ТАҒДЫР ЖӘНЕ ЖАЗМЫШ

ТАҒДЫР ЖӘНЕ ЖАЗМЫШ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кіріспе

Алла Тағалаға сансыз мадақ, шексіз шүкіршілік болсын. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. Әлемдегі бұрын болып кеткен, қазіргі болып жатқан және болашақта болатын барлық нәрсе Алланың үкімі мен тағдырына сәйкес жүреді. Ешқандай тіршілік иесі Алланың Ләуһул Махфузында жазылған иләһи тағдырының шеңберінен тыс әрекет ете алмайды. Күллі мақлұқат әлемінің тағдыры әуел бастан Ләуһул Махфузда жазылғандықтан, әлбетте әрбіріміздің де тағдырымыз сонда жазылған. Ләуһул Махфуз - тағдыр кітабының негізгі нұсқасы болып, барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады. Құранда бұл жайында көптеген аяттар бар.

Құран аяттары:

Бірінші аят:

قُل لَّن يُصِيبَنَا إِلَّا مَا كَتَبَ اللَّهُ لَنَا هُوَ مَوْلَانَا وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«(Мұхаммед Ғ.С.): Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын» [1].

Қысқаша түсіндірме:   Біздің басымызға түсетін жақсылық та, жамандық та, үміт пен қорқыныш та, қиыншылық пен амандық та тек Алланың  құзырында жазылған тағдыр бойынша ғана болады. Ол біздің жәрдемшіміз және сақтаушымыз. Яғни, мұсылмандар істерінің барлығын Аллаға тапсырып, басқа ешкімге арқа сүйемеуі керек.    

Екінші аят:

اللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَحْمِلُ كُلُّ أُنثَى وَمَا تَغِيضُ الْأَرْحَامُ وَمَا تَزْدَادُ وَكُلُّ شَيْءٍ عِندَهُ بِمِقْدَارٍ

«Алла (Т.) әр ұрғашы жыныстың неге жүкті болғандығын және жатырлардың нені кемітіп, нені арылтқанын (нені туып, нені қойғанын) біледі. Оның жанында әр нәрсе өлшеулі» [2].

Қысқаша түсіндірме: Әрбір әйелдің ішіндегі нәрестенің қандай екенін Алла Тағала  анық біледі. Ол баланың ұл ма қыз ба және сау ма ауру ма, көрікті ме көріксіз бе екенін Алла білуші.

Үшінші аят: وَمَا يَعْزُبُ عَن رَّبِّكَ مِن مِّثْقَالِ ذَرَّةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا فِي السَّمَاءِ وَلَا أَصْغَرَ مِن ذَلِكَ

 وَلَا أَكْبَرَ إِلَّا فِي كِتَابٍ مُّبِينٍ

«Сондай-ақ жердегі, көктегі тозаң салмағындай нәрсе Раббыңнан жасырылмайды. Тағы одан кішісі, үлкені ашық бір Кітапта бар» [3].

Қысқаша түсіндірме: Алла тағалаға  ауадағы және жердегі шаң тозаңындай жаратылыстар және олардан үлкендері де кішілері де жасырын болмайды және барлығы  Лаухул Махфузда жазылған.

Хадистер:

Бірінші хадис:

مَا مِنْ مَوْلُودٍ إِلَّا يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ ، فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ وَيُنَصِّرَانِهِ وَيُمَجِّسَانِهِ ، كَمَا تُنْتَجُ الْبَهِيمَةُ بَهِيمَةً جَمْعَاءَ ، هَلْ تُحِسُّونَ فِيهَا مِنْ جَدْعَاءَ

 «Әрбір туылған нәресте болмыспен (яғни ханиф дінімен) туылады. Содан кейін ата-анасы баласын яхуди немесе насарани немесе мажуси етеді. Мал да өз төлін кемтар етіп тумайды. Туған төлдің дене бітімінен мін көрдіңіз бе?» - деген.»[4]

Бұл хадистен түйетініміз күпірлікті және иманды Алла пендесіне мәжбүрлеп жазбайды екен, бәлкім пендеге таңдау еркі берілген.

Екінші хадис:

 

إِنّ النُّطْفَةَ تَكُونُ فِي الرَّحْمِ أَرْبَعِينَ يَوْمًا عَلَى حَالَهَا لَا تَتَغَيَّرُ، فَإذَا مَضَتْ الأَرْبَعُونَ صَارَتْ عَلَقَةً ثُمَّ مُضْغَةً كَذَلِكَ، ثُمَّ عِظَامًا كَذَلِكَ، فَإِذَا أَرَادَ اللهُ أَنْ يَسْوَى خَلْقَهُ بَعَثَ إِلَيْهِ مَلَكًا، فَيَقُولُ: أَيْ رَبِّ ذَكَرٌ أَمْ أُنْثَى? أَشَقِيٌّ أَمْ سَعِيدٌ? أَقَصِيرٌ أَمْ طَوِيلٌ? نَاقِصٌ أَمْ زَائِدٌ? قُوتَهُ وَأَجَلَهُ، أَصَحِيحٌ أَمْ سَقِيمٌ? فَيَكْتُبُ ذَلِكَ كُلَّهِ

 «Жатырға түскен бір тамшы су еш өзгерместен 40 күн тұрады. 40 күннен кейін ұйыған қанға айналады. Содан кейін кесек ет болады. Сосын оған сүйек бітеді. Егер Алла оны жаратуды қаласа оған періштені жібереді. Сонда періште  Я, Раббым ол ұл ма қыз ба, бақытты ма бақытсыз ба, қысқа ма ұзын ба, кем ба артық па, сау ма ауру ма? - деп сұрайды. Сосын оған осының барлығы жазылады.» [5]

 

Ізгілердің сөздері:

         

وَأَصْلُ القَدَرِ سِرُّ اللهِ تَعَالَى فِي خَلْقِهِ، لَمْ يَطَّلِعْ عَلَى ذَلِكَ مَلَكٌ مُقَرَّبٌ وَلاَ نَبِيٌّ مُرْسَلٌ. وَالتَّعَمُّقُ وَالنَّظَرُ فِي ذَلِكَ ذَرِيعَةُ الـخِذْلاَنِ، وَسُلَّمُ الـحِرْمَاِن، وَدَرَجَةُ الطُّغْيَانِ، فَالـحَذَرَ كُلَّ الـحَذَرِ مِنْ ذَلِكَ نَظَرًا وَفِكْرًا وَوَسْوَسَةً، فَإِنَّ اللهَ تَعَالَى طَوَى عِلْمَ القَدَرِ عَنْ أَنَامِهِ وَنَهَاهُمْ عَنْ مَرَامِهِ كَمَا قَالَ تَعَالىَ فِي كِتَابِهِ:{ لاَ يُسْأَلُ عَمَّا يَفْعَلُ وَهُمْ يُسْأَلُونَ}. فَمَنْ سَأَلَ لِمَ فَعَلَ فَقَدْ رَدَّ حُكْمَ الكِتَابِ، وَمَنْ رَدَّ حُكْمَ الكِتَابِ كَانَ مِنَ الكَافِرِينَ.

Имам Тахауи: Негізінде, тағдыр Алла Тағаланың жаратылыстарының арасындағы құпия-сыры. Оны Аллаға жақын періште де, Оның Елшісі де білмейді. Тағдырды тереңінен ашықтап, ол жайлы көп ойлану, Алланың жәрдемінен ұзақ болуға, мақрұмшылдыққа әрі шектен шығуға себеп болады. Бұл мәселеге тоқталудан, ол туралы ойланудан және азғырушы ойларға түсуден сақтану керек. Өйткені, Алла Тағала жаратылыстарынан тағдыр білімін жасырды, оны білуге ниеттенуден тыйды. Алла Тағала Кітабында былай деп бұйырады: «(Алла Тағаладан) Оның өз істегендері тергелмейді, алайда, олар (пенделер) тергеледі.» (Әнбия-23). Сондықтан да, кімде-кім «Не

 

үшін Алла осылай істеді?» дейтін болса, Құранның үкімін жоққа шығарған болады. Ал кімде-кім Құран үкімін жоққа шығарса, күмәнсіз имансыз болады. [6] Демек тағдырға өз-ойымен ойлау және кірісу біздерді адасуға апарады.

Ғибратты қиссалар:

Бірінші қисса:

Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын) Адам атаға: «Сізді Алла тағала өз құдіретімен  жаратқан, Өз мейірімен сізге жан берген, періштелерді Сізге құрмет еткізіп идірген, Өз жәннатын сізге мекен еткізді. Ал, сіз қате жасап (тыйым салынған ағаш жемісін жеп) адамдарды жерге түсірдіңіз» – деп жазғырды. Сонда Адам (Оған Алланың сәлемі болсын): «Сені Алла тағала өз елшілігіне және сөзіне таңдап алған, саған барлық нәрсенің жайлы баян етілген тақта (кітап) берген Мұсасың ғой. Сенімен Алла тілдескен. Мені Алла жаратпай жатып, Таурат қанша жыл бұрын жазылған?» – деп сұрады. Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын): «Қырық жыл бұрын» – деп жауап берді. Адам ата: «Сен Тауратта: «Адам (а.с.) Раббысына қарсы шығып қателесті.» деген аятын оқыдың ба?» – деп сұрады. Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын): «Иә» – деді. Сонда Адам ата (Оған Алланың сәлемі болсын): «Мен жаратылмай тұрып, қырық жыл бұрын Алла тағала жазып қойған нәрсе үшін мені неге жазғырасың?» – деген екен.

Екінші қисса:

 Сүлеймен пайғамбар өз қауымына уағыз айтып отырған кезінде Өлім періште кіріп келіп , сол мәжілісте отырған бір адамға мұқият, таңданыспен қарап тұрады да, аз уақыттан кейін көзден ғайып болады. Сөйтіп, бұл назарды сезген әлгі адам мазасызданып, Сүлеймен пайғамбардан «Жаңағы кісі кім болды?» деп сұрайды.

Сүлеймен оның өлім періштесі екенін хабарлайды. Сол кезде әлгі адам өңі бозарып: «Ол маған көзін алмай қарағаны соншалық мені іздеп жүрген секілді».

Сонда Сүлеймен: «Мен саған қалай жәрдем көрсете аламын?» - деді.

Әлгі адам жалбарына: «Мені одан құтқарғаныңды қалаймын , желге бұйрық бер, мені Индияның ең алыс түпкіріне апарып тастасын». Содан соң Сүлеймен пайғамбар желге бұйырады жел ол кісіні ұшырып алып кетеді. Сәлден соң өлім періштесі Сүлеймен пайғамбарға қайта жолығады. Сүлеймен одан:«Менің мәжілісімде отырған бір адамға көз алмай қарауыңның себебі неде?» - деп сұрайды.

Өлім періштесі: «Ия, Алла Тағала маған бүгін әлгі кісінің жанын Индияда аласың деп бұйырған еді, ал мен болсам ол адамды сенің маңыңнан таптым, сөйтіп бұл кісі өте алыс Индияға бүгін қалай барып жетеді деп таңырқап тұрған едім ғой, көрдің бе Алланың тағдырымен ол саған өзі келіп сенің жәрдемің арқылы желдің үстіне мініп Индияға әп-сәтте жетті, ал мен оның жанын сол жерде алдым» -деді.

Дана қазақтың:«Ажал айла таптырмас» -деген сөзі осыған саяды.

Нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер:

Қайырсыз пайдадан,

 

 

Қайырлы зиян артық.

 

Жазмыштан озмыш жоқ.

Бай болу, кедей болу - тағдыр ісі. (Иүгінеки Ахмед)

 

Тағдырың бүгін — мұнда, ертең — анда айдайды.( Жүсіп Баласағұни)

 

Пенденің сұрағаны болмайды,

Алланың қалағаны болады.

 

Жүгірген жетпес ,

Бұйырған кетпес.

Бұл уағыздан түйгеніміз:

1. Жаратылыста иләһи тағдыр мен бағдарлама бар болса, адамда ерік пен пейіл бар.

2. Алла тағаланың ілімі шексіз, ол уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан өткенді, қазіргіні және болашақта болатын нәрселерді толық біледі.

3. Біз істегендерімізді Алла тағала солай жазды деп істемейміз, керісінше, Алла тағала біздің өз қалауымызбен не істейтінімізді білгендіктен солай жазады.

4. Алла тағала тағдырымызды жазатын кезде, біздің дербес қалауымызды ескереді әрі оны қалай қолданатынымызды да есепке ала отырып жазады.

5. Егер біз қалауымызды ізгі жолда қолданатын болсақ, онда Алла тағала өзінің мол мейірімімен бізге мына өмірде нығметтер бергенімен қоймай ақыретте де жәннатты беруді уәде етуде.

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ

Һибатулла Тарази медресесінің

директорының орынбасары

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: