Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының кезекті отырысы басталды. Аталған жиын осымен 17-рет өтіп отыр. Онда съезге дайындық жұмыстары пысықталады,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырысты ашқан ҚР Парламент Сенатының төрағасы, Хатшылықтың жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дін адамзат тарихының қай кезеңінде болмасын, саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі болып қала береді. XXI ғасырда кең ауқымды материалдық, ғылыми-техникалық және зияткерлік мүкіндіктерге қарамастан, рухани даму — саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларына ортақ мәселе. «Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдың салдарынан және құдай жолындағы ізденісті қалқан еткен теріс әрекеттер нәтижесінде шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда. Жалған ұрандарды желеу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналды. Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдай мен сауаты төмен адамдарды өз мүдделері үшін пайдаланатын жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыстың ашылуында.
Хатшылық жетекшісінің сөзіне қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары да өзге дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті еріксіз таратуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сондықтан бүгінде жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызы. Олар діннің шынайы бет-бейнесін ашық көрсете алады.
«Осындай күрделі жағдайда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің диалогы мен келісімін одан ары ілгерілету жер бетіндегі ұзақ мерзімді тұрақтылықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл орайда тең құқылы диалог алаңы ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өзінің маңыздылығы мен құндылығын көрсетіп отыр», — деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі 10-11 қазан аралығында өтеді. Съездің ашылуына Сербия президенті Александр Вучич пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер қатысады. Отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.
kazislam.kz