Рамазанға дайынсыз ба?

Рамазанға дайынсыз ба?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қымбатты оқырмандар, әлемде болып жатқан коронавирус індетіне байланысты туындаған дүрбелеңге қарамастан биылғы оразаға да аман-есен жеткізе гөр деп Алла Тағалаға дұға жасауымызды үзбейік! Алла қаласа, санаулы күндерден кейін сағына күткен қасиетті Рамазан айы басталады. Сіз бен біз осы қасиетті Рамазан айында тағы да ораза ұстау мүмкіндігі мен бақытына ие болғанымыз үшін Алла Тағалаға алғысымызды білдіреміз. Қаншама адамның науқастығы себепті ораза ұстау мүмкіндігінен айырылғандығын ойлайтын болсақ, Алланың бізге нәсіп еткен Мейіріміне шүкір айтып, Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын дейміз. Рамазан жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер, сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» (2:183), - демеді ме? Неге мүміндерге, мұсылмандарға ораза парыз етілді? Неге біз ораза ұстаймыз? - деген сауалдарға жауап іздейтін болсақ, біріншіден, ораза - бұл ислам шарттарының бірі болып табылады; екіншіден, Алла Тағаланың қалауымен мүміндер мен мұсылмандардың бойында туа біткен бір қасиет, бір ерекшелікке байланысты дер едім.

Бұл – Аллаға деген тақуалық, бойсұнушылық. Тақуалық дегеніміз, сіз бен біздің күнәдән қашып, бойымызды одан аулаққа салуымыз. Алла Тағаланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылуымызда. Сонымен, оразаның нағыз мағынасы, Рамазанның нағыз мағынасы неде? Бұл жай ғана ораза емес, бұл Алладан үрейлену, тақуа болу және де адал өмір сүру, Жасаған Иеміздің, Жаратушымыздың қаһарына ұшырамайтындай өмір сүруіміз. Ендеше, осы Рамазан айында сіздердің бәрлеріңізге айтар үндеуім – барлық мүмкіндікті пайдаланып Аллаға сыйыну әрі едәуір көп игі істерді жасау, ораза ұстап және ғибадаттың басқа да түрлерін атқаруымыз, сондай-ақ, күнә жасаудан қашуға, сақсынуға және одан бойымызды аулаққа салуға тырысуымыз қажет. Өйткені егер біз өзімізді күнәдан қорғамасақ, ұстаған оразамызда, құлшылығымызда, оқыған  тарауық намаздарымыздан еш қайыр болмайды. Расында ораза нені білдіреді?

Ораза – таң рауандап атқаннан, күн ұясына батқанға дейін, Алла разылығы үшін, халал тамақтан, халал сусыннан, өз жұбайыңмен қатынаста болудан тыйылып қою ғана емес, сондай-ақ, ауыз, көз, құлақ – бір сөзбен айтқанда, жан мен тән оразасын ұстауды білдіреді. Ауыз, көз, құлақ оразасы дегеніміз не? Харам дүниелерден он екі мүшемізді сақтауымыз, яғни, ауыз өзімдікі деп өсек-аяң айтпау, көзімізбен тыйым салынғын дүниелерге қарамау әрі ғайбат, бос сөз естуден құлағымызды сақтау, демек күллі жамандық, күнә атаулыдан жан-тәнімізді сақтау және күнәнің жасалуына жол бермеу. Егер адам ораза ұстаса, онда ол харам дүние тұрмақ, халал дүниеден, рұқсат етілген дүниелерден де бас тартады. Асылында, біз осы Рамазан айында ораза ұстауға ниет етіп отырған болсақ, онда біз өзіміз үшін қатаң шешім қабылдап: «Не болмаса да, мен ешбір күнә жасамаймын әрі еш күнәға бой алдырмаймын», - деп ниет білдіруіміз керек. Ораза тек ішіп-жемге ғана қатысты еместігін жоғарыда айтып өттік.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Оразаның ақиқаты ішіп-жеуден тыйылуда емес. Бұл оңай. Әркім де ішіп-жеуден бас тарта алады. Ораза ақиқатында – күнәлі сөздерден, жат қылықтардан, бос сөз бен бейпіл ауыздылықтан  бас тарту».  Кез-келген күнәдан аулақ болыңыздар, әсіресе осы аталған күнәлардан аулақ болыңыздар. Жаратушы Алла Тағаланың басқа пенделерінің, құлдарының құқығын бұзатын күнәлардан бойымызды аулақ салайық. Ең бастысы, көбірек ғибадат жасау.  Алла Тағаладан бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр деп тілеймін. Әмин.

Ақерке СЫДЫҚОВА

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: