Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін кім бірінші жәннәтқа кіреді?

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін кім бірінші жәннәтқа кіреді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Сахаба Әбу Бәкр Сыддық (ол кісіге Алла разы болсын) Мекке қаласында дүниеге келген, Алла елшісінен бір-екі жас кішілігі бар болатын. Әкесінің есімі Осман, Әбу Кухафа деген лақап атпен танымал еді. Анасы Үммул Хайыр, яғни бүкіл жақсылықтың анасы деген мағына береді. Жұбайының есімі Умму Румман болған. Әбу Бәкр үш ұл, үш қыздың әкесі еді.

     Әлемге нұр шашқан ислам діні келмей тұрып, тектілігі бойынан көрінген кісілердің бірі болатын еді. Надандық дәуірінде ешқашан өзге түгілі өзіне жәрдем ете алмайтын, жансыз, тілсіз меңіреу пұттарға табынып көрмеген. Сол дәуірдің жаман әдеттері ішімдік, құмар ойын сияқты істерге мойын бұрмаған жаны таза адамдардан еді. Қоғамда әділеттілігімен, шыншылдығымен абыройлы кісілер қатарынан болатын. Жастайынан білімге құштар жан, сол уақытта жұрттың бәрі «құдай» көріп табынатын пұттардың ешқандай пайда да, зиян да әкеле алмайтын қолдан жасалған заттар екенін және оларға құлшылық етудің дұрыс емес екенін өз түйсігімен түсінетін еді. Әбден надандықтың батпағына батқан қоғамды жарықққа алып шығу үшін бір құтқарушының келуін зарыға күтетін еді. Қоғамдағы бай, беделді кісілерден болған Әбу Бәкр Сыддық кедейлерге жәрдемдесіп тұратын. Шешілмей жатқан даулы істері болса осы кісіге жүгінетін. Құрайштың түп шежіресін жақсы білетін кісі болған. Сауда-саттықпен айналысқан Әбу Бәкр жастайынан ел аралап жүрді, саудада өте әділ еді. Көптеген елдерді аралап көргені, өмірден тоқығаны көп жан еді. Қазақ атамыз айтқандай «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген осындай кісілерге айтылса керек. Бұл кісінің өмірбаянындағы ең маңызды іс, бұл әрине адамзаттың асыл тәжі пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бала кезінен дос болуы.

     Әбу Бәкр Сыддықтың Ислам дінін қабылдауының өзі ерекше. Ол жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан мына хадистен білсек болады: «Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкрден басқада алғашқыда сәл іркіліс пен күдіктену болды. Бірақ Әбу Бәкрге Исламды түсіндіргенімде, еш кідірместен, күдіктенбестен иман келтірді». Саудамен Иеменде жүргенде Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келіп Мекке халқы дүрлігіп жатқан болатын. «Пайғамбарлық ішіміздегі түгі жоқ жетімеке келетін бе еді, келсе құрметтілеріміздіің біріне келер еді да», деп дүрбелеңге түсті. Әсіресе оларға өздерінің «құдай» деп сиынып, құлшылық жасап жүрген пұттарының дәрменсіз екенін айтқаны қатты батты. Әбу Бәкрдің сапардан келе жатқанын естіген Мекке мушриктері алдынан шығып күтіп алған еді. «Мен жоқта Меккеде әлдеқандай жаңалық болды ма?», - деп сұраған оның алдынан шыққан Әбу Жәһил, Утба Ибн Муайт «ия, сен жоқта үлкен жаңалық болып жатыр. Сенің досың Мұхаммед (с.ғ.с.) өзін пайғамбармын деп жариялап жатыр», - дейді. Сонда Әбу Бәкр: «ол сөзді Мұхаммед өзі айтты ма?», - дейді. «Ия, өзі айтты» дегенде. «Онда ол рас айтады» деп бірден досының үйіне тіке тартып кетеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз аузынан естігенде: «Мен куәлік етемін, ей Мұхаммед (с.ғ.с.), сен Алланың елшісісің!», - деп ең алғашқы иман келтірген еркек сахаба болу бақытына ие болды.

     Ол кісі надандық дәуірінде адалдығымен, шыншылдығымен дараланған адам еді. Ислам дәуірінде тіпті, жақсылық жасауда алдына жан салмаған сахаба ретінде тарихта қалған дара тұлға. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) азаншысы атанған Біләлдей сахабаны құлдықтан азат етіп, одан басқа да көптеген сахабалардың дінге келуіне себепкер болған Әбу Бәкр Сыддық (Алла ол кісіге разы болсын) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін екінші болып жаннатқа кіретін биік дәрежелі сахаба. Ол кісінің тақуалығына, жомарттығына, кедейлерге жасаған көмегіне қарай Алла Тағала Құранда мынандай аяттарды түсірген екен. «Одан (оттан) аулақ болатындар – нағыз тақуалар. Олар мал-мүлкін (хақ жолына) ақ ниетпен сарп еткендер. Оның мойнында ешкімнің де нығметтен алатын есесі жоқ (оның мал-мүлкін сарп етуі, біреудің жақсылығын қайтару үшін емес). Тек ұлы Раббысының разылығы үшін осылай істейді. Болашақта ол өзі де (Раббысының нәсіп еткен нығметтеріне) разы болады» (Ләйл сүресі, 17-21 аяттар). Тақуалықтың нағыз үлгісін көрсеткен сахаба десек артық айтқандық болмас.

Алланың елшісі де (с.ғ.с.): «Шындығында сен, ей, Әбу Бәкр! Үмметімнен ең бірінші жәннатқа кіретін адам емессің бе!» деп ол кісінің жәннатқа пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін ең бірінші болып кіретінін айтқан.

     Ендеше, қадірменді мұсылман бауырлар! «Болмасаңда ұқсап бақ» деген, жақсы амалдарды жасау жолында бір-бірімізбен жарысып, мол сауаптар жинауды бізге жаратқан Алла нәсіп етсін!     

Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы 

asyldin.kz  

                                                                                                                                      

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: