, үстінде шапаны бар, аузында құраны мен батасы келіскен қартты көрсем «ата» деп шаттанып қаламын. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда алпыс-жетпісті алқымдаған шалдардың араққа тойып алып, мыңқ-мыңқ етіп бата деп тілек айтқанын көріп жүрміз. Не намазы, не ғибраты жоқ кей кісілерді ел ағасы деп айтуға тілің бармайды, сөзіңді аяйсың. Көшеде өтіп бара жатып үй алдында темекі тартып, бөтелке құшақтап отырған қарттарды көріп, қартымыз осындай болса, жасымыз қандай болар екен деген ойға қаласың. Жылда айт жақындаған сайын үйге келген көршілердің қайсысы Құран оқыр екен деп жалтақтайсың. Тамақты сол қолмен жеп, белуардан жоғары жалаңаш, дастарқаннан бетін сипамай аттап өткенде қынжылғаннан шыдай алмай, бірдеңе деген боласың. «Сен ана жаққа барып келіп пе едің? Жүрегің таза болса болды емес пе!» дейді бітті, аузың жабылады.

Көш түзелер, заман оңалар, жас терек, бәйтерек болар. Сол кезде қазіргі  «қолында құманы мен құраны бар» жас өскіндер, жетіліп қария болар, елге билік айтар, жаңағы дүбәралардың орнын басар деп өзімізді жұбатқан боламыз...

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

asyldin.kz сайтының редакторы,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы баспасөз хатшысы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: