Хазреті Омар ибн Хаттаб (р.а.) кішіпейілділік, қарапайымдылық, тақуалық қасиеттерімен танылған. Оның кішіпейілділігі жайында бізге жеткен хабарлар мен ел аузында жүрген мәшһүр әңгімелер өте көп. Соның біреуі мынадай. Омар ибн Хаттаб өзінің қызметшісі екеуі Шам еліне сапарға шығады. Сол кездегі мұсылмандар халифасы бола тұра ол қызметшісі екеуі бір түйеге кезектесіп мініп келе жатады. Түйеге мінетін кезек Омарға (р.а.) келгенде қызметші бала жерге түсіп, ноқтаны қолына алып, түйенің алдына түсетін.
Ал оның кезегі келген сәтте хазреті Омар (р.а.) баланы мінгізіп, түйені өзі жетелейтін. Шамға жақындағанда түйеге мінер кезек қызметші балаға келеді. Жолай судан өтеді. Ол аяқ киімін шешіп, түйені жетелеген күйде суды кешіп келе жатқанда алдарынан Шам әміршісі Әбу Убайда Жаррах (р.а.) шығады. Ол Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біреуі еді. Ол: “Ей, мұсылмандардың әміршісі, Шамның беделді кісілері сізді қарсы алуға шығады. Олардың сізді мынадай күйде көруі ыңғайсыз-ау,” - дейді.
Сонда хазіреті Омар (р.а.): “Расында Алла Тағала бізді Ислам дінімен мәртебемізді көтерді. Сондай-ақ, Алла Тағала жұмсақ, барлық істе жұмсақтықты сүйеді. Олай болса, мен қалайша қасымдағы балаға жұмсақтық етпей, үлкендік көрсетемін. Әлде сен Алла Елшісінің (ﷺ)қандай болғанын ұмыттың ба? Ол бізге өнеге еді ғой. Аяқ киімін өзі жөндеп, киімін өзі тігіп, жамайтын еді" – деген екен.
asyldin.kz