Қасиетті жұма күні Шу аудандық Төле би мешітінде және ауданға қарасты ауылдық мешіттерінде мәуліт мерекесі аталып өтті.
Мерекенің негізгі мақсаты - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) іс –әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отан сүйгіштікке, бауырмалдылыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып табылады.
Жунайд Бағдади: «Кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында иманды» -деген.
Хасан әл-Басри (р.а.) «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім» деген.
Ауданның бас имамы Аят Дыбысұлы және найб имамдары Мәуліт оқып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жайлы өмір тарихын айтып, жиналаған жамағатпен Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат оқыды.
Келген жамағатқа Сияр кітәбі, мәуліт жайлы қысқаша мәлімет кітапшасы және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті жемісі Құрма таратылып, дастархан жайылып ас берілді.
Осындай діни мерекелер алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.
Шу ауданы Төле би мешітінің баспасөз қызметі.