Ана насихаты

Ана насихаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

      Мектебімізде бір буфет бар болатын. Ол жақтан керемет бір ғажайып иістер келуші еді. Қалтамызда бес-он тиынымыз болса, дереу сол жаққа қарай жүгіретін едік. Коржик, икрасы бар нан - 5 тиын еді. Мейізі бар булочка - 10 тиын. Трубочка - 15 тиын. Ыстық тағамға небәрі 20 тиын ғана керек болатын еді. Мұндай тиын менде кемде-кем болушы еді. Сондықтан көбіне, коржикті алатын едім. Буфетімізде екі әйел ауысымды түрде жұмыс жасайтын еді. Бірі қаталдау келген, екіншісі балаларға өте мейірімді еді. Екеуіне Жаратушымыздың разылығы болсын. Тайпақ ыдыста қатталып жиналған коржиктер әртүрде болатын еді. Арасында кішіректері де, аздап шеті күйгендері де кездесетін. Қаталдау келген апайдан алатын болсам, неге екенін қайдам, маған коржиктердің ішінен ең нашарларын таңдап беретін. Мұнысына еш үндемейтінмін, мән де бермес едім. Мейірбан апай болса, кезекте балалар көп болуына қарамастан, ерінбей коржиктердің арасынан ең жақсыларын таңдап беретін. Барлық балаларға да солай істейтін.

 Бір күні анама мынаны айттым:

-Мейірімді апай өте жақсы кісі ия?

-Ия, жақсы әйел. Неге олай дейсің?

-Не алсам да ең жақсысын таңдап береді. Қатал апай ең нашарларын таңдап береді.

Анам бәр сәт ойланып тұрды да былай деді:

-Бір күнде әлгі ыдыстағылардың барлығы да сатылып кетеді ме?

-Ия, төрт сабақтан кейін барсам, барлығы да сатылып кеткен, бірі де қалмай қалады.

-Қара, жақсылап зер салшы балам! Жақсысы да, нашары да сатылып кетеді екен. Дұрыс па? Екеуінің де сататыны бір нәрсе. Нәтижесінде бірі жақсы, бірі нашар адам болып көрініп тұр. Мұның бәрін байқап тұрған тек ғана бір ғана адам, ол сенсің. Демек, өзіңнің пікіріңді дұрыста балам!

Анамның осы бір сөздері маған өмірлік үлкен дәріс болғандай болды. Перзент адамға Жаратушы тарапынан берілген ең үлкен нығметтерінің бірі болып саналады. Алланың осы бір берген нығметтінің шүкіршілігі - оларға дұрыс тәлім-тәрбие беруімізде екен.

 Ислам шариғатында ғұламаларымыз: "Әрбір ата-ана өзінің перзенті үшін ең жоғары, әрі ең алғашқы медресе іспеттес, және оларға әдеп, тәрбиеден әуелі сәлемдесуді үйрету ізгі амалдардан болып есептеледі",- деген екен. Раббымыз ұрпақтарымыздың тәрбиелі болып өсуін нәсіп етсін!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: