Тоқаев: Ізгі қасиеттерді халық санасына сіңіру – сауабы мол миссия

Тоқаев: Ізгі қасиеттерді халық санасына сіңіру – сауабы мол миссия

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов оқып берді.

«Құрметті форумға қатысушылар! Баршаңызды игі дәстүрге айналған имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр. Имамдарымыз халық арасында рухани, ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы өте маңызды», - делінген құттықтау хатта. Президенттің атап өтуінше, бүгін де елордамыз әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары бас қосатын өркениетаралық диалог алаңы екенін мойындалған. «Биылғы Қазақстан халқына Жолдауда халқымыздың ұлы перзенттері – әл-Фараби, Абай сынды ойшылдардың еңбектерін кеңінен дәріптеу қажеттігін атап өткен болатынмын. Сондықтан, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту арқылы Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, ұлттық болмысымызды айшықтау – баршамызға ортақ парыз. Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, елордада өткен форумға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысты.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: