Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылы «Айша-бибі» мешітінің имамы Қатарбай қари Таджибаев құптан намазына келген жамағатқа «Құран оқудың артықшылығы» тақырыбында кеңінен уағыз айтты.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды», – деген. Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі