Сәулеті Құран аяттарымен әрленген "Кеңесхан қажы" мешітінде адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) туған айына орай Мәуліт шәриф оқылды.
Шараға арнайы "Айсұлу ана" мешітінің имамы Ораз Баймаханов шақырылып, имам Мәуліт шәриф жырын араб және қазақ тілдерінде оқып, өзінің даусымен жамағатты ұйыта білді.
Бесін намазының алдында оқылған пайғамбарымызға мадақ жырын намазға келген жамғат ден қойып тыңдады. Мәуліт оқу жайлы ғұлама Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулулланың (с.ғ.с) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім» десе, Жүнәйд әл-Бағдади (р.а.): «Кімде-кім Расулулланың (с.ғ.с) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол адам шынында иманды болыпты» деген.
Осындай игі жиында мәуліт оқылып біткен соң, "Кеңесхан қажы" мешітінің имамы Қанат Жұмағұл елімізде орын алып жатқан қымбатшылыққа қарсы Алладан дұға тіледі.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



09 Ноябрь 2025
18 Джумада-авваль 1447

