Сахабалардың бірі ибн Аббас (р.а) былай дейді:
Әдетте Пайғамбарымыз (ﷺ) ауырып жатқан науқастың көңілін сұрап барса, «Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады», - дейтін еді. Бір күні ол (ﷺ) тағы бір науқастың үйіне келіп, «Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады», - деп дұға жасады. Алайда, ауру жанын жеген әлгі сырқат адам:
- «Тазарасың» дейсіз бе? Жо-жоқ, бұл күннен -күнге үдей түсетін емі жоқ ауру ғой. Мен бұдан жазыла қоймаспын. Бұл аурудың соңы – өлім, - дейді амалы таусылып. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ):
- Егер өзің осыны қалап тұрсаң, әрине солай болады. Бірақ Алланың қалауынан асып кете алмайтыныңды ешқашан ұмытпа, – дейді. Осыны айтқан әлгі науқас ертеңінде, өзі айтқандай, шынында да сол ауруынан көз жұмған екен.
(Бұхари, 3616. “Фәтхул-Бәри” 8/294)
Демек, адам қандай жағдай болмасын, Алланың жәрдемінен үміт үзбеуі керек. Себебі, барлық күш-қуаттың Егесі болған (әл-Қауий) Алла Тағала үшін бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Ол мына әлем пайда болмай тұрған кезде де, күллі жанды-жансыз тіршілік иелерін жаратып, оларға жан берген еді. Енді сенің ауруыңды кетіріп, өзіңді сау адамдардың қатарына қосу Оған қиын деп ойлайсың ба?
Осыған байланысты
Дүние – бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған.
Аспаннан алпыс түрлі жауса бәле –
Сонда да күдер үзбе бір Алладан! –
деп біздің бабаларымыз қалай тауып айтқан десеңізші?!
asylarna