Жанды бейне бар үйде намаз оқу жайында (жалғасы бар)

Жанды бейне бар үйде намаз оқу жайында (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жанды нәрсенің суреті бар бөлмеде намаз оқу мәкруһ тахриман. Өйткені Алла Елшісі (ﷺ): «Ішінде ит және бейнелер бар үйге періштелер кірмейді», – деп ескерткен («Сахих Бұхари», 4/130). Мұсылманға періштелер әрдайым жақсылық қаласа, шайтандар, керісінше, әрдайым жамандық тілейді, өйткені шайтандар мұсылманның дұшпаны, ал періштелер мұсылманның екі дүниедегі тілектестері мен жанашыр достары. Сол себептен мұсылман үйіне періштелердің кіруін үміт етеді.

Бұл – көрінбесе де, Алла Тағаланың әмірімен жүзеге асатын шынайы жайт. Сондай-ақ, періштелер келген жерге шайтандар жолай алмайды, алайда келген періштелерді үйге кіруден тиятын кедергілер бар. Солардың бірі – үйде жанды нәрселердің бүтін суреттері мен бейнелері тұруы. Мұндай жағдайда періштелер үйге кірмейді. Жоғарыда келтірілген хадис осыны көздейді. Ал жансыз нәрселердің суреттеріне келер болсақ, Буқайр ибн әл-Әшажждан – Буср ибн Суғиидтен – Зайд ибн Хаалид әл-Жуһаниден: Бусрдың қасында Убайдулла әл-Хаулаани болған – Әбу Талхадан – Алла Елшісінің (ﷺ): «Ішінде бейнелер бар үйге періштелер кірмейді!» - дегені риуаят етілген. Буср: «Зайд ибн Хаалид сырқаттап қалған еді. Біз оның көңілін сұрауға бардық. Оның үйіне кіргенімізде суреттері бар пердені көрдік. Мен Убайдулла әл-Хайлааниге: «Зайд бізге бейнелерге қатысты хадисті айтпап па еді?!» - дедім. Ол: «Зайд бізге: «Киімдегі бейнені айтпағанда», - деп, «Айтқанын естімеп пе едің?» - деді. Мен оған: «Естідім, солай деген еді», - дегенін риуаят еткен» («Сахих әл-Бұхари», 7/168, «Сахих Мүслим», 3/1666).

Тағы бір риуаяттарда кәсібі суретші болған бір кісі Ибн Аббастан пәтуа сұрап келгенде, ол оған хадистегі ескертулерді айтқан. Сосын: «Егер де бұдан басқаны қаламасаң, онда мына ағашты және жаны жоқ бүкіл нәрселерді жаса!» - деп қайтарған. Сол себептен мұсылманға үйіне періштелердің кіруінен мақрұм қалмас үшін жанды нәрселердің суреттері мен мүсіндерін ұстауға, сондай сипаттағы кілемдерді еденге жаюы, қабырғаға ілуі, олардың үстінде намаз оқуы, сондай-ақ басқа киімі бола тұра, жанды нәрсенің суреті бар киімде намаз оқуы – мәкруһ тахриман. Бұл үкімнің мәкруһ болуы тек періштелердің кірмеуімен ғана емес, сондай-ақ олардың ақиретке қарағанда дүниені сүйкімді көрсете беруі және намаздағы көңілді алаңдата беруімен де байланысты. Әл-Қаасим Айша анамыздан (р.а.) сөйлеген риуаятында: «Оның суреттері бар көйлегі болып, оны сандықтың үстіне жайып қойған еді. Алланың Елшісі (ﷺ) намазды соған қарай бағытталып оқитын. Сосын оған: «Мынаны менен әрі ал!» - деген. Мен оны әрі алып, жастықтар жасадым», - деп айтқан («Сахих Муслим», 3/1668).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: