Аса құдыретті ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! «Сәләфия» сөзінің тілдік мағынасы «бір нәрсеге қатысты болу» дегенді білдіреді. Сол себепті сәләфия сөзінің ұғымында кезеңдік шектеу реңкі жоқ, барлық заманға қатысты қолданылады.
Әр заман ағымы – өзінен соң келетін уақыт үшін сәләф[1] (өткен, ілгері, алдыңғы), ал, өзінен бұрын өткен уақыт үшін – хәләф[2] (кейінгі). Уақыт өте келе «сәләф» сөзі ислам мәдениетінде тұрақты терминдік мағынаға ие болып, нәтижесінде мұсылман үмбеті тарихындағы алғашқы үш ғасырда ғұмыр кешкен ізгі ұрпақты білдіру үшін қолданылады. Оның негізі Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына хадисіне сүйенеді: «Нұғман бин Баширден (р.а.) [3] келген бір хабарда, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) (с.ғ.с.): Адамдардың игі жақсылары – менің ғасырымдағылар, содан соң – олардан кейін келгендер, содан кейін – олардың артынан келгендер. Олардан кейін, бірінің куәлігі сертінен бұрын және серті куәлігінен бұрын берілетін қауымдар келеді»[4], - деген.
Алайда, кейін уақыт өте келе «сәләфия» терминінің мағынасы өзгеріске ұшырап, ислам қағидасына мүлдем жат, өзімшілдікке итермелейтін бүлікшіл мақсаттың құралына айналып кетті. Яғни, өздерін сол жақсылардың буынына қатыстымыз деп есептейтіндер тарапынан мағынасы бұрмаланды. Олардың кейбірі өздерін ғана «сәләфтардың мұрагеріміз, бізден басқа сәләфи жоқ» деп санайды.
Олардың сәләфия термині туралы түсініктерінің мұсылман ғалымдары арасында түрлі көзқарас тудырған болмашы мәселелер төңірегінде ғана шоғырланғандығын байқаймыз. Осы үмбеттің санаулы адамдармен ғана кеңесетін олар, дінді терең түсініп, оның кең таралуына сүбелі үлес қосқан әйгілі үмбет ғұламаларының басым бөлігін бидғатшыл деп есептейді.
Олардың ойынша, ислам ақидасын негіздеп, сенім мектебін қалыптастырған көрнекі ғалымдар да – бидғатшылар. Әсілінде олардың үмбет арасында іріткі салып таласып жүрген мәселелері шариғаттағы негізгі емес, тармақты кейбір нәзік тақырыптар ғана.
[1]. Сәләф сөзі – алдыңғылар, яғни алдыңғы буын ұғымын береді.
[2]. Хәләф сөзі – кейінгілер, яғни кейін келген буын ұғымын береді.
[3]. Нұғман бин Башир бин Сағд әл-Хазражи (р.а.) сахаба, ансарлық, һижрадан кейін 14 ай өткенде Мадина шаһарында туылған, алғашқы мұсылмандық қоғамда дүниеге келген алғашқылардың бірі. Туған күні анасы Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) алып келген кезде: «Жақсы өмір сүреді, шәһид болып жан тапсырады және жәннатқа кіреді», - деп сүйіншілі батасын берген.
[4]. Имам Әл-Бұхари «Сахих» кітабы, 2509-шы хадис. Мүслим «Сахих» кітабы,2533-шы хадис. Али Жұма «Дінде шектен шыққандар» кітабынан.
ummet.kz