Бисмиллаһир-рахманир-рахим!
Адамзаттың адаспай Ұлы Иесін табуы үшін ғалам атты алып кітап жаратып, ондағы әрбір жаратылысты Өзінің құдайлығын паш етер жеке-жеке мөр, құдіреті мен шеберлігін нақыштаған бөлек-бөлек өрнек етіп безендірген Алла Тағалаға шексіз мадақ арнап, жан-тәнімізбен мақтау айтамыз. Осынау ғалам атты алып кітапты адамзаттың қатесіз оқуы һәм ақ пен қараны ажыратып, жаратылуындағы асыл міндеті мен мақсатын айқындауы үшін қолына Құран атты пәрмен беріліп, арнайы елші етіп жіберілген жаратылыстың гүлзәры, Хақтың сүйікті құлы - соңғы пайғамбар, ұлы ұстаз Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәллам) сансыз сәлем жолдап, шын жүректен салауат айтамыз. Сондай-ақ, Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәллам) пәк отбасы мен ардақты сахабаларына Жаратқанның игілігін тілейміз.
Ислам діні - соңғы дін, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) - ақырғы елші. Алла Тағала Құранда өзінің нұрын тәмамдайтындығын уәде еткен. Міне, сондықтан ғасырлар қойнауында Ислам дінінің басынан қаншама нәубет, небір сұрапыл замандар өтсе де, әлі күнге дейін ол өзінің пәктігі мен өзіне тән ерекшелігін жоғалтқан емес. Қайта уақыт өткен сайын бір түлеп жаңарғандай адамзаттың көңіліне көктем сыйлауда. Адамзат одан алыстаған сайын өздерінің қаншалықты құдайылық нұрдан қашықтағандықтарын сезіне түсуде. Сезінген сайын бұл иләһи нұрға құштар ұлты мән нәсілі бөтен, тілі мен ділі өзге, тіпті діні бөлек жандардың қатары күннен күнге көбейе түсуде.
Кешегі ұлт санасын улап, рухани құндылықтарымыздан айырған кеңестік дәуірде «өлді, бітті, келмеске кетті» делінген Ислам діні қайта келді. Тіпті келгенде де мүлдем өзгеше кейіпте. Құдды қыстың күнгі ақ қардың астында қалған ағаштар көктем келіп, күннің нұрына малынған сәтте қалай бүршік атып, келер жемісті сүйіншілегендей гүлдерін шашу етіп шашып, әп-сәтте жайқала түсетіні тәрізді Ислам да кешегі кеңестік қыстан соң лезде құлпырып шыға келді. Жастарымыз көптеп мешітке бет бұруда. Олар мешіттердің аздығынан қыстың қақаған аязына қарамастан жерге сыртқы киімдерін төсеп, аулада намаздарын өтеп жатыр. Олардың бұл іс-әрекеттеріне, нұрға толы имани жүздеріне қарап тұрып сүйсінесің.
Сүйсінесің де «дін дұшпандарының түрлі ақпараттық жолдармен күндіз-түні «ислам терроризмі» сынды нахақ жала жабуларына қарамастан бұларды құдайлық нұрға жүгірткен қандай күш? Жаһанданумен бірге келген жастық отын шарпып өтіп, бойдағы нәпсани асау сезімдерді қытықтайтын жаңа өмірдің қызылды-жасылды сән-салтанаты тұрғанда, оларды осынау мұсылмандық парызға бет бұрғызған нендей құдірет?» деген ойға батасың. Осы сәтте Жаратқанның: «Кәпірлер қаламаса да Мен нұрымды сөзсіз тәмамдаймын»[1] деген уағдалы аяты жадыңда жауап болып жаңғырады да, бойыңды әлдебір рухани сезім билеп, «Уа, құдіреті күшті Жаратқан Ием!» деген үнмен көңілің бір толқып тасиды.
Тәуелсіздіктен кейін жастарымыздың арасында шет елдерге діни білім алуға кеткендері де болды. Енді сол қарлығаштар бүгінде елімізге оралып, руханиятқа шөліркеген халқымызды ислам құндылықтарымен сусындатуда. Көптеген азаматтарымыз дінді ғылыми тұрғыда терең меңгеріп, кешегі жоғалтқан құндылықтарымыздың орнын толтыруда. Бұл - қуанарлық жайт. Әйтсе де, көңілге кірбің түсіретін екінші бір жағдай сол шет елдерде діни білім алған кейбір жастарымыз діни сауаты әлі толық жетіле қоймаған халқымызды өздері оқыған елдің мәзһабы мен діни мектебі бойынша үйретуге көшті.
Елдің, жердің ерекшеліктері мен тарихтың өзгешелігіне назар аударып та жатпады. Тіпті, кейбір біржақты оқып келген жастарымыз халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан, шариғатқа қайшы емес озық әдет-ғұрыптарына «бидғат» деген желеумен қарсы шыға бастады. «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп өзінің жан дүниесін домбыраға сөйлетіп келген қазақтың домбырасына «харам» деді.
Ғасырлар бойы халқымыздың, тіпті әлемнің жартысынан көбі ұстанып келе жатқан діни мектебі - ханафи мәзһабын толық зерттеп, зерделемей жатып, сыңарезулікпен оның дәлелдерін әлсізге санап, өздері оқыған жердің мәзһабтарын орынды-орынсыз халықтың санасына тықпалауға көшті. Соның салдарынан дінге құлшыныс артып, мешіттерді лық толтырған жамағат ынтымағына сызат түсті. Мешіттің төңірегінде дау-дамай орын алды. Әйгілі мұсылман ғалымдары әлдеқашан жауап берген мәселелер қайта қопсытылды. Діндегі ұсақ мәселелер күн тәртібіне қайта келтіріліп, жамағат арасында шешімі қиын мәселеге айналдырылды.
Дін ғылымы - өте нәзік әрі күрделі мәселе. Ислам дінінде мәселелер «Муттафақун а'лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі - нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бірауыздан келіскен мәселелері. Мұсылмандардың бір көзқараста болған осындай мәселелеріне қарсы шыққан адамға: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың», - деп айта аламыз. Бірақ «Мухтәлафун фиһ», яғни мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты Құранның нақты үкімі секілді қабылдау әрине қате.
Шариғаттың осындай тармақ мәселелерінде өзінің түсінген немесе үйренген көзқарасынан өзгеше ойлайтын адамдарды исламнан шығару тәрізді сыңай таныту - адасушылық. Шындығында, діннің тармақ мәселелерінде кеңшілік бар емес пе? Мысалы, музыка аспабын харам деген ғалымдар кездеседі. Ал адал деген ғұламалар бар ма? Бұған кейбір бауырларымыз көп мән берген жоқ. Келді де «домбыра - харам» деді. Ең болмаса, «кейбір ғалымдар дұрыс әуенге адал деген» деп те айтпады.
Батадан кейін бет сипаудың негізі жоқ, «бидғат» деп түсінген бәзбір бауырларымыз дәл осы түсінігін халық арасында жая бастады. Бет сипау - көптеген мұсылман елдерінде бар. Ендеше олар қандай негіздерге сүйенеді? Бет сипаудың дұрыстығын айтқан ислам ғұламалары бар ма? Оны зерттеп-зерделеуге сәл де болса құлшыныс танытпады. Нәтижесінде ғасырлар бойы батадан кейін бет сипап келген халқымызға «бет сипауға болмайды» деген пікірді айтып жүргендер өзге дінді насихаттап жатқандай көрінді.
Содан барып халық әлгіндей бауырларымызға түрлі айдарлар таға бастады. «Балақты тобықтан асып тұратындай ұзындықта киюге болмайды» деген фәтуаны ұстанған кейбіреуі елге келген соң мұсылмандардың балағына жармасты. Осыдан барып халық пен олардың арасында түсінбеушілік орын алды.
Осы орайда өз басымнан өткен мына бір оқиғаны айта кеткім келеді.
Бірде маған араб елдерінің бірінде оқып жүрген жас жігіт келген еді. Аз-кем сөйлескеннен кейін мен оған ағалық ақылымды айта бастадым. Қарасам, шалбарының балағын шолтитып кесіп тастаған екен.
Мен оған «Інім Қазақстан араб елі емес. Сенің мына жүрісіңді көпшілік дұрыс түсіне бермейді. Бір балақтың кесірінен уағызыңның пәрмені азайып кетеді. Балақты қысқа етіп кию - бәлкім үстіне ұзын ақ көйлек, астыңғы жағына тобыққа жетпейтін штан мен жалаң аяқ тәпішке киген климаты ыстық араб жерінде өзінше жарасып-ақ тұрар. Алайда бізде үстіңе костюм киіп, шалбарының балағын шолтитып қысқартсаң көзге ерсі көрінеді дегендей шынайы жанашырлық ниетімді айттым. Балақты тобықтан асырып киюге болатындығына байланысты бірқатар ислам ғұламаларының көзқарастарын да келтірдім.
Қарасам, әлгі жігіт менің айтып отырған сөздеріме де, ислам ғұламаларының пікірлеріне де назар аударар сыңайы жоқ. Мен дереу оған кітап сөрелерімдегі Ибн Тәймияның жиырма томдық фәтуалар жинағынан «Балақты тобықтан төмен түсіріп киюдің харамдығы тәкәппарлық ниетіне байланысты» деген мәндегі фәтуасы жазылған бетін аштым да, «Ибн Тәймияның мынандай да фәтуасы бар, оқып көрші» дедім. Әлгі жігіт Ибн Тәймия дегенде барып селт етті. Оқып болғаннан кейін «Мен Ибн Тәймияның мұндай фәтуасы бар екенін білмеппін» дегендей сыңай танытты. Мен қатты таңғалдым.
Ислам әлемінде Ибн Тәймиядан басқа қаншама ғалым, ғұлама бар. Ибн Тәймияны қателеспейтін тұлға іспетті көру, оның айтқандарынан өзгеше ойлауды исламнан шығу секілді сыңай таныту - әрине қате пікір әрі ғылыми ұстанымға да жатпайтын біржақты қыңырлық.
Белгілі бір ғалымдардың пікірінен өзгеше ойлауды исламнан шығудай көретін немесе мүлдем қате санайтын әлгіндей бауырларыма пайдасы тиер деген ниетпен осы кітапта кей мәселелерді түсіндіру барысында діни көптеген көзқарастарына қосылмасақ та, Ибн Тәймия, Насруддин Әлбани секілді тұлғалардың пікірлерінен де үзінділер келтірдім.
Мен бұлардың бәрін әлдебіреулерді жамандау үшін тізбектеп айтып отырған жоқпын. Айтпағым, жастарымыз діннің «мұхталафун фиһ» мәселелерінде кеңірек ойлануы қажет.
Тармақ мәселелердегі белгілі бір көзқарас үшін ағынға қарсы жүзбей, елдің ынтымағы мен бірлігін басты назарда ұстап, бүлікке жол бермесе екен деймін. Халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсап келген Ислам діні енді-енді қарқындап дамып келе жатқанда, танымымыздың таяздығы мен санамыздың саяздығынан оған кесір тигізіп алудан абай болған жөн.
Құдайға шүкір, кейбір азаматтар алғашқы келген кезде жоғарыда айтылған қателіктерді жіберсе де, кейіннен уақыт өте келе өз ағаттықтарын түсінді. Елдің жағдайын көріп, шынайы өмірге араласа бастағаннан соң ойланды. Ислам дінінде өздері үйренген мектептерден басқа да дұрыс мектептердің бар екенін, Ислам әлеміндегі өзге ғұламалардың пікірлері мен көзқарастарымен де санасу қажеттілігін ұқты. Мұндай азаматтарға Алла разы болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Сондай-ақ қазіргі үлкен проблемалардың бірі - жоғарыда айтылған ұлттық бояуға, әдет-ғұрыпқа қайшы келетін көзқарастарға реакция ретінде кейбір ұлтжанды азаматтардың (исламтанушы маман болмағандықтан) ешбір діни ереже-қағидаға сүйенбестен, нұрлы ақылмен емес, жалаң сезіммен аттандап қарсы шығулары болды. Олар «ғұрыптың да озығы мен тозығы бар» деген шындыққа қарамастан дінге анық қайшы келетін кей әдеттер мен ырымдарды да арашалауға кірісті. Шет елден оқып келгендердің барлығын жаппай халық жауына айналдырып, оларға түрлі айдар тақты.
Өздері секілді ойламайтындардың бәрін, тіпті ханафи мәзһабын ұстайтындарды да адасқандардың қатарына қосып, бұқаралық ақпарат құралдарында ғайбат пен өсектің түр-түрін өрбітті. Ғылымилықтан алшақ сыңарезу мұндай пікірлер қоғамдағы мәселені шешкен жоқ. Керісінше, ушықтырды. Ел арасында жаңа түсініспеушіліктер туғызды.
Мұсылман баласы қандай да бір түйткілді мәселені аттандап, құр айқаймен шешпеуге тиіс.
Парасаттылыққа, түсіністікке, сондай-ақ ғылымға сүйенген ағартушылық, бұл - кез келген дерттің емі. Бір жақты ойлау, астамшылдық жасап артық кету, бұл - шынайы ғылымның жолы емес. Өзін ақтап, ұстанымын жақтау үшін өзі секілді ойламайтындардың бәрін түрлі жолмен қаралап, тілін былапыт сөздермен былғау, жеке басының мәселелерін араластыру мұсылманшылыққа жат. Ондай жолдың пайдасынан зияны басым. Ендеше, ең әуелі тақырыпты жан-жақты зерттеп, зерделеу арқылы халыққа мәселенің мәнісін ашып көрсетуіміз ләзім. Сонда әлгіндей бауырларымыз ойланар. Ең болмаса, олардың да өзіндік шариғи дәлелдері бар екен деп астамшылдықтан қайтар.
Қолыңыздағы кітапта қазіргі қоғамда көп сұралған өзекті мәселелердің жауабы беріліп отыр. Шынтуайтында, бұл сұрақтардың көбісі исламның негізгі тақырыптары емес, ұсақ мәселелері. Бірақ кейбір адамдар мұны жөні жоқ даурықтырғандықтан, бүгінгі таңда жамағат арасында өзекті мәселеге айналып отыр.
Сұрақтарға берген жауаптарымыз исламның белді ғалымдары мен классикалық қайнар көздерінен таңдалды. Мақсатымыз - халқымыздың бірлігі мен ынтымағына ұйытқы болып, сол жолда аз-кем өз үлесімізді қосу. Қай жолдың дұрыстығын біле алмай, абдырап қалған халыққа жол көрсетіп, бағыт сілтеу. Сұрақтарға ханафи мәзһабы мен мәтуруди ақидасы, әһлі сүннет бағыты бойынша жауап берілді.
Алайда біз бұл жауаптарымызбен басқа сүнниттік мәзһабтарды түгелдей жоққа шығарудан да аулақпыз. Мақсатымыз - ханафи мәзһабы мен мәтуруди ақидасының да өзіндік шариғи дәлелдерге сүйенетіндігін білдіріп, қазақ жерінде ғасырлар бойы халқымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтап, діни дүрдараздықтан аман ғұмыр кешкен тарихын аңдату болмақ. Құдай қаласа, кітаптың екінші томында бұл жолы қамтылмай қалған басқа да мәселелердің жауабын жазу жоспарда бар.
Сөз соңы, Ұлы Жаратушымыздан баршамызды ақиқаттың ауылынан адастырмай, ынтымағы жарасқан ел болып ғұмыр кешуді, өзіне шынайы құл болып, екі дүниеде де бақытқа қол жеткізуді нәсіп етсін деп тілек тілейміз.
Осы кітаптың жазылуы мен жарыққа шығуына септігі тиген баршаға алғысымды білдіріп, Жаратқанның разылығын жалбарына сұраймын.
Қайрат жолдыбайұлы
Алматы қаласы, 31/12/2009 ж.
--------------------------------------------------------------------------------
[1]«Тәубе» сүресі, 32-аят, «Саф» сүресі, 8-аят.
--------------------------------------------------------------------------------