ЕЛОРДАДА «САЛАУАТТЫ ЖАМАҒАТ» СПОРТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ (ВИДЕО)

ЕЛОРДАДА «САЛАУАТТЫ ЖАМАҒАТ» СПОРТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ (ВИДЕО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Діни басқарма ғимаратының спортзалында Нұр-Сұлтан қаласы мешіттері арасында «Салауатты жамағат» спорттық сайысы өтті.

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға бас қаладағы 12 мешіттің жамағатынан құралған 12 команда қатысып, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады.

Спорт сайысының ашылу салтанатына наиб мүфти Ершат Оңғар, шаһар бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Жамағат бірлігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бүгінгі сайыстың маңыздылығын атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі.

ҚМДБ жұмыс бағытының бірі – «Дін мен дәстүр» аясында өткен спорттық сайыста қатысушылар «Асық», «Қол күрес», «Гір көтеру» және «Арқан тартыс» ойындары бойынша күш сынап, жекелей және топтық марапаттауларға ие болды. Сондай-ақ, қатысушы командалар ақтық сайыс алдында өз өнерлерін ортаға салып, спорттық трюктер де көрсетті.

Діни басқарма ғимаратындағы спорт залда өткен дүбірлі сайыс жанкүйерлер мен көрермендер үшін тартысқа толы өтті. Зал ішін жаңғыртқан қошемет-қолпаштаулар, намысты жаныған қайрау сөздер, жігіттердің күш-қайратына риза болған жанкүйерлердің сүйсінген лебіздері – бүгінгі сайыстың жоғары деңгейде өткенінің белгісіндей болды.

Тартысқа толы өткен сайыс нәтижесі бойынша командалық есепте бас жүлдесін «Төлебай» мешітінің жамағатынан құралған «Сұңқар» командасы жеңіп алса, «Нұр Астана» мешіті ІІ орыннан көрінді. Ал «Раиса ана» мешітінің жамағаты ІІІ орынды қанағат тұтты.

 
 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: