Хайбар бекінісін мұсылмандар бағындырған күні бір отар малын айдаған малшы Мұхаммед Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп жолығады.
- Уа, Алланың Елшісі, мен де мұсылман болғым келеді. Қаласаңыз, мына қойлардың бәрін мұсылман әскерлерге таратып берейін.
Алла Елшісі (ﷺ):
- Исламды қабылдау ниетің оң екен. Онда сені өзімізге бауыр деп білеміз. Алайда бұл қойлар кімдікі?
- Хайбардағы бір байдікі.
- Сен сол байдың малшысысың ба?
- Иә.
- Ендеше, бұл қойлар саған аманатқа берілген. Сондықтан, алдымен барып бәрін иесіне қайтар. Содан кейін барып арамызға қосыл.
Әлгі малшы айтылғанды істеп, аманат малды иесіне қайтарған екен. «Аманатқа қиянат болмас», - деген нақылдың тамыры тереңде жатқанын есімізден шығармайық.
asyldin.kz