Қажылықтың қадір-қасиеті мен шарттары

Қажылықтың қадір-қасиеті мен шарттары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Алла Тағала Құран Кәрімде қажылықтың парыз екенін былайша баяндайды:

 وَلِلَّـهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًاۚ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّـهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Алланың үйіне (барып) қажылық жасауға жол тұрғысынан шамасы жететін адамдар үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал кімде-кім күпірлік етіп, қажылықты жоққа шығарса (немесе жағдайы бола тұрып, шамасы жете тұра қажылық парызын өтемесе біліп қойыңдар), Алла әлемдерге мұқтаж емес (ешкімнің қажылығына да, басқа құлшылығына да зәру емес), керісінше, бүкіл ғалам Оған мұқтаж». («Әли Имран» сүресі, 97-аят)

Қажылықтың қадір-қасиеті жайлы имам Әд-Димяти (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Әл-Жәуәһиру әл-Луълуъия» атты еңбегінде былай жазады:

«Қажылық кіші және үлкен күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Қажылық сөзі араб тілінде «حَجٌّ»   (Хадж) деп аталады. Бұлай аталуының даналығы мынада: «ха» әріпі «хилм» - рақым дегенді білдірсе, «жим» әріпі «жирм» - күнә дегенді білдіреді. Яғни құл қажылыққа барғанда Алланың рақымы арқылы бүкіл күналарынан арылады екен. Қажылық рәсімін шамасы жеткен адамға өмірінде тек бір рет қана атқару парыз.

   Некелесу мен қажылыққа бару арасында таңдау жасау керек болған жайғдайда, егер зина жасап қоюдан қорықса қажылыққа бармай оған жұмсалатын қаражатқа үйленуі міндет болады. Ал зина жасап қою қаупі болмаса онда қажылыққа барғаны абзал».

   Қажылықтың қадір-қасиеті жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

تَابِعُوا بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ، فَإِنَّهُمَا يَنْفِيَانِ الْفَقْرَ وَالذُّنُوبَ

«Қажылық пен умраны(кіші қажылықты) бірінен соң бірін атқарыңдар. Расында ол екеуікедейлік пен күнәларды жояды». (Термизи, Ибн Мәжа жеткізген)

   Қажылық пен умраның артықшылығы мына хадисте былай баяндалған:

الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ

«Екі умра өз араларында (жасалған күнәларға) кәффарат (кешірілуіне себеп) болады. Ал мәбрур (қабыл болған) қажылықтың сыйы – тек қана жаннат». (Муслим жеткізген)

Мәбрур қажылық – мұсылманның Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті бойынша, ешқандай күнәлі іске бармай және қажылық жасаушыларға тыйым салынған істерден сақтана отырып, Алла Тағаланың ризалығынан басқа ешнәрсені көздемей өтелген қажылық. Тағы бір көзқараста «Бұл – Алла қабыл еткен қажылық» делінген. Қабыл болған қажылықтың белгісі – адамның жақсы күйде оралып, бұрынғы күнәларын қайталамауы. Төмендегі хадисте қажылығы қабыл болған кісі қажылықтан кейін қандай күйде оралатыны былай баяндалған:

مَنْ حَجَّ لِلهِ فَلَمْ يَرْفُثْ، وَلَمْ يَفْسُقْ، رَجَعَ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ

«Кім Алла үшін қажылық жасап, әйеліне жақындаспаса және бұзықтық істемесе, анасынан жаңа туылғандай (күнәдан пәк) болып қайтады». (Бұхари жеткізген)

Ханафи мәзһабы бойынша қажылықтың шарттарын имам Мусили өзінің «Мухтар лил Фәтуа» кітабында былай келтіреді:

وَهُوَ فَرِيضَةُ الْعُمْرِ، وَلَا يَجِبُ إِلَّا مَرَّةً وَاحِدَةً عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ حُرٍّ عَاقِلٍ بَالِغٍ صَحِيحٍ قَادِرٍ عَلَى الزَّادِ وَالرَّاحِلَةِ، وَنَفَقَةِ ذَهَابِهِ وَإِيَابِهِ فَاضِلًا عَنْ حَوَائِجِهِ الْأَصْلِيَّةِ وَنَفَقَةِ عِيَالِهِ إِلَى حِينِ يَعُودُ وَيَكُونُ الطَّرِيقُ أَمْنًا، وَلَا تَحُجُّ الْمَرْأَةُ إِلَّا بِزَوْجٍ أَوْ مَحْرَمٍ إِذَا كَانَ سَفَرًا، وَنَفَقَةُ الْمَحْرَمِ عَلَيْهَا، وَتَحُجُّ مَعَهُ حَجَّةَ الْإِسْلَامِ بِغَيْرِ إِذَنْ زَوْجِهَا.

«Қажылық – өмірінде бір рет жасалуы парыз болған ғибадат. Бұл ғибадаттың парыз болуы үшін мынадай шарттары бар: мұсылман болу; азат болу; ақыл-есі бүтін болу; балиғатқа толу; денсаулығы дұрыс болу; көлігі және жол қаражатының жетуі; өзінің негізгі қажеттілігінен артық, қажылықтың шығынына жететіндей қаражат болуы; оралғанға дейін артында қалған отбасына жететін қаражатының болуы; жолының қауіпсіз болуы керек. Әйел жолаушы тек күйеуімен немесе махрамымен бара алады. Махрамның барлық напақасын (шығындарын) төлеу де әйелдің міндеті. Әйел кісі өзін Хижазға дейін алып келетін махрамын табатын болса, күйеуінің рұқсатынсыз да парыз болған қажылық ғибадатын орындай алады.

وَوَقْتُهُ شَوَّالٌ وَذُو الْقَعْدَةِ وَعَشْرُ ذِي الْحِجَّةِ، وَيُكْرَهُ تَقْدِيمُ الْإِحْرَامِ عَلَيْهَا وَيَجُوزُ

«Қажылық мезгілі: шәууәл, зул-қағда айлары және зул-хижжаның алғашқы он күні. Бұл мезгілден бұрын ихрамға кіруге рұқсат етілуімен бірге, мәкруһ».

   Зекет мөлшеріне ие болмаса да, қажеттілігінен артық қажылыққа барып келе алатын және артында қалған адамдарға жететіндей қаражаты бар болған адамға, басқа шарттарына да сай болса, қажылыққа баруы парыз болады. Қажеттіліктің біріншісі напақа болып табылады. Напақаға ас үйге қажетті заттар мен азық-түліктер, киім-кешек, үй бұйымдары және баспана жатады. Мінетін көлігі, шеберханаға қатысты құрал-саймандары, кітаптары да қажеттілік заттарына жатады. Бір жылдық азық-түліктер немесе қаржысы напақа болып саналады. Саудагердің, қолөнершінің, егіншінің өз мемлекеттерінде әдет болған капиталдары (айналымдағы ақшалары) қажылық үшін қажеттілік затына жатады. (Раддул-Мухтар)

Амангелді Ембергенов

Тараз қаласы «Ар-Рахман Ар-Рахим» мешітінің имамы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: