Амалдар бір Алла үшін болсын!

Амалдар бір Алла үшін болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Қасиетті Құранда сиырдың сүтіне қатысты былай айтқан:

«Шын мәнінде сендер үшін малдар да, ғибрат бар. Малдың қарнындағы қанымен жынның арасынан шыққан ішушілерге сүйкімді нағыз сүтті сендерге ішкіземіз» (16:66). 

 Сүттің ішіне кішкентай ғана қыл-қыбыр түссе ашып кететіні сияқты ықылысқа Алланың разылығынан басқа нәрселердің, тіпті шыбынның қанатындай бөлігі  араласса, амалымыз зая кетеді.  Атақты Ислам ғұламасы Фудаил Ибн Ъияд: "Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу, ал ықылас – осы екеуінен де таза болу"- деген. 

Ықылас – істеген амалына Алладан өзге куәларды талап етпеу. Алла Тағала бұл турасында Құранда: «Олар Аллаға шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген» - деген (98:5). Ал келесі аятта Алла Тағала: "Ол (сондай Алла) сендердің қайсыларың амал қылуда жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» - деген (67:2).  Осы аяттың "амал қылуда жақсырақ" - деген бөлігі туралы Фудайл ибн Ъияд: "Амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны"- деп түсіндірме берген. Сонда қасында отырғандар одан: - Әй, Әбу Әли! Амалдың ең ықыластысы және ең дұрысы қандай болады? - деп сұрайды. Сонда ол: "Егер амал шынайы ықыласпен жасалынып, бірақ дұрыс болмаса қабыл етілмейді. Керісінше дұрыс болып, бірақ ықылассыз жасалынса және қабыл емес. Амал ықыласты және дұрыс болғанда ғана қабыл етіледі. Амалдың дұрыс болуы дегеніміз - сүннетке сай келгені, ал ықыласты болғаны – Жалғыз ғана Алланың разылығы үшін орындалғаны"- деп айтты да, сол сөзіне дәлел ретінде “Каһф” сүресінің 110–шы аятын оқыды: «Кімде–кім Раббысына жолығуды үміт етсе, салихалы амалдар жасасын және Раббысы үшін болған ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін!» Яғни амалдарын орындау барысында оның нәтижесін тек жалғыз ғана Алладан үміт етіп, адамдардан дүниелік мақсаттарды күтпей орындасын.

Жүректі тексеретін қос сұрақ - Адам баласы жасайтын әрбір амалы үшін, кішісі болсын, үлкені болсын екі сұраққа жауап беруі тиіс. Яғни, «не үшін жасап жатырмын?»  және «Қалай жасап жатырмын?» Бірінші сұрақ амалдың жасалу себебі мен онда көрсетілген мақсатты айшықтайды. Ол амал кездейсоқ жәй әрекет пе, жоқ әлде құлшылық хақын орындауға, Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, Оған жақын болуға және Оған апарар жолды талап етуге бағытталған амал ма?.. Ал, екінші сұрақ амалдың қалай жасалғанын көрсетеді. Яғни ол жасалынған амал пайғамбарымыз Мухаммедтің (ﷺ) үмбетіне әмір қылған істерінен бе немесе Алланың Өзінің Елшісінің тілінде орнатқан шариғатының бұйрықтарынан ба? Жоқ, әлде одан өзге нәрсе ме? Адамның нәпсісі үшін ең ауыр амал адамның нәпсісі жасаған амалы үшін мақтауды, көрініп қалуды, сол іс үшін сыйлық алуды сүйетін болғандықтан ықылас оған өте ауыр келеді. Сондықтан Сәһл Әт-Тустари (Алла оны рахметіне бөлесін): "Нәпсіге ең қатты тиетін нәрсе не?" - деген сұраққа: "Нәпсіге ең қатты тиетін нәрсе – ықылас. Себебі ықыласпен жасалған амалда нәпсінің ешбір үлесі жоқ", - деген. 

Мәселен намазды "жұрттың бәрі оқып жатыр ғой; жасым да келіп қалыпты, намаз оқымасам болмайды екен", немесе "ел намаз оқитын адам екен деп ойласын" деген мақсатпен емес, Алла Тағала адамды қияметте ең бірінші намаздан сұраққа алатын болғаны үшін, ол Жәннәттің кілті, күнәларымыздан тазалаушы, Аллаға жақындаудың ең биік шыңы, тілектердің қабыл болуының көпірі болғаны үшін оқысаңыз, ықыласпен орындаған боласыз

Әбу-Сағид Әд Худриден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): "Менің алдымда сендерге Масих-Дәжжәлдан да сендер үшін қорқынышты не екенін хабарлайын ба?» - деп сұрағанда, сахабалар: Иә, Алланың Елшісі, - дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ): Жасырын серік қосу — бір кісі намазға тұрып оқыған кезде басқа кісінің назары ауғандықтан өз намазын көркейтуі" — деп жауап береді.

Ықыласымыз сүттей таза, құлшылығымыз қабыл болсын, ағайын!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: