«Ислам - татулық пен тағаттылықтың,
жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»
Елбасы Н.Ә. Назарбаев
Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Сәлем әрі салауат бүкіл әлемге қамқорлық ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммед саллаллаһу алайһи уәсалламға Алланың игілігі һәм салауаттары нәсіп болсын!
Күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бір - дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы.
Ислам дініне 1436 жыл болса, еліміздің топырағына келгендігіне тура 1356 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары Имам Ағзам мазһабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы.
Әбу Ханифа мазһабына негізделген Ислам діні - халқымыздың ертеден келе жатқан салт - дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен бірге біте қайнасып кеткен үлкен құндылықтарымыз болып табылады.
Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойының қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары ислам өркениетінің асыл қазынасы.
Бүгінде ел мұсылмандарының бірегей орталығына айналып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан ел бірлігі, ішкі саяси біртұтастық мәселелері басты орындарға қойылып, тиісті деңгейдегі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастар өкілдерін адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да барлығын айтуға тиіспіз.
Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі - жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі сондай діни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда.
Бірлік – мұсылмандықтағы басты қағидалардың бірі. Бұл жөнінде Алла тағала Қасиетті Құранда:
«Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген [1].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың» [2].
Кемеңгер Елбасымыз да өз сөздерінде тұрақты түрде ынтымақ, бірлік мәселелерін көтеріп, «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп бірлік, ынтымақ мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл қасиетті ұғымдар біздің елдігімізді, мемлекеттігімізді көрсететін негізгі ұстындардың бірі.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде елімізде түрлі діни ағымдар пайда болып, өз іс-әрекеттерін жүргізді. «Ештен кеш жақсы» демекші, бүгінде солардың бірқатарына елімізде тиым салынып та үлгерді. Төменде солар туралы мәліметтерді келтіре кетуді жөн санаймыз. Олар:
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде:
1) «Аль-Каеда»,
2) «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»,
3) «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»,
4) «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»).
2. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес:
1) «Асбат аль-Ансар»,
2) «Братья-мусульмане»,
3) «Талибан» қозғалысы,
4) «Боз гурд»,
5) «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтар»,
6) «Лашкар-е-Тойба»,
7) «Әлеуметтік реформалар Қоғамы».
3. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:
1) «АУМ Синрикё»,
2) «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы».
4. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес:
1) «Түркістан ислам партиясы»
5. Астана қаласы сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес:
1) «Хизб-ут-Тахрир» діни-саяси партиясы.
6. Мамандандырылған ауданаралық Алматы қаласы сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы және Астана қаласы сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен:
1) Адамдарды қозғалыс методы (өзін-өзі емдеу) арқылы емдеу деп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт насихат таратқан Абдуллаев Ф.М. (Фархат-ата), ол «Алла-Аят» деген атауға ие
7. Мамандандырылған ауданаралық Алматы қаласы сотының 2009 жылғы 5 ақпандағы шешімімен:
1) «Ата жолы» және (немесе) «Ақ жол» ұйымы. Мұнымен қатар, 2013 жылы Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 26 ақпанындағы шешімімен “Таблиғи жамағаты” діни ұйымына және 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласы прокурорының арызы бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шыққан болатын [3].
Кезінде бұлардың тарапынан жұртшылықты адастырушылыққа көптеп жол беріліп, түрлі діни наным-сенімдерін әсіресе жастар арасына көбірек тықпалады. Олардың нәтижелері де жоқ емес.
Қоғамға қатерлі мұндай діни ұйымдардың қызметін түбегейлі жоқ ету және ондайларға алдағы кезеңдерде ешқандай жол бермеу мақсатында қолданыстағы заңдарымызды барынша күшейту керек деп білеміз.
Сонымен қатар, бұлардан бөлек, елімізде сәләфи ағымын ұстанушылардың да бар екендігін айтуға тиіспіз. Шын мәнінде, қазіргі таңда қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі - сәләфизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда жастардың арасында көптеп белең алуы десек артық айтқандық емес.
Бұл ілім Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, ары қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі, қазіргі Сауд Аравиясының солтүстігінде жалғасын тапты. Бастапқы кезден бұл идеологияның өкілдері өзге пікірге төзбеу, өзгелерге агрессиялық көзқараспен қарау, алдына қойған мақсаттарына қарумен болса қол жеткізу секілді сипаттармен танылды.
Уахабилік, яғни сәләфилік деген – бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан құбылыс. Бұл ағымның артында үлкен институттардың жұмыс істеп, оған үлкен қаржының құйылып жатқандығы жөнінде деректер бар. Мұның артында сыртқы күштердің де ықпалы болу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Жалпы, сәләфилік ағымы несімен ерекшеленеді? Жүргізілген талдау жұмыстары бойынша бұл жөнінде бірқатар зерттеушілер олардың буквализммен айналысатындығын алға тартады. Яғни, аят-хадистердің астарына, мақсатына үңілмей, бетін қалқып қана алып, үстінен желіп өте шығатын тар шеңбердегі түсініктен барып осындай ағым пайда болды деуге негіз бар. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.c.) хадисіне, оны қандай заманда, қалай, кімге арнап айтты, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтты, осының бәрі әбден зерттеліп барып қана амал етіледі.
Пайғамбарымыздың 23 жылда әртүрлі жағдайда, әртүрлі адамға айтылған хадистерін жалпы ұстаным ретінде қабылдап, соны берік ұстанып қалу 14 ғасыр бойы жасап келе жатқан дәстүрлі исламға кереғар түсініктер туындатады. Дін дегеніміз өте кең нәрсе. «Менікі ғана дұрыс» деп өзімшілдік таныту – ақиқаттан монополия жасаудың бір түрі десек басқаша айтқандық болмас. Сол сияқты сәләфилік те «біздікі ғана дұрыс, қалғандардың барлығы адасып жүр» деген сенімге байланған деуге болады. Соның салдарынан барып қоғамда шиеленіс туады. Ал шиеленістің соңы Құдай бетін ары қылсын, қақтығысқа апаруы мүмкін. Сондықтан да сәләйфилікті дәстүрлі исламға қайшы ағым ретінде негіздеу керек.
Шындығына келер болсақ, «сәләф» сөзі «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Яғни, діни терминологияда «салихалы салафтар» делінген кезде сахабалар, олардың көзі көрген табиғиндердің және олардың көзі көрген табаға-табиғиндер меңзеледі. Бірақ діни терминологияда белгілі бір ағымға «салафтар» делінбейді. Ал айтып отырған ағым өкілдері осыны бетперде етіп, яғни «бұрынғы Пайғамбар заманындағы мұсылмандардың жолын ұстанамыз» деп, жекелеген адамдардың идеясын насихаттап жүргендер.
Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәзһаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шыға алмаған соң, ол соның мәзһабында, яғни сәләфизм мазһабында деген сөз. Бірақ ол – шатақ мәзһаб. Басқа мәзһабтарды танымайтын, қоғамда ши шығаратын, бүлік жасайтын, анархия туғызатын мәзһаб. Төрт мәзһабты мойындамаған соң әркім Құранды өз нәпсісіне, түсіну деңгейіне қарай тәпсірлеп, талқылайды. Соның нәтижесінде қоғамда анархия, хаос пайда болады. Ал төрт мәзһаб – осындай жағдайға жібермей отырған үлкен күш, дінді реттеудің тетігі. Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кереғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын ағымдар пайда болады. Сондықтан кез келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі.
Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
Сәләфиліктің түрлі атаулары
Уаххабилер өздерін уаххаби ретінде қабылдағысы келмегендіктен осы сәләфи сөзін қолдануда. Сонымен қатар, уаххабилер қазіргі таңда «мадхали, сурури, тәкфиршілер, жихадшылар» деген секілді көптеген тармақтарға бөлінген. Өкінішке орай сәләфилерді «радикал» немесе «қалыпты», «байсалды» деп бөліп, соның ішінде кейде айтылып та жүрген «қалыптыларын қолдау қажет» деген пікір қате әрі қауіпті. Неге десеңіз, олардың идеологиялық және сенімдік базаларының бәрі бірдей. Сондықтан қалыптылардың әп-сәтте радикал, тәкфирші және жихадшыға айналып кетуі өте оңай. Ал бұл өз кезегінде біздің ұлттығымызға, мемлекеттігімізге қауіпті. Өйткені олар ұлттық ерекшеліктер мен халықтық дәстүрлерді, ғылыми негізде, ғасырлар бойғы тәжірибемен жинақталған мәзһабтар мен имамдарды қабылдамайды. Қазіргі таңдағы осы қате ұстанымның нәтижесінде қалыпты болып көрінген уаххабилер ұлттың жыртысын жыртып жүрген ұлт жанашырлары секілді көрініп, қоғамға әсіресе билікке сыналай енуге тырысуда. Егер бұлай жалғаса берсе уаххабиліктің тарихта діннің атын жамылып, мұсылман баласының қанын аяусыз төккен ылаңы қайталануы әбден мүмкін.
Сәләфиліктің тиым салған амалдары:
1. Өлгендерге Құран оқу, бағыштау;
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран қарайған жүректерге нұр береді» деп ескерткен. Құран адамды рухани күйзелістерден, пейіл тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ынтық жандар үшін – үміт бастауы. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды.
Пайғамбарымыз тағы бір хадис-шәріпінде: «Құран оқу – көңілдің шипасы», – дейді.
Иә, Құран қай жерде болса да дертке дауа. Себебі, Алла тағала былай дейді:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ
«Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат болған, жүректегі дертке дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау болған кітап (Құран) келді» [5].
Ал, өздерін сәләф санаушылар Құран тек Аллаға ғана бағышталуы тиіс деп санайды.
2. Отан қорғаудың, әскерге барудың дұрыс еместігі туралы.
Сәләфилікті ұстанушылар әсірелік жасап, Отан қорғауды құп көрмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың туған жерге деген, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Сонымен қатар, Отан қорғау мәселесіне дінімізде үлкен маңыз берілген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:
«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» [6] делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең - байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.
Қазыбек би бабамыздың:
«Біз, қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген отты сөздері жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.
Ал, кейбір діни ағымдардың тарапынан бұл мәселені жоққа шығаруға тырысушылық байқалады.
3. Намаз оқымайтын ата-ананың кәпір саналуы
Сәләфилер намаз оқымайтындарды, соның ішінде өзінің ет-жақын туысы, тіпті ата-анасы болса да кәпір санайды. Ал, ата-анаға жақсылық жасау керектігі жөнінде көптеген аят-хадистер бар.
Құран Кәрімде Алла Тағала:
قُلْ تَعَالَوْا أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلاَّ تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً
«Сендерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» [7], – деп білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
نِيَّةُ الْمُؤمِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ
«Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы», – деген [8].
Алла Nағаланың істелген сыртқы іске қарағанда, іштегі оңды ниетке қарай сауап жазуы Оның шексіз рақымдылығын көрсетеді.
4. Басшыға, имамдарға бағынбау жайлары
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар» деп тапсырған. Өйткені, Құранда:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә» [9] делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Сол себепті басшыларға, мешіттерде имамдарға бағыну да тып-тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдірмеу үшін аса қажет. Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ
«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» [10], – делінсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында:
مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهَ ، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهَ ، وَمَنْ يُطِعِ الْأَمِيرَ فَقَدْ أَطَاعَنِي ، وَمَنْ يَعْصِ الْأَميرَ فَقَدْ عَصَانِي
«Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені»,[11] – деген.
Тағы бір хадисте былай делінген:
مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ، وَخَرَجَ مِنَ الطَّاعَةِ، فَمَاتَ فَمَيْتَتُهُ جَاهِلِيَّة
«Кімде кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі» [12].
Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген:
وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» .
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ
5. Қазақы салт-дәстүрлерді бидғат санау.
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Ақиқатында, адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ
Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар» [13].
Сәләфилердің тарапынан мазарларға бару, тәспі қолдану, дұғаларда пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін айту, мешіттерге садақа беру, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның туылған күні, яғни Мәуліт күнін атап өту, келіннің үлкендерге сәлем салуы, т.б. мәселелерді шірк немесе үлкен күнә санап, түгелдей жоққа шығарады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Барлық амал ниетке байланысты» деген хадисіне сүйенер болсақ, жоғарыда аталған істердің қай-қайсысы болмасын, шірк келтіру ниетінде болмағандықтан оларды түбегейлі жоққа шығару – сауатсыздықпен тең деуге болады. Мазарларға барушылар үшін сол арқылы өздерінің де ертеңгі күні солай болатындығына сену, келіннің үлкендерге табыну емес, амандасу ниетімен сәлем салуы, т.б. мәселелердегі ниет басқа болғандықтан оларды өзгеше бұрмалаушылыққа жол берілмеуі тиіс.
Жалпы, дін саласындағы жұмыстарды жүйелілікке қою - үлкен қажыр-қайратты қажет ететін мәселе. Еліміздің діни бағыты мен ұстанымы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының мынадай сөздерімен нақтылана түседі: «Біздің бағытымыз – дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабы мен Матуриди ақидасын берік ұстану және оны насихаттау болып қала береді. Сонымен қатар, мешіт жамағатын мұсылмандардың ауызбірлігі мен еліміздің ынтымағын нығайта түсу үшін дәстүрлі ханафи мазхабын ұстануға үндейміз» [14].
Біз асыл дінімізді түрлі саяси мақсатқа пайдаланғысы келетіндерге жол бермей, әрі олардың жетегіне кетпей, біртұтас Қазақстан үшін жұмыла жұдырық болып, діндер арасындағы түсіністікке, диалогқа жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл болуға тиіспіз. Бұл үшін бізде ең алдымен бірлік болуы керек. «Бірлігі жарасқан ел озады» деген сөз бар қазақта.
Сондықтан барлығымыз өзара ынтымақ пен бірлікте болып, өзара сыйластықта жүрсек бізді алар жаудың болмайтындығы сөзсіз. Әйтпесе, қарақан басымызды ғана ойлап, ұстанған түрлі діни көзқарастарымызға байланысты қазіргі кездегі сөз, дін бостандықтарын қалқан етіп бір-бірімізді жағамыздан алып, жазықсыз да негізсіз жала жауып, сүріндіруге тырыссақ, өзіміз де, еліміз де қасірет шегеді. Осыны ұмытпаған жөн дер едік.
«Бірлік түбі - тірлік», «Ырыс алды – ынтымақ» демей ме дана халқымыз. Ендеше, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың пайдасы да, ғибратының да мол екендігі ақиқат. Алла тағала елімізге амандық, тыныштықты нәсіп етсін!
Бейбіт Мырзагелдиев,
ҚМДБ-ның «Халал» стандарттау бөлімінің меңгерушісі
Қолданылған деректер көзі:
[1] («Әли Имран» сүресі, 103-аят).
[2] (Имам Муслим).
[3] Дін істер агенттігінің ресми сайты
[4] (И.Бухари)
[5] «Юнус» сүресі , 57 аят.
[6] Термизи, Ф-жахад 12
[7] («Әнғам, 151)
[8] Н. Һәйсами, Мәжмә’у’з-зәуаид уә манбаул-фауаид, Каир, ж.ж., 1т., 61,109-б.
[9] «Бақара» сүресі, 191- аят
[10] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[11] Муслим, риуаяты.
[12] Муслим, риуаяты.
[13] (Рум сүресі, 22-аят).
[14] «Ғибратнама» кітабы