Имам Ағзам қатысқан бір жиналыста біреу: «Бір адам бар екен Жәннатты қаламайды, Жәһәннамнан қорықпайды, өліктің етін жейді, рүкуғсіз, сәждесіз намаз қылады, көрмеген нәрсесіне куәлік етеді, фитнәні жақсы көреді, хақты қаламайды, бұл адам кәпір ме әлде мүмін бе?» - деп сұрақ қояды.
Жиналыста отырғандардың бәрі бір ауыздан: «Бұлар кәпірдің сипаттары, мұндай адам кәпірдің дәл өзі» деп кесіп айтты. Имам Ағзам үндемеді. Адамдар: «Иә Имам, сіз не дейсіз?» деп сұрады. Имам Ағзам: «Бұлар мүміннің сипаттары, мұндай адам мүміннің дәл өзі» деді. Адамдар қарсылық білдіріп: «Иә Имам, мұныңыз қалай, мүмін Жәннатты қалап, Жәһәннамнан қорықпайды ма?» - деді. Имам оларға барлығын да түсіндірді: «Шын мүмін Жәннатты қаламайды, Иесін – Алланы қалайды, Жәһәннамнан қорықпайды, Иесінен қорқады, өлі ет дегені балықтың еті, көрмеген нәрсесіне куәлік етеді, өйткені Алланы көрмейді, бірақ та шын сенеді, рүкуғсіз, сәждесіз қылған намазы – жаназа намазы, фитнәні жақсы көреді, өйткені одан мақсат мал мен бала-шаға (Құранда мал мен бала-шаға мүміндер үшін фитнә (яғни, етмихан) екені туралы білдірілген), хақты қаламайды, өйткені хақтан мақсат өлім, мүмін де болса өлімді мақсат қылмайды».
Сондықтан қандайда бір нәрсе жайлы көзқарас қалыптастыруда асығыстыққа бой алдырмай, жан-жақты ойластырып, жеті рет өлшеп, бір рет кесу деген қағидадан айнымаған жөн.
asyldin.kz