Адамды сүй, Алланың хикметін сез. 1 бөлім

Адамды сүй, Алланың хикметін сез. 1 бөлім

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Данышпан Абай атамыз өлеңдерінің бірінде: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деп толғаған. Байқасақ, заңғар ойшыл атап отырған бұл екі түсініктің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан адамды, ең алдымен, Алланың мың сан хикметінің айқын айғағы болғаны үшін жақсы көруміз керек.

Кемеңгер атамыздың өлеңіндегі «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген жолдар адам баласының тұла бойы хикметке толы дегенді білдірмей ме? Жаратушы иеміз қасиетті Құранда: «Анығында, адам баласын ардақты еттiк» («Исра» сүресі, 70-аят) деген аят келтірген. Ендеше, ұлы Алла тағала осыншалықты әспеттеп жаратқан адамды сүюдің өзі даналықтың бір белгісіндей.

Адамнан өзге жаратылыстарда да Алланың хикметтері өте мол. Мәселен, кіп-кішкентай құмырсқадан бастап, алып галактикаларға дейінгі жаратылыстарға бір сәт ой жүгіртіп көрейікші. Осыншалықты алып сарайдағы барша тіршілік иелері бір кісінің баласындай ұйымдасқан, ымыраласқан түрде өз міндеттерін атқаруда. Олардың қай-қайсына назар аударсақ та, сөзсіз Алла тағаланың құдіретіне таң қаларымыз хақ. Бір ағаштың тырнақтай дәннен өсіп шығуынан бастап, 

бұтақ салуы, жапырақ жаюы, жеміс беруі Алланың шеберлігін паш етіп тұрған шындықтар. Хайуанаттар әлемінен де Жаратушы иеміздің ғажайып кереметтерін аңғаруға болады. Олардың сыртқы бітіміндегі бірібіріне ұқсамайтын үйлесімді сұлулықтары бір бөлек, әрқайсысының күнделікті қажеттіліктері, қорегі қандай шеберлікпен жеткізіліп отыр?! Сондай-ақ қасқыр секілді жыртқыш аңдар болмағанда, жер бетін әлсіз, аурушаң малдардың өлексесі қаптап кетер еді. Осындай табиғи тазалықшыларды жаратқан кім? Тіршіліктегі, міне, осылар секілді теңдессіз жүйеге бағынып тұрған ұлы үйлесімді Алланың хикметі дейміз. Алла дүниеде ешбір нәрсені бекер жаратпаған. Адам баласы өз жаратылысына қарап-ақ Алланың ұлы хикметтерін көре алады. Себебі адам бүкіл жаратылыстың шағын бір макеті іспеттес. Түптеп келгенде көзі бір әлем, құлағы бір әлем, бауыр, бүйрек, өкпесі өзінше бір-бір әлем. Олар да ынтымақтаса отырып өз міндеттерін атқаруда. Мысалы, адам денесінің бір мүшесі жарақаттанса, сол жерге зиянды микроптар жиналады. Сөйтіп бүкіл денеге қауіп төнеді. Сол кезде бойдағы клеткалар жиналып, әлгі қауіпті жердің айналасына берік қамал тұрғызады. Тосқауылға жолыққан микроптар тұрған жерінен жылжи алмай, қарақошқылданып, жараға айналып, ақыры денеден аластатылады. Ағзадағы осындай тас-түйін бірлік те Алланың анық хикметі емес пе? Кісіге берілген осы секілді көптеген сырлы сыйларға қарап Алланың құдіретіне бас иеміз. Сөйтіп Алланың жаратқаны ғой деп адамды сүйеміз.

Иә, кейде әлдекім бізге ұнамауы мүмкін. Біреудің сөзі, біреудің қылығы, енді біреудің мінез-құлқы жақпай қалады. Ашуланшақтық, өтірік айту, қызғаншақтық, өсекке бейімдік, атаққұмарлық секілді қасиеттерге бола кейбіреулерден жерiнiп жатамыз. Бірақ кісінің мінезін жек көрсек те, өзінен безу дұрыс емес. Кез келген адамға қарап көріңізші. Алла оны қандай әдемі жаратқан. Көзі көреді, құлағы естиді, тілі сөйлейдi, саусақтары икемді. Санай берсек өте көп. Адам баласының тек осындай ардақты жаратылыс болғанының өзі сүюге, құрметтеуге әбден лайық.

Жалғасы бар...

"Даналық ойдан дән ізде" кітабынан

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: