Бүгінгі жас ертеңгі елдің келешегі. Сол себепті олардың саналы азамат болып өсуіне қоғам жауапты. Мешіт имамдарының қоғамдағы орны ерекше. Олар иығына шапаннан бөлек аманат арқалап жүрген жандар. Олардың аманаты насихатпен, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарумен, ескертумен өтелмек. Соны ұғынған имамдар аманаттарын адал атқаруға тырысып бағуда.
Апта басында Шу ауданы Бәйдібек ауылындағы мешіт имамы, аудандық дін саласындағы ақпаратық түсіндіру тобының мүшесі Бақытжан Дүйсебаев осы ауылдағы М.Мәметова атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездескен болатын. Кездесу барысында Б.Дүйсебаев «Исламның игілігі мен түп мақсаты» тақырыбында түсіндіру жұмысын жүргізіп, ағымдардан ада Ислам діні туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар оқушыларды толғандырған сауалдарға жауап беріп, жат ағымның жетегіне еріп кетпеу үшін ұдайы мешіт имамдарынан ғана сұрап отыру керектігін ескертті.
Жиын соңында мектеп әкімшілігі мешіт имамына алғыс білдіріп, аз да болса оқушылардың рухани толысып қалғандарын тілге тиек етті.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі



08 Ноябрь 2025
17 Джумада-авваль 1447

