Қияметтің тағы бір үлкен белгісі – мүмінге «мүмін» деп, кәпірге «кәпір» деп таңба басатын жануардың шығуы. Алла тағала Құранда: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз. Ол (жануар) оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбейтіндіктерін айтады», – деген.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Үш нәрсе шықса, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді. Күннің батыстан шығуы, Дәжжал және жер жануары», – деп айтқан2.
Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісінен (с.а.с.) бір хадис жаттадым және оны әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Алла елшісінің (с.а.с.): «Ең бірінші бой көрсететін белгі: күннің батыстан шығуы және сәске кезінде адамдарға жануардың шығуы. Қайсысы бірінші шықса да, екіншісі артынша шығады», – дегенін естідім», – деп риуаят еткен3.
Әбу Умамадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жануар шығып, адамдардың мұрындарына таңба салады. Олардың көбейгені соншалық, түйе сатып алған бір кісіден: «Кімнен сатып алдың?» – деп сұраса; «Таңбаланғандардың бірінен сатып алдым», – деп айтады», – деген4.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жануар шыққан кезде онымен бірге Мұсаның (аләйһис-сәләм) асатаяғы мен Сүлейменнің (аләйһиссәләм) жүзігі болады. Кәпірдің мұрнына жүзікпен таңба салады, ал мүміннің жүзін асатаяқпен жарқыратады. Тіпті дастархандас отырған адамдардың бірі: «Ей, мүмін!» – десе, екіншісі: «Ей, кәпір!» – деп айтатын болады», – деген1. Ғұламалар бұл қандай жануар екендігі және қай жерден шығатындығы туралы әртүрлі пікірлер айтқан. Олардың ішінде дұрысқа жақынырағы, ол – Салихқа (аләйһис-сәләм) берілген мұғжиза аруананың ботасы және де ол Мекке жерінен шығатын болады.
"Ақырет өткелдері" кітабынан