Дінімізде көршілік қарым-қатынас адамға туыстық ақы секілді, тіпті одан да артық міндеттер жүктейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) былай деген: «Көршінің ақысы олардыңынтымағы мен байланысының дəрежесіне орай үш сатыдан тұрады. Үш ақысы да түгелкөршілер – əрі мұсылман, əрі тегі жақын (туыс) саналатындар. Бұлардың көршілік, Исламжəне туыстық ақылары əрдайым өз күшінде. Екі ақысы бар көрші – мұсылман көрші. Оныңкөршілік жəне мұсылмандық ақысын орындау шарт. Бір ғана ақысы бар көрші – діні жаткөрші».
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бірде: «Көрші ақысының не екенін білесіңдер ме? Көмек сұрағанда жəрдем жасауға тиіссің, демеуіңе мұқтаж болғанда аянбауың шарт. Қарыз сұраса бер, əл-ауқаты төмендесе, оның мойнындағы алашағыңды кешіргенің дұрыс. Ауырғанда халін біліп, отбасы қара жамылғанда жаназасына бар. Қуанышына ортақтасып бірге қуанып, тағдырдың тауқыметін тартып, өмірдің мехнатын кешіп жүрсе жұбату парызың. Көршінің рұқсатынсыз үйіңді оның үйінен биік етіп салма. Ешқашан зорлық көрсетпе. Аздаған нəпақа тапсаң да, көршіні құр қалдырмай ауыз тигізгейсің, қолыңдағың үй ішіңе жетер-жетпес болса, тапқаныңды көршіңе көрсетпе, бала-шағаң аулаға алып шықпасын. Себебі, көршінің баласы оны көріп қызығады. Ас дайындарда тамақтың иісін аңқытып көршінің аш құрсақ балаларына сездірме. Əйтпесе, көршіге де дəм татыратын бол. Сендер көрші ақысының не екенін білесіңдер ме? Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, көрші ақысын тек Алланың мейіріміне бөленген адамдар ғана толық орындай алады», – деген.
Шынайы өмірде біз туыс-тумаларды оқта-текте бір көрсек, көрші-қолаңмен күнде жүздесеміз. Сондықтан, іргемізге қатар қонғанның ақысына барынша ыждағатты болуымыз қажет. Алла тағала Құран кəрімде былай дейді: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған серік қосушы болмаңдар. Жəне əке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, пақыр-міскіндерге, алыс-жақын көршіге жол серік болғанға, жолда қалғандарға жəне қол астыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен, Алла тəкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят). Аятта бөгде көрші деп үйі шалғайдағы, не болмаса туыс емес жəне діні бөлек көрші айтылса, жақын көрші деп үйі жақын, не болмаса қаны мен діні бір туыс айтылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Жəбірейіл маған көршіге жақсылық жасау туралы көп айтқаны соншалық, көршіні көршіге мұрагер қылады-ау деген ойлап қалдым», – деген еді.
Бірде Əбу Зарға (р.а.): «Əбу Зар, ас қатығың болмаса, көже пісіргенде суын көбірек қылсаң да көршілеріңе дəм татыр», – деген болатын. Бір табақ көжеден көршінің қамын күйттеген Ислам жүйесінің əділ жолын ұғына білсек, қоғамымыз айтарлықтай гүлденер еді. Өздеріңіз білетіндей, күні бүгін де қалалы жердегі көп қабатты үйлер бірінің үстіне бірі мінгесе соғылғандықтан, адамдар бір-біріне етене жақын өмір сүреді. Десек те, кірпіш пен тас қабырғалар адамды жұтып қойған тəрізді, біреуді біреу біліп болмайды. Мұндайда көршінің қамын ойлап, уайымын жейтіндер некен-саяқ. Ислам нұсқағандай көрші мен көршінің арасындағы ізгілік пен ынтымақтың тамырына əлдеқашан балта шабылғандай. Бір сөзбен айтқанда, біз осы жағдайды түзеп, тек Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) , Құранның нұсқауына орай көршілерді ойлап, оларға көмектесуіміз керек. Əбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бірде үш қайтара: «Уаллаһи, иман келтірген болмайды», – дейді. Сахабалар: «Кім иман келтірген болмайды? – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Зияны тимесе екен деп көршісінен сескенетін адам», – дейді. Басқа бір риуаятта «Көршісінен қауіптенетін адам жаннатқа кіре алмайды» деп айтылған. Əбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) былай деген: «Уа, мұсылман əйелдер, көрші тұрған ақ жаулықтылар бір-біріне сый-сияпат жасауды ескерсін. Бір-біріне қойдың сирағын ұсынып болса да, жоқшылықты сылтауратып, байланысты үзбесін».
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) көршімен көршінің арасындағы татулықтың туын тұғырынан құлатпауды шаңырақтың отанасына тапсырған. Мұның себебі, əдетте қазан-ошақтың билігі əйел затының қолында болғандықтан болар. Көршіңіз не берсе де қомсынбай ризалықпен ала біліңіз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Алла үшін ұсынылған нəрсенің көлемі болмайтынын айтқан. Сондықтан, көршінің ақ ниетпен əкелген базарлығын риясыз көңіл хошымен қабыл алып, алғыс айту қажет.
Əбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) «Үйінің өз ауласы жағындағы қабырғасына шеге қаққысы келген көршісінің қолын байламасын» деп өсиеттегенін айтады. Əбу Хұрайра (р.а.) хадисті жеткізген соң жанында отырғандарға: «Неге осы сүннетті орындауға күш салмайсыңдар? Уаллаһи, сендер жалғастырып əкеткенше өзім осы сүннетті орындауға тырысып бағамын», – деген екен. Тағы да Əбу Хұрайра (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Алла пен ақырет күніне сенген кісі көршісінің мазасын алмасын жəне қонағын разы қылсын. Алла пен ақырет күнінің кəрінен қорыққан адам тым болмаса пайдалы кеңес берсін, не болмаса үндемесін», – делінген.
Бірде Айша анамыз (р.а.) «Екі қоңсымның қайсысына сый-сияпат берейін?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Есігі жақын тұрғанына бер», – деп жауап қатқан.
Абдуллаһ ибн Омардың мына бір сөзі тақырыпқа талғажау боларлық: «Қиямет күні қаншама
көршілер шағым жасап: «Уа, Раббым, ол маған білгенін үйретуден қашты, есігін тарс жапты», – деп кейістік білдіреді». Бұл аталы сөз мүминнің басты тəблиғ (дінді баян ету. Автор.) міндетін еске салады. Дінді насихаттаудың талаптары Ислам құндылықтарын əркез əркімнің санасына құя білу, жүректерге иман нұрын ұялату секілді қасиетті де сауапты іске құрылған. Мүмин көрші-қолаң, құрбы-құрдас, əріптестеріне дін-иман тақырыбында білгендерін баяндап, оларға сөзімен де, өнегелі ісімен де үлгі болуға талпынуы тиіс. Əйтпесе, мақшар таңында өз көкейіне түйгенін өзгелерге үйретуге сараңдық танытқан білгірдің кебін киеді. Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткен хадис былай дейді: «Алла тағала жолдастың жақсысын жолдасына пайдасы тигені деп біледі. Сондай-ақ, Алла тағала көршінің жақсысын көршісіне пайдасы тигені деп біледі».
Əлдекімнің тасы өрге домалап, басына бақыт құсы қонса, Аллаһтың берген бұл нығметіне көршінің де ортақ екенін төмендегі хадистен білеміз: «Бір кісі Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) келіп өзінің киерге киім таппаған кедей екенін, жыртығына жамау сұрайтын ешкімі жоғын айтып мұңын шақты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) одан көршісінің бар-жоғын сұрады. Ол көршісі бар екенін жəне оның қос жамылғысы барын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Сенің жалаңаш жүргеніңді біле тұра көйлегінің біреуін бермеді ме?» – деп сұрады. Əлгі адам: «Берген жоқ», – деп жауап қатты. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Ол сенің бауырың емес», – деп кесіп айтты».
Абдуллаһ ибн Мəсғудқа (р.а.) біреу келіп: «Менің бір көршім бар. Үнемі мазамды алып балағаттайды, жолымнан қалдырады», – деп шағымданды. Сонда Абдуллаһ ибн Мəсғуд (р.а.) оған: «Бара ғой, ол сенің құқыңды бұзып, Аллаһқа асылық қылған болса, сен оның ақысына орай Аллаһқа тағат қылып, ақырын күт», – деп жауап берген екен. Демек, көршінің ақысы олармен тату-тəтті өмір сүру ғана емес, көрсеткен оғаш қылығына да төзе білу екен. Төзіп қана қоймай, жамандығына жақсылық жасау тіпті оңды амал.
Бір кісі Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) келіп: «Уа, Алланың елшісі, істеген ісімнің жақсылық немесе жамандық екенін қалай білемін?» – деген сұрақ қояды. Бұған Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Көршілерің саған жақсылық жасадың десе жақсылық, жамандық жасадың десе істегенің жамандық болады», – деп жауап берген екен. Ибн Мукаффа анда-санда көрші үйдің көлеңкесінде саялап демалатын. Бірде сол көршісі қарыздарын өтеуге қаражат таппай, үйін сатпақ болады. Мұны естіген ибн Мукаффа: «Көршім жоқтық қысып үйін сатуға мəжбүр болса, көлеңкесінің қадірін білмегенім ғой» деп, көршісіне үйдің құнын беріп сатқызбай қойған екен. Əбу Жəмре хазірет Хасанға (р.а.) таразыдан жейтін, ішімдік ішетін, əйелдермен жөн-жосықсыз көп сөйлесетін бейпіл ауыз көршісінің дүние салғанын айта келеді. Сонда хазірет Хасан: «Бар, мəйітін жуып, жаназасын шығар, намазын оқы. Себебі, бұл мұсылманның мұсылман алдындағы соңғы ақысы», – деген екен.
Баяғыда бір кісінің үйінде тышқанның іні көбейіп əлгі кісі қанша тырысса да тышқандардан құтыла алмай амалы құрыпты. Мысық ұстамайсың ба дегендерге: «Мысықты көрген тышқандар көршінің үйіне қаша ма деп қауіптенемін. Өзіме қаламаған нəрсені көршіме тілеп не қылайын», – дейді екен. Рас, өзімізге тілегенді көршімізге де тілемейінше, кəміл иманға жеттік дей алмаймыз. «Пəлен деген əйел күн ұзаққа ораза ұстайды, түні бойы құлшылық етеді. Бірақ, көршілеріне жəбір көрсетеді» дегенде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Ол отта жанады», – деп өкініш білдірген екен. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) тек парыз намаздарын оқып, парыз садақаны ғана берген, бірақ көршіге жұмсақтық танытқан əйелдің жайы сұралғанда, оның жаннатқа баратынын айтқан.
Тарих қатпарларына үңілсек, кеңестік сұрқай саясат бүлдіргенге дейін, қазақта ізін суытпай ғасырлар бойы жалғасын тауып келген көршілік дəстүр былайша суреттелген: «Кезінде халқымыздың терең мəнді, келісті, əдемі салт-дəстүрі бар еді. Көршілер күнде ертемен бір-бірінің тықырын естіп, төбесін көрісімен, дауыстап сəлемдесіп, қол берісіп амандасатын еді. Кешқұрым да күндізгі шаруаларын жайғастырған соң, үлкендер ауыл сыртында бас қосып, жаңалықтарын айтысып, осы күнгіше айтқанда, «ақпарат алмасып», бір-біріне, тұтас ауылға қатысты ертеңгі істерін келісетін еді. Аз уақыттық болса да əңгіме-дүкен, əзіл-қалжыңдарына бір жасап қалатын еді. Кішкентай балалар да үлкендердің осы бір шүйіркелесулерін мерекедей көріп, мəз болып, араларында жүретін еді. Көршіліктің жан марқайтар рухын жүректеріне дарытып, кейін үлкейгенде, соны өздері айнытпай қайталайтын еді.
Алыстан ағайын, құда-жекжат, құрметті қонақ келе қалғанда немесе үй иелерінің бірі сапардан оралғанда, көршісі сəлем беріп шығатын еді. Отағасының өтінішімен қонақтармен бірге отырып, əңгімелесіп, өткен-кеткенді сөз етіп, кейде оны əн-жыр, терме, дастандарға, күйге ұластыратын еді. Осының бəрі балаларға ел өмірі, тіл-өнер туралы сабақ, дəстүр-салт, тарих мектебі, əдеб-инабат тағылымы болып саналады. Олар – зорлаусыз, міндеттеусіз, сұраусыз, бірақ жас баланың жан дүниесін баурап алып, ақыл-ес жəне көркемдік-сезімдік зердесінде өшпестей болып жазылатын дəрістер болған. Ауырып-сырқап қалғанда, көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімді атқарысу өз алдына, үлкендері жолаушы кеткен көршінің отбасына қарайласып, бас-көз болып, шаруасын, мал-жанын түгендеп, ақыл-кеңес беріп, шамасы жетпей, қолынан келмей жатқан жерлерін жөндеп жіберетін еді. Момын, əлсіз, ауру, жас немесе кəрі көршінің біреуде кеткен есесін іздеп, қуысатын еді. Соғымға сойылған малдың басына шақырысып, əйелдер жағы дəмді, əуес тағамдарын бір-біріне аяқ-табақпен балаларынан беріп жіберетін еді. Ауық-ауық бір-біріне дəм татқызар еді. Мұның бəрі ара дəнекер, ынтымақ, ауызбірлік ұйытқысы, сенім кепілі рөлін атқаратын, нақты мəнге ие болатын».