Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мәуліті аталып өтілді. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған іс-шараға аудан және қала басшылығынан, ауылдардан келген қонақтар мен қала тұрғындары қатысып тамашалады.
Әуелі, келген көрермендерге әлемнің Рақым нұры дүниеге келместен бұрын жер жүзінде сол кезеңде болып жатқан оқиғалар жайында, сол бір қиын тарихи оқиғалар барысы жайлы бейнежазба көрсетілді. «Жаңатас» мешітінің имамы Нұртөлеу Молдаханов Алланың сөзі Құраннан аят оқып, дұға қылды. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Құдайбергенов мерейлі де мерекелі күнмен келген жұртшылықты құттықтап сөз сөйледі.
Жастардан құрылған топ жиылған жұртшылыққа мәуліт жырын оқып, құлақ құрышын қандырды. Жас дарын Шүкірбек Азат Ұланбекұлының тебіренте оқыған жігерлі өлеңі тыңдаушысын бір сілкінтті. Осы іс-шараға арнайы келіп, өзінің Алла елшісіне арнауын оқып берген жергілікті ақын Тоқбанов Самат Қуандықұлының жырына келген қауым тәнті болды. Соңынан Сарысу аудандық мешітінің бас имамы Ғалымжан Қонақбаев «Пайғамбарымызға махаббат» тақырыбында уағыз айтып, келген жұрттың ықыласына бөленді. Осындай игі шараға жыл сайын ат салысып жүрген Шәкизат апаға, жүргізуші Аманбаев Бекайдарға және бір топ жастарға марапат жасалып, аудан имамының алғыс хаттары мен кітаптар табыс етілді.
Сонымен қатар келген барлық көрермендерге кітаптар таратылды. Келген жұртшылық ризашылықтарын жасыра алмай, келер жылғы мәуліт айында аман-есен қауышуды тілесіп тарады.
Жаңатас қаласы
«Сарысу» аудандық мешіті