Дін мен діл

Алғы сөз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ата-бабаларымыз сан жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамыр-тамырына қан жүгіріп, елімізде Ислам дінінің қарқынды дамып келе жатқаны баршамызға белгілі. Бұған республика көлемінде жүріп жатқан оң өзгерістер дәлел. Айталық, діни баспалардың ашылуы, бірқатар діни газет-журнал, интернет сайттары, БАҚ-та рухани тақырыптарға мақалалардың көбеюі, телеарналар мен радиода діни бағдарламаларға мүмкіншілік беріліп, тіпті тәулік бойына тек қана Ислам дінін насихаттайтын телеарнаның жұмыс істеуі, мектептерде дінтану пәнінің енгізілуі, жер-жерде мешіттеріміздің көптеп бой көтеріп,  ішіндегі жамағат қатарының күннен күнге көбеюі т.б. Осылардың қатарында тағы бір айта кететін қуанышты жайт - ол діни әдебиеттеріміздің де там-тұмдап қара молайтып келе жатқандығы. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері, білікті исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлының кезекті еңбегі «Дін мен діл» деп аталған екен.   

Осы тұста біз кітаптың атауына көңіл аудартпас бұрын әуелі мына жағдайды ескерте кеткенді жөн көріп отырмыз.

Жоғарыда атап өткендей, дін саласында мақтанып айтатын оң өзгерістер көп кездескенмен көлеңкелі жақтар да жоқ еместігі. Мәселен, қазір елімізде түрлі жамағаттар бой көтере бастады. Кейбірі бірден ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүріне шүйлігіп, «Батадан кейін бет сипауға болмайды, ол - бидғат», «Келіннің сәлем салуы - ширк», «Домбыра тарту - күнә» деген секілді «жерден жеті қоян тапқандай» жаңалық ашып, байыпсыз пікірлер таратуды әдетке айналдырды. Осы пікірлерге еріп, дәстүрлі құндылықтарды жатсынып, қырын қарайтындар да пайда бола бастағаны жасырын емес. Ал бұның ел ынтымағына қатер төндіріп, мұсылмандардың татулығына сына қағары белгілі. Себебі, көптеген жерлерде осындай біржақты түсініктердің нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушіліктер орын алып, арты дау-дамайға, ренішке соқтырып жатқан жағдайлар да кездесуде. Сонда ғасырлар бойы халқымыздың ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы мен мәтуруди ақидасы һәм озық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз іске жарамсыз болып қалмақ па? Халқымыздың дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпы дінге қатер туғызып отыр ма? Аясына түрлі ұлттар мен ұлыстарды қамтыған Ислам діні әр елдің өзіндік салт-дәстүрін қалай реттестірген? Ханафи мәзһабының  ерекшелігі неде? Міне, осының аражігін ажырату - қазіргі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы орайда, Құран аяттары мен хадистер негізінде, діни ереже-қағидаттар аясында  осы сұрақтарға кең көлемді әрі нақты жауаптар берілген «Діл мен діл» кітабының қазіргі қоғамға қаншалықты қажет екені сөзсіз. Өйткені еңбек қоғамдағы жауабын таппай отырған осындай келелі сұрақтарға жауапқа құрылған.

Осы тұрғыдан келгенде, кітаптың аты да затына сай қойылған деуге болады.

Дін - адамға екі дүние де дұрыс өмір сүрудің, Хақтың разылығына бастайтын ереже қағидаларын толық қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса, діл - халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрін, менталитеті мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері мен өзіндік ойлау жүйесін, жан дүниесін, адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіреді. Бүгінгі күні дін жанашырларының алдында тұрған міндет - осы екеуінің біріккен тұсын таба біліп, халыққа діннің де, дәстүрдің де ортақ тіл табысатын иігіліктерін ашып көрсету болып отыр.

Сондықтан аталмыш еңбекте  «Мәзһаб ұстану неліктен қажеттілік?», «Оқылған Құранды бағыштауға бола ма?», «Мәуліт бидғатқа жата ма?», «Музыка тыңдау харам ба?», «Шалбардың балағын тобықтан асырып кию күнә ма?», «Әлем пайғамбарымыздың құрметіне бола жаратылған деген сөз дұрыс па?» деген секілді бірқатар қазіргі қоғамда жауабын таппай отырған діндегі өзекті мәселелерге жауаптар қамтылған. 

Кітапқа көз жүгірткенімізде, ұзақ жыл Мысыр елінде араб тілін жетік меңгергені автордың қажетіне жарағанын көреміз. Бұны араб тіліндегі сексенге жуық ислами құнды дереккөздерін еркін қолданғандығынан байқаймыз. Бұл үлкен біліктілікті талап ететін, әрбір дін маманының тісі бата бермейтін жайт.

Қорыта келгенде, мақалаларымен түрлі діни тақырыптарға қалам тартып, БАҚ-тағы үгіт-насихат жұмыстарымен халықтың рухани сауатын арттыру жұмыстарына белсене кірісіп жүрген Қ. Жолдыбайұлының «Дін мен діл» кітабы - қазіргі қоғамның сұранысы мен талабынан туған таптырмайтын еңбек. Ылайым, дінімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін! Ел іргесі бүтін, ауызбіршілігіміз мықты болсын!   

 

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ

ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ