Ұят– Алланың берген нығметі

Ұят– Алланың берген нығметі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұят – Алла Тағаланың құлдарына нығмет етіп берілген тамаша көркем мінездерінің бірі. Ұят адамды қылмыс жасаудан, опасыздық пен жағымсыз қылықтардан, қысқасы, аяқты шалыс басудан сақтайды. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Ұялшақтың берері – тек қана игілік» деген хадисінің мәнін осыдан іздеген дұрыс. Ал ұяттың кемуі Құдайдан қорқуды азайтады. Құдайдан қорықпаған пенденің небір іс әрекеттерге,  жаман істерге баруы әбден мүмкін. Ғалымдардың: «Кімнің жүрегінде ұят пен қорқыныш болмаса,  онда жақсылық пен әдептің қалмағаны» деген пікірлері жүректегі ізгілік пен жақсылық атаулының ұяттан келетінін ұғындырады. Өйткені ұят пен иман қатар жүреді. Ал иманнан тек қана жақсылық пен игілік келері сөзсіз. Алла Елшісі (с.а.у.) «Ұят пен иман тығыз байланысты,  егер біріншісі кетсе екіншісі бірге кетеді»,  - ұяттан ажыраған кісінің иманнан да қол үзетінін білдірген. Содан болар,  ата –бабаларымыз «өлімнен ұят күшті» деп бекер айтпаса керек. Ұялу иманнан деген аталы сөзді ту еткен ата – бабаларымыз ұлын да қызын да бір ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ол - ұят болады.                                       

 Қазақ даласына ислам діні келгеннен бастап , шариғаттың шарттарына бойұсынып иман нәрімен сусындаған дана халқымыз осы бір ақ ауыз сөздің қадірін жете түсінген.  Ұялу сөзінің астарында Алладан қорқу,  Алланы жақсы көру,  Отанды,  еліңді,  жеріңді,  тіліңді,  дініңді сүю ата-ананы сыйлау секілді ізгі қасиеттер жатыр. Тіпті ақиық ақындарымыз:                                                                                                      

Ана тілің арың бұл                                                                                                                       Ұятың боп тұр бетте                                                                                                                        Өзге тілдің бәрін біл                                                                                                                                     

Өз тіліңді құрметте,  - деп тіпті өз тілін жетік білмеудің өзі ұят екенін тілге тиек еткен. Ұнамсыз, жағымсыз істермен бетпе-бет келгенде «ұят болады» деп одан тартынуымыз,  Алла Тағаладан қорқуымыздың  белгісі. Осыған байланысты ғалымдарымыздың бірі: «Аллаға ант етемін,  адамнан ұят кеткен соң тірлікте де,  дүниеде де жақсылық қалмайды» деген мағынасы терең сөз қалдырған. Мұсылман баласы ұялуды Жаратушымыздан үйренді. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінің бірінде Алла Тағаланың ұялуы туралы былай делінген: «Сендердің Раббыларың - ұлы ұят иесі әрі жомарт. Сондықтан дұға жасаған пендесінің қолын бос қайтаруға (яғни, рақымы мен шарапатынсыз) ұялады. Ұлы Алланың бұл мінезінен тәлім алған Мұхаммед (с.а.у.) жер бетіндегі адамдардың ең кәміл ұят иесі болған. Егер оның жан дүниесіне ұнамайтын іс жасалса, сахабалар оның бет әлпетінің өзгерісінен бірден байқаған. Оның ұялшақтығы иманды қыздың ұялшақтығынан да артық болған. Осы ұят мәселесі жайлы Қасиетті Құранда былай делінген: «Әй, мүміндер! Пайғамбардың (с.а.у.) үйлеріне шақырылмасаңдар кірмеңдер, тамақтың пісуін күтпеңдер(алдын ала келіп отырмаңдар). Ал егер шақырылсаңдар, кіріңдер де тамақ жеген соң, дереу тараңдар, сөзге айналмаңдар. Расында, бұларың Пайғамбарды (с.а.у) қынжылтады әрі ол сендерден ұялады. Бірақ Алла шындықтан ұялмайды».

Алла Тағала ұялу сезімін жоғары ұстауды тек Пайғамбарымызға (с.а.у.) ғана емес, басқа хақ елшілерге де бұйырған. Мысалы, Иса (а. с.) пайғамбарға былай деп бұйырған: «Әй, Иса, әуелі өз нәпсіңе уағыз айт, егер ол қабыл етсе, онда халыққа насихат жаса, болмаса менен ұял».                                                                          Дініміздің адам баласы жаратылғаннан бергі ұзақ-сонар тарихына көз жүгіртсек, ұялудың небір баға жетпес үлгілеріне кезігеміз. Ғұламалардан да ұят туралы көптеген аталы сөздер қалған. Солардың бірі «Ұялу деген – адамның ұнамсыз істерден қысылып,  одан тыйылуы» денп түсіндірсе, енді бірі: «Көңілге қонымсыз, жақсылыққа жат әрекеттерге байланысты жүректе орын алатын уайым мен қынжылыс – ол ұят» деген.                                                       Ғалымдар ұялу сезімін үлкен үш топқа бөлген: Алладан ұялу, адамдардан ұялу, өзіңнен ұялу.                                                                                                                                              

Алладан ұялу оның бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан тыйылумен жүзеге асады. Өзін мүмін мұсылман санайтын кісі алдымен ұялудың осы түріне мән бергені жөн. Осыған байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінің бірінде «Алла Тағаладан ұялудың ақысын беріп ұялыңдар» деген. Бұл хадистің мағынасын Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп түсіндірген: «Кім Алладан ұяттың ақысын беріп ұяламын десе, басын және басындағыларды, ішін және ішіндегілерді сақтасын. Өлім мен бәлені еске алсын. Ақыретті қалаған кісі дүние қызығына қатты мән бермейді. Кім осылай жасаса,  Алладан ұяттың ақысын беріп ұялған болады». Басты сақтау дегеніміз, ең алдымен Жаратушыдан өзгеге бас имеу, сәжде жасамау. басындағыларды дегенде есімізге сақтайтын нәрсе, көзімізді, құлағымызды, тілімізді ұятты және тыйым салынған нәрселерден, күнәлі істерден тыю. Ал ішімізді харам нәрселерді ішіп жеуден тыюымыз керек. Сол сияқты басқа да дене мүшелерімізді күнәлі іс әрекеттерден тыйғанымыз өзіміз үшін әбден қайырлы болмақ.

 «Әр діннің бір мінезі болады. Ислам дінінің мінезі – ұят» деген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) ұяттың дініміздегі орны  қаншалықты жоғары екенін көрсетіп кеткен. Көркем мінездің үлкені де, кішісі де  мұсылманның мінезі деп бағаланады. Сол себеті ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әрбір мұсылман ұялу сезіміне ие болсын»,  деп бұйырған. Қазақтың ойшыл,  дана ғалымы Ыбырай Алтынсарин: Иманды ер құдайынан ұялады,                                                                                                    Ұялып иесінен сый алады, - деп насихаттаса,  Қабан жырау: Ұлттың иман     қабы дер, Имандыда ұят бар, - деп қисынды тұжырым жасаған.                                                                        Құрметті мұсылман бауырлар! Ойланайық. Біз Алладан шынайы түрде ұялып жүрміз бе? Лайықты дәрежеде ұяламыз ба? Әлі де осы бір сөздің парқына жете алмай жүрген болсақ, онда кешіктірмей, ұят сезімін молайтудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Ұлы Жаратушымызды танып, Оның құдіретіне бас ию арқылы біз осы сезімді күшейте аламыз.                                                                                                                                                      Тәнім - жанымның садақасы, Жаным – арымның садақасы деп айтқан дана халқымыз: Пәле жала жолын ұят кеседі, Ұятсыздық ердің кеселі - деп ұлын,                                                                     Арсыз болса қыз жаман, Ақылсыз болса ұл жаман - деп қыздарын қырық үйден тыйып отырған. Ұлы Абайша айтқанда адамның адамшылығы жан сақтау емес, ар сақтау. Жоғарғы моральдік құндылықтар да ар ұятпен бағаланады. Негізі ар, ұят,  намыс-адамның иманының деңгейін көрсететін негзгі қасиеттер. Ұят деген –таразы. Ұят деген-реттеуші. Ұят деген-ешкімнің зорлығынсыз адам баласының дұрыс жүріп тұруға қамшылайтын күш. Ұят – намыспен ықпалдас ұғым. Ұят бар жерде бүкіл дүниенің пердесі, адамшылықтың, иманның қалқаны бар. Ар-ұят сөзі айтылып жатқанда еш әсер бермейтін болса, онда ол сөз бойымыздан жоғалып барады деген сөз, сөз деген біздің болмысымыз. Болмысын жоғалтқан ұлт азғындайды, жоғалады. Жақында интернет желісінде жарияланған Нұр- Сұлтандық тырнағын өсірген жігіттің оқиғасы осының бір дәлелі, және бұл алғашқы не соңғы оқиға емес. Батысқа еліктеп шаштары мен тырнақтарын өсіріп, құлақтарына сырға салған жігіттер мен рекекше киініп тілдері мен еріндеріне сырға таққан қыздарға қарап жүрегің ауырады. Өкінішке орай ата-салтымызды, текті білмейтін жастарымыз аз емес. Сондай санасыз қыздар мен ұятсыз ұлдар қайдан шықты деген ойға келесің. Ұяты бар ұл мен қыз, ұлт сапасын көрсетеді. Ұятымыз бойымызда болсын.

Саламат АМАНБАЕВ

Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы «Құдайберген» мешіті.

asyldin.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: