Кешегі қоғамда қазақ жастары алтыбақан тебісіп, қыз қуу, көкпар, ақсүйек ойнаушы еді, ал бүгінгі қоғам дәстүрімізді сіңдірмей жатып, үндінің мерекесін атап өтуді сәнге айналдырды. Бүгінде мерекеміз – Холи, кигеніміз – сари, көргеніміз – Ананди болды.
2013 жылдан бері Қазақстанда үндінің ұлттық мейрамдарының бірі – «Холи» бояулар фестивалі өтіп жүр. 2014 жылы Өскеменде өткен бұл іс-шара туралы «Бұл мейрам елімізде алғашқы болып біздің қаламызда ұйымдастырылды» деп мақтана жазыпты жергілікті веб-сайттардың бірі. Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде аталмыш үнділік мейрам аталып өтуде. Өзіміздің қазақи құндылықтарымыз тұрғанда, үндінің жат дүниесін басымызға көтеріп жатқанымыз қалай? Бұл іс-шара көненің көзі болған Таразда да жыл сайын аталып өтіп жүр. Алдыңғы жылдары өзім арнайы барып, көзіммен көріп, қаламыма түрттім. Сонымен қатар бет-аузына аймандай етіп бояу шашып алған еліктегіш жастардың суретімен әлеуметтік желілерді дүр сілкіндіріп «Таразда пәленінші рет өткелі отыр» деген хабарландырулар да жүретін. Бір-бірінің бет-аузын түрлі-түсті бояумен айғыздап, үсті-бастарын малмандай қылған жастар заманауи әншілердің танымал туындыларын тыңдап, билеп, көңіл көтермек. «Бояудың да адам денсаулығына тигізер еш зияны жоқ, бір жуғаннан-ақ кетеді» деп жариялапты хабарландыруда. Мен куә болған фестиваль «АЮ тропик» демалыс орталығында өтті және оған қатысу құны 2500 теңгені құрайтын көрінеді.
Бұл мейрамның бізге қандай қатысы бар, қайсы діннің идеологиясына қызмет ететін ғұрып, біздің дін, біздің дүниетаным, біздің дәстүр оған үйлесе ме, жоқ па – қарамайды. Энциклопедиялық деректерге сүйенсек, Холидің индуистік көктем фестивалі екені, Үндістанның кей өңірлерінде, тіпті, Жаңа жыл мерекесі саналатыны айтылады. Оны жыл сайын ақпан айының соңы, наурыз айының басында үш күн тойлайды. Ресейлік үндітанушы, «Махабхарата» дастанын зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы Ярослав Васильковтың «Холи» атты мақаласында көне заманнан бері келе жатқан бұл мейрамның шығу тегі туралы үш түрлі болжам бар екен. Соның ең басты нұсқасы бойынша, бұл ғұрыптық той индуизмдегі үш негізгі құдайдың бірі – Вишнудың өзін түзу жолдан тайдырмақ болған әзәзіл Холика періні жеңуіне орай өткізілген ұлан-асыр думаннан бастау алса керек. Мейрамның бірінші күнінде жиылған жұрт Холика перінің қолдан жасалған сұлбасын өртейді, жүрек жұтқан шымыр жігіттер көмір шоғын жалаңаяқ басып өтіп, шыдамдылығын паш етеді, ауыл-ауыл, көше-көше болып ағаш басына ілінген тәбәрік-заттарға таласып, өзара ептілік, айла-тәсіл сынасады.
Екінші күні ерлер арасында бөлек, әйелдер арасында бөлек үнді күресі, қол күресі, жаяу жарыс секілді сайыстар ұйымдастырылады. Сосын жұртшылық көшеге шығып, бір-біріне түрлі-түсті ұнтақ шашады, суға салынған алуан реңді бояулар шашыратады, ән салып, би билейді. Бұл думан үшінші күні де жалғасады, кімге қаншалықты көп бояу шашылса, оның атына соншалықта жақсы тілектер айтылған деп саналады. Кешке қарай адамдар бір-бірін қонаққа шақырысып, той дәмін ұсынады. «Холи» атауы сол Холика перінің есімінен қысқарып қалып қойған деседі. Мұндай дүниені теледидардың сәніне айналған үнді телесериалда- рынан да көре аламыз.
Холи – таза индуизмге тиесілі және тек осы дінді ұстанушыларға ғана арналған. Алайда оның бізге не қатысы бар? Өкінішке қарай, бет-аузын бояумен былғағанға мәз боп жүргендер мұны ескермейді. Ия, бәлки басқа елдерде де аталып өтіп жүр ғой, я болмаса Алматыдағыдай бұдан жиналған қаражатты қайырымдылыққа жұмсаймыз деп сылтау табар. Дегенмен, дәл қазақы дүниетанымымызға жат дүниені әкеліп, қайырымдылықты содан жасау керек пе? Басқа фестиваль ұйымдастыру, салтымызды дәріптей отырып қайырымдылық жасау деген құрып қалып па? Дәл қазақи дүниемізге, дінімізге, менталитетімізге жат нәрсені мерекелеу керек пе? Пұтқа табынатындардың мейрамын тойлап, жүрегім бұған табынбайды ғой деп, бірақ ісімен істеп тұрған мұндай қайырымдылық қабыл болмайтын да шығар! Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір қауымға еліктесе, онда ол солардан» деген. Біздің жастардың соларға еліктеп жасап жатқан ісіне енді не айта аламыз? Бұны адуынды қарттарымыз шегеріп, халық болып тыймаса, ертеңгі күні тағы не тойлап жүреріміз белгісіз! Алла Тағала қасиетті Құранда «Ағраф» сүресінің 31- аяттында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» деген. Ал мына фестиваль ысырапшылдық болмай немене?
Ел ішіндегі бүлікпен арпалысып жүргенде, енді жетпегені кришнаиттердің мерекесін тойлау еді. Христиандардың әулие Валентин мерекесінен әрең құтылғанда, енді жетпегені үндінікі еді. Біздің қазақ өзгеге еліктей бермей қашан өз дәстүрімізді ұлықтар екен?! Атақты әділ сахаба Омар ибн әл-Хаттаб: «Мажусилер мен кәпірлер мейрамдарын тойлап жатқанда, олардың ғибадат ететін жерлеріне жақындамаңдар да бармаңдар. Өйткені, оларға Алла Тағаланың қаһары түсіп тұрады» деген екен.
Біз Валентин, Холи тойлаған қаны мұсылман қазақтарды көрдік, бірақ басқа діндегілердің мұсылман мейрамдарын тойлағанын көрмедік. Қай яһудей, қай христиан Құрбан айт кезінде құрбан шалады? Қайсысы ораза ұстап, қайсысы ауызашар қылады? «Жәй көңіл көтереміз, онда тұрған не бар?» деп жастар адасып жүргенде қалай жүрегің ауырып, көңілің қынжылмайды? Тұғыры биік аманат болған тәуелсіздігіміздің, рухы өр алаштың ертеңгі ұрпағын тәрбиелейтін ұл-қыздарымыз бояу шашып, үндінің дінін тойлап жүрсе, келешегіміз не болмақ? Бұл жастар ұрпағымызға рухани тәлім-тәрбие, қазақи дәстүрімізді, ұлттық патриотизмді үйрете ала ма? Үнді киносын көрген балалар ойнап жүріп «Анандимін» деп тасқа табынып жатқанын естіп шошып едік, енді есі кірген бойжеткен, бозбалалардың өзі үндінің тойын тойлап не көрінген?!