Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себеп- терге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А'зибтің риуаяты бой- ынша:
«Аллаһтың Елшісі (с.а.у.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын - ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», - деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.