Уақып – әлеуметті теңестіруші көпір

Уақып – әлеуметті теңестіруші көпір

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Қасиетті Құранда дәулетті, әл-ауқатты адамдардың, дүниелік игілік иелерінің қоғамның тұрмыстық жағынан аз қамтылған мүшелеріне қамқорлық жасауға міндеттілігі анық айтылған. Демек, қайырымдылық ізгілік танытушылық қана емес, ол - парыз. Осы тұрғыдан, Ислам жарлы-жақыбайларды қолдауға зор мән береді. Сондай қолдау, қамқорлық, қайырымдылық іс-әрекеттері алуан түрлі қаржы-қаражатқа тікелей байланысты болып келеді.

  Ғалымдар арасында Ислам діні тарағанға дейін уақып болғандығы жөнінде пікірталас бар. Бір ғалымдар уақыпқа ұқсас құрылымдар болды десе, басқалары оларды оған жатқызбайды: «Көне (Парсы, Мысыр, Иудея, Византия, Рим) қоғамдарында уақып институттарына ұқсас  құрылымдар болғанын, бірақ тереңірек зерттесек бұл уақыптардың римдік-византиялық негізі болса да, өзіне тән ерекшелігі бар екендігі байқалады».

Себебі бұл уақыптар қаншалықты «қасиетті жекеменшік» болып заңды танылса да, орталық биліктің қол астында болды. Ал, ислами уақыптың негізгі құқығы уақыпты құрушының иелігінде болады.

Сондай-ақ мұсылман қоғамындағы уақып құжаттарын зерттеуші ғалымдар  ерекше тақырыптағы мұсылман еместер құрған уақыптар пайда болғанын жазады. Оларды зерттеу және ислами уақыптармен салыстыру нәтижесі зиммилердің ислам мәдениетіне икемделгенін көрсетеді.

Шариғатта уақып дегеніміз – белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру. Демек, ол – үзілмейтін садақа болып саналады.

Сахаба Жабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан шамасы жете тұра уақып етпегені болмады», – деген.

Уақыптар – діни сенім және ойлардың  күшті дамыған құрылымдары ретінде ғасырлар бойы қоғамның материалдық әрі рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етуде үлкен қызмет атқарып келеді. Осы орайда ғылым докторы Мунзир Қахфтің  «Қазіргі ислам қоғамындағы уақып» атты  кітабына  тоқталсақ, ол кісі уақыптар жайлы: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде уақыптың көптеген түрлері бар: Мәдинадағы пайғамбар мешітінен бастап, сахаба Мухайриқтың (Алла оған разы болсын) Ухуд шайқасында Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тастап кеткен бау-бақшалары, Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) мұсылмандар суын ішсін деп уақып еткен Рума құдығы. Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақыпға қойып, оның жемісін қайырымдылық істеріне арнауы.

   Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлерімен, қоғамда атқаратын ролімен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:

1. Таза діни уақып

2. Қайырымдылық уақыбы

3. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып

  Таза діни уақып деп – қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына (тар мағынадағы) арнап бөлуді айтады. Мысалы: намаз оқитын жерлер т.б. Уақыптың осы түрін барлық халықтар ежелгі кездерден бері білген болатын. Мысалы: мешіттер, шіркеулер, ғибадатханалар.

     Қайырымдылық уақыбы деп – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу-ағарту, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнауды айтады. Уақыптың осы түрі исламға дейін де белгілі болды, алайда мұсылмандар алғашқы болып қайырымдылық түрі мен көлемін арттырды, тіпті ежелгі өркениеттер мен қазіргі батыс халықтардың барлығынан да асып түсті.

   Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп – ислам дінімен бірге келген, пайғамбардың сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастады. Олардың кейбірі уақыпты әуелі өздерінің ұрпақтарына, сосын қайырымдылықтың жалпы түріне арнаған еді.

Уақыптың осы түрі батыс елдері қоғамында, әсіресе  АҚШ-та  соңғы кезеңдерде ғана белгілі болды.

Жоғарыда аттары аталған уақыптың үш түрі уақып қаражатының екі түрін қамтиды:

  • Уақыптың өзі үшін ғана жұмсалатын қаражат, мысалы мешіт, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздары, бала-шағаға арналған баспаналар.
  • Сауда-саттық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты экономика салаларына салынып, түсетін пайдасы мен табысы уақып мақсаттарына жұмсалатын қаражат.

   Қазіргі әлемде ислам уақып мал-мүліктері көптеген мұсылман мемлекеттерінде қоғамдық байлыққа айналып отыр. Ислам уақып идеясы үкіметтік емес секторды дамыту бағытында пайдалы принцип болып табылады. Үкіметтік емес секторды дамыту жалпы пайда мен қоғамдық-экономикалық дамуды көздейді. Сол себепті осы тақырыпты теориялық жағынан жақсы зерттеп, оны іс жүзінде елімізде жүзеге асыру өзекті мәселе болып отыр.

   Уақып – мал-мүліктерін дамыту маңызды мәселеге айналды. Көтеріліп жатқан уақып идеясының мақсаты – Исламдағы уақып мәселесіне жан-жақты тоқталып, қазіргі көзқарас тұрғысынан уақыптың қоғамдағы маңызды ролін анықтау және қоғамдық-экономикалық дамуға үлес қосу болып табылады.

   Жоғарыдағы уақып анықтаманы таңдау арқылы уақыпқа қойылған мал-мүліктің иелігі турасындағы фиқһи тартыстан алыс болу көзделген. Анықтамадағы «көп рет қайырымдылық жолында» деген сөз уақып етуші адамның өзі уақыпты пайдалануға болатынын жоққа шығармайды. Осы анықтама мал-мүліктің көптеген түрлерін қамтиды, мысалы жер мен ғимарат уақып етіліп қайырымдылық жолында қойылады. Діни рәсімдерді орындау үшін (мешіт) немесе аурухана, шипажай, жетімдер үйі, қарттар үйі, медреселер, студенттер жатақханасы. Сол сияқты жерді егін егуге немесе жалға беруге болады. Солардан түсетін пайданы мешіт қызметкерлері еңбек ақысына немесе кедейлер мен міскіндердің, жолаушылардың қажеттіліктеріне жұмсауға болады. Сондай-ақ, аурухана, медресе немесе жетімдер үйіне де пайдаланылады.

   Қайырымдылық істері өте көп екендігі белгілі, қоғам дамыған сайын оның түрлері де көбейеді. Ардақты сахабалар Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде ойлап тапқан қайырымдылық істері деп, туған-туыс пен ұрпаққа арналған уақыпты айтуға болады. Олар жер, жылжымайтын мүлік, құрма ағаштары сияқты мал-мүліктерді уақып етіп, одан түсетін пайданы уақып етушінің үй-ішіне бөліп беруді өсиет еткен. Мал-мүліктің өзі ешкімге бөлінбейді, жыл сайын жемісін беріп тұрады. Ислам шариғаты туған-туыс пен ұрпаққа жақсылық жасауға шақырған. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде мұсылманның өзіне, әйеліне, баласына, әке-шешесіне жақсылық жасауы садақа болып саналатыны айтылған.

   Қазақ халқы Ислам дінін қабылдағаннан кейін, мешіт – медреселер, қайырымдық орындары уақыптың арқасында көп болды.

Қасымжан Бектаев 

"Әбу Бәкір ас-Сыддық" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: