Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

             Алла Тағала он сегіз мың ғаламды, күллі адамзат баласын жаратты, оның ішінде пайғамбарлар ерекше жаратылған, ал пайғамбарлардың ішінде біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) өте ерекше жаратылған жан. Жүрегі «Алладан басқа ешбір құдай жоқ және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі» деп соғатын мұсылман қауымының ішінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) жөнінде білмейтін адам баласы жоқ деп ойлаймын.

            Алла Тағала Пайғамбарымызды (ﷺ) жаратылысынан көркем мінезді, аса сабырлы, асқан кішіпейіл, өте мейірімді етіп жаратқан. Оның (ﷺ) бойында әр адамзат баласының бойынан кездесе бермейтін барлық көркем мінездердің бар болғаны, Пайғамбарымыздың (ﷺ) дәрежесін одан ары көтере түсері хақ. Аса биік ақыл иесі Пайғамбарымыз (ﷺ) ешбір адамзат баласын кемсітіп, балағаттап, ар-ұжданына тиетін сөздер айтпаған, Хақ Жаратушының бойына бітірген ғажап мінезінің арқасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтар сөзін тыңдаушысына майда да көркем тілмен жеткізе білген.

            Алла Тағала Өзінің сүйікті құлы әрі Елшісі - Мұхаммедті (ﷺ) күллі адамзатқа пайғамбар етіп жіберді, ал оның (ﷺ) алдында Алла тарапынан келген пайғамбарлар (ғ.с.) тек нақты бір қауымға, елге ғана жіберіліп отырғандықтан, біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) пайғамбарлардың Пайғамбары және ең соңғы Пайғамбар. Қиямет күні Алланың құдіретімен Исрафил періштенің (ғ.с.) сырнайының үнінен тіріліп, бірінші болып қабірден тұратын да және сол күні бізге, өзінің үмбетіне, шапағатшы болатын, шапағатын тигізе алатын және шапағаты қабыл болатын да жалғыз пайғамбар ол – біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ).

            Алла Тағала біздің адал да әділ пайғамбарымыз Мұхаммедті (ﷺ) осы дүниеде де, ақиретте де басқа пайғамбарлардан ерекше жан иесі етіп жаратты, өйткені ол (ﷺ) - қиямет қайым күні күллі адамзат баласына шапағатшы болатын, жанына араша бола алатын жалғыз пайғамбар. Пайғамбарлардың пайғамбары Мұхаммедтің (ﷺ) басқа пайғамбарлардан өзге өзіне тән ерекшеліктері мен қасиеттері көп болған.

      Алла Тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) көркем де шешен тіл нәсіп еткен. Қас-дұшпандары Мұхаммедтен (ﷺ) қорқатын болған. Қиямет күнінің Иесі Алла Тағала Пайғамбарымыздың (ﷺ) дұшпандарының жүректеріне қорқыныш ұялатқан. Соғыстан түскен олжа халал болған және тек қана Пайғамбарымыздың (ﷺ) үмбетіне тиесілі болған.

          Алла Тағала Пайғамбарымыз (ﷺ) бен оның үмбеті намаз оқу үшін Жер бетін таза қылды, яғни намаз уақыты келген кезде әрбір мұсылман дәрет алып, жүзін Қыбылаға қаратып, Алла ризалығы үшін, намаз оқи береді. Мұхаммедті (ﷺ) Алла Тағала Өзінің ең сүйікті құлы етіп жаратты. Оның (ﷺ) төбесінде аптап ыстықтан қорғап, көлеңке түсіріп ақ бұлт жүретін-ді. Пайғамбарымыз (ﷺ) қайда бармаса да онымен бірге қорғап-қолдап періштелер жүретін.

    Алла Тағала үшін Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) барлық періштелерден, елшілерден, пайғамбарлардан және де барлық жаратылыстан қымбат. Әрбір адамзат баласы өлімнің дәмін татып, қабірде сұралу үшін тірілгенде олар: «Пайғамбарың кім деп?» сұралады. Мұсылман баласы қайтыс болғанда, туыстарына көңіл айтып, қайтыс болған марқұм Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) шапағатында болсын деп тілеп жатады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) ауырғанда қарапайым адамзат баласынан екі есе қатты ауыратын. Сол үшін де Алла Тағала Пайғамбарымыздың (ﷺ) дәрежесін басқа өлім иелерінен көтере түсетін.

            Алла Тағала Қасиетті Құран сүрелерін 23 жыл бойына Жәбірейіл періште (ғ.с.) арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) жіберіп тұрған. Пайғамбарымыз (ﷺ)  арқылы Құран Жер бетіне таралды.

            Алла Тағала күллі адамзат баласын өзіне құлшылық қылу үшін жаратқан. Сол адамдардың ішіндегі ең көп құлшылық қылушы, Жаратушыны мадақтап, дәріптеуші Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) болған. Оның дәлелі ретінде біздің күнімізге дейін жеткен хадистері – Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмір жолдары. Жаратушының нұры жауған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) өмір-баянын айтып ауызбен, жазып жазумен жеткізу мүмкін емес...

 Ақерке СЫДЫҚОВА

asyldin.kz 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: