Тараз шаһары мәуліт мерекесін атап өтті. (ФОТО)

Тараз шаһары мәуліт мерекесін атап өтті. (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айы мәуліт мерекесіне арналған рухани-сазды кеш өтті.

Аталған дүбірлі мерекелік іс-шараға қала және аудан имамдары, мемлекет қызметкерлері, мешіт жамағаты мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шара алдында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті жемісі таратылды.

Кештің шымылдығы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы туралы бейнероликпен ашылып, қасиетті Құранның теңдесіз аяттарымен басталды. Ел жүрегін тебірентіп Құранды «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Әбжаппар Әмір оқыды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев сөз сөйлеп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі оны жақсы көру туралы тілге тиек етіп, жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады.

Рухани іс-шараны «Асыл мұра» өнер орталығының таланттары жүргізіп, ақын-жыршылар мен әншілер Алла, оның пайғамбары, имандылық пен бес парыз жайында термелер мен әндер айтты. Көпшіліктің жүрегін езілтіп, «Пайғамбар амалы», «Тәубе» сынды қойылымдар қойды. Қыздарымыз жүрек жарды өз қыл қаламынан туған өлеңдерін паш етті.

 «Һибатулла Тарази» медресесінің директоры Данияр қари Жұмабаев бастаған білім ордасының шәкіртері мен қала имамдары мәуліт оқып, көрермендер қосылып Расулуллаға салауат айтты.

Сондай-ақ, жамағатқа діни кітаптар мен журналдар таратылды. Ал ақ жаулықты әжелеріміз дәстүрлі шашуын шашты. Облыс имамы жергілікті имамдарды және мешіт қызметкерлерін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғыс хатымен марапаттады.

Ал ҚМДБ «Һибатулла Тарази» мешітінің жастар қоры қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, халыққа дәмді тағамдар ұсынды.

Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сағынып келген Тараз тұрғындары Алла елшісін (с.ғ.с.) еске алысып қайтты. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі. 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: