Ішімдік қойылатын тойларға баруға бола ма?

Ішімдік қойылатын тойларға баруға бола ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Дастарханға арақ-шарап қойылған тойларға баруға болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз: «Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адам ішімдік қойылған дастарханға әсте отырушы болмасын» деп қатаң айтқан.

Қазақ халқының «топырақты өлімнен, торқалы тойдан қалма» дейтіні бар. Сондықтан қазақ халқының Совет-тажалдың құрсауынан босанып, қол-аяғын жия бастағанына жиырма жылдай болса да әлі де ішімдіктен толық арыла қойған жоқ. Тіпті, құда-құдағи болып жарысып ішіп жараса қалатын «өнерлері» де әлі күнге дейін біреулерге «өнеге» болуда. Егер осындай қатып қалған түсініктегі ағайын-туысыңыз тойына шақырып, сіз бармай қалсаңыз қатты ренжитіні тағы бар. «Араласпасаң жат боларсың» деген мәтел тағы бар. Сол себепті «мен тақуалыққа бет бұрдым» екенмін деп ағайыннан ат құйрығын үзісіп, туыс-бауырдан жырақ жалғыз өмір сүре алмайсыз. Сіз білгеніңізді оларға айтпасаңыз олар кімнен біле алсын?!

Айтпай кетсеңіз күн ертең ғарасат майданында «бізге неге естіртпедің?» деп жағаңыздан алары тағы бар. Ислам дінінде ағайыннан амандық сұрасып, қарым-қатынас жасаудың парыздығы тағы бар. Сондықтан тойдан бұрын сол ағайынмен амандық сұрасып, «арақ – атадан қалған ас еместігін» білдіріп, ата-бабасының ұстанған дінін насихаттаған жөн. Һәм бұл күндері қазақ халқының басым көпшілігі тойды ішімдіксіз өткізетін болған. Егер сол ағайын сізді түсінбей Советтің «мирасынан» бас тартпаймын десе, сіз сабыр сақтап, жылылық қалпыңызды бұзбай тойға атағаныңызды алдын-ала беріп, шаңырағыңызға қайтқаныңыз жөн. «Тойға қатыспасам ағайыннан ұят болады» деп Алладан ұялуды, Алладан қорқуды ұмытуға болмас! Сөзімді қытайдың бір ұйғыр жігітінің осыдан бір-екі жыл бұрын басынан өткен әңгімесімен аяқтайын. «Бірде қытайдың он жігіті мұсылман болды. Жастары отыз-қырық шамасында еді. Бәрі де іскер, бай-дәулетті еді. Содан көп өткен жоқ. Олар бір күні маған: «Біз Меккеге барып Қағбаны, Мәдинаға барып Пайғамбардың мешітін көргіміз келеді. Қанекей, жол баста!», деді.

  Бәріміз бірге жолға шығып ұшаққа мінгенде, мен оларға «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін жаттатып намазды үйрете бастадым. Олар Қағбаны алғаш көргенде қатты қайран қалды. Бейне бір жылдар бойы жете алмай сағыныштан көкірегі қарс айырылып жүрген мұсылманша, Қағбаны құшақтап сүйіп, ұзақ жылады. Олардың осы көз жастары Қағбаны тауап еткенде де, намазға тұрғанда да, сәждеге жығылғанда да үдей түспесе, азая қойған жоқ. Оларға сол күнге дейін ұстаз болып жол бастап барған мен, бірте-бірте олардың қасында аласарып, оларға шәкірт болып бара жаттым. 

Жүріс- тұрыстары, құлшылықтары күннен-күнге салихалықтың биігіне қадам басты. Әсіресе, араларындағы біреуі өзгелерден ерекше болды. Танымастай болып өзгеріп сала берді. Тура тумысынан Меккеде өскендей. Аздап әзілкеш болатын. Сол қылығынан жұрнақ та қалмапты. Күн ұзаққа Қағбаның жанынан бір елі ажырамай, көп намаз оқып, кейде сағаттарша содан көзін алмай жылап отыратын болды. Бір күні мен қонақ үйден келсем, тағы да Қағбаның жанында қолын жайып дұға етіп, көз жасын көл етіп отыр екен. Қасына жайлап барып отырдым. Бір кезде ол маған қарап: «Бауырым! Осы Ислам дінінде арақ-шараптың үкімі қандай?», -деп сұрады. Оның Қытайда үлкен арақ фабрикасы бар болатын. Іштей «Шындықты айтсам күмәданып жүре ме» деп ойлап, «Енді, былай ғой» деп күмілжи жауап бере бастап едім ол менің ойымды оқып қойғандай: «Күмілжімей шындықты айт!» деді.

Мен оған арақтың дінімізде харамдығын және оның хикметін әңгімелеп айтып бердім. Сол мезет ол Қытайдағы інісіне телефон соғып: «Інім, арақ Ислам дінінде харам екен. Сондықтан арақ фабрикасын бүгіннен бастап жауып таста!», деп бұйырды. Інісі: «Оны жабатын болсақ біз тақырға отырамыз» дей беріп еді ағасы, «Жап, деген соң жап! Барған соң өзім реттей- мін» деп сөзді қысқа қайырды. Ертеңіне ол мені тағы әңгімеге тартып: «Бауырым! Ислам дінінде әйелдердің бет-әлпетін бояудың үкімі қандай?»,-деп сұрады. Мен кешегі оқиғадан соң не дерімді білмей тұр едім ол: «Қане, шындықты айт!»,- деді. Мен Ислам дінінде харамдығын айтып бердім. Ол тағы да інісіне телефон шалып: «Інім, сәндік салондардың бәрін жап, Ислам дінінде ол да харам екен»,- деп айтып салды. Телефонның арғы жағындағы дауыс «Онсыз-да кешегіден соң жағдай қиындап тұр» дей беріп еді, оның сөзін тиып тастап: «Уайымдама! Барған соң өзім реттеймін» деді. Мен де оған: «Бәрін бұлай бірден жауып тастап тақырға отыруға болмайды. Оның жолдары былайша»,- дей беріп едім ол: «Бауырым! Сен араласпа!», деп сөзімді тиып тастады. 

 Бірнеше күннен соң біз Мәдинаға жол тарттық. Біз Мәдинаға жақындағанда ақшам уақыты болатын. Олар қазіргі емес, бұдан он бес ғасыр бұрынғы Мәдина қаласына келе жатқандай, аздан соң алдарынан Алла елшісі (аләйһис- саләту уәс-сәләм) шығып қарсы алатындай күйде еді. Сол кезде менің есіме мына хадис оралды: Бір күні Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Бауырларыма сәлем!» дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Біз сенің бауырларың емеспіз бе?» деп сұрайды. Ол (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Сендер менің сахабаларымсыңдар. Бауырларым кейін келеді» дейді. Міне, дәл қазір сол бауырлары келе жатқандай еді. Тіке Пайғамбарымыздың мешітінде намаз оқыған соң түн ауа қонақ үйге қайттық. Бірақ әлгі жігіт қана мешітте қалып қойды. Таңертең келгенімізде біз оның әлі Пайғамбарымыздың «Менің қабірім мен мінберімінің арасы жаннат бақтарының бірі» деп көрсетіп кеткен жерде жасыл кілемнің үстінде намаз оқып отырғанын көрдік. Түні бойы Пайғамбарымызбен бірге отырғандай еді. Бір сәт ойға шомдым. «Мұсылманбыз» деп, көкірек қағып жүрген біз кім, бұлар кім? Бұлар Қытайдан келген жаңа мұсылмандар ма, әлде «Асхабул-Кәһф» үңгірінен үш жүз жылдан соң оянып шыққан жігіттер ме, әлде Пайғамбар заманынан келген жас ансарлықтар ма?.. 

Бір кезде қамат келтіріліп, намазға тұрдық. Алғашқы сәждеге барып, қайта тұрғанымызда оның сәждеден ба- сын көтермегенін байқадым. Біз қиямға тұрғанымызда ол сол басын көтермеген бойы жатыр еді. Мен іштей: «түні бойы көз ілмеді ғой, ұйықтап кеткен болар» деп топшы- ладым. Намаздан соң сәждеде жатқан оны оятпақ болып қозғап көріп едім оянбады. «Тұр, бауырым! Намазыңды толықтыр. Сәждеде дәрет бұзылмайды»,- деп сыбырлап едім ешбір өзгешелік болмады. Бір жігіт тамырын ұстап көріп еді, өңі бұзылып кетті де: «Жүрегі көтере алмапты» деді. Сөйтсек, сәждеде жатып қайтыс болған екен. Біз оны моргке алып бардық. Одан ары не істерімді білмей тұр едік, бір кезде қаланың әкімшілігінен жоғары лауазымды бір адам келе қалды. Үстінде ұзын аппақ көйлек. Басына жапқан орамалы беліне жетеді. Ол: «Сендер қытайсыңдар ма? Осында бүгін бір қытайдың жаназасы келмеді ме?» деп сұрады. 

Біз аңтарылып мән-жайды айттық. Сол кісінің көмегімен әлгі жігіттің жа- наза намазын оқып, Пайғамбар мешітінің жанындағы «Жаннатул-бақи» деген мазаратқа арулап жерледік. Әлгі лауазымды кісі болған соң ба қайдам, халық көп жиналды. Бәрі біткен соң әлгі лауазымды кісі бізге қарап: «Сендер менің бұл ісіме түсінбей тұрған боларсыңдар. Ендеше басынан айтайын. Бүгін түнде таңға таяу бір ғажайып түс көрдім. Түсімде Пайғамбарымызды (аләйһис-саләту уәс- сәләм) анық көрдім. Бұл менің алғашқы көруім. Ол маған қарап: «Пәленше! Бүгін таңертең менің бір қытай бауырым қайтыс болады. Сен соның басы қасында болып жақсылап арулап жерле»,-деді. 

Ояна кетсем түсім екен. Аң-таң болып айтқан жерге келсем расында солай екен»,- деді. Ол бізді жібермей бірнеше күн қонақ етті. Осыдан соң мен тоғыз жігітті ертіп, елге қайттым». Міне, бұл болған оқиға. Ендеше, тойына арақ қойғыш мұсылман бауырларымызға да осы әңгімені жеткізерсіз. Ол өзіңіздің еншіңізде. Уәс-сәләм.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: