Жат ағымдардың жетегінде адасқандар бүгінгі қоғамның айықпас бір дертіне айналды. Тағдырдың басқа салған қиындығын оңай жолмен еңсеремін деп, білместіктен немесе діни сауатсыздықтың салдарынан өзге діннің шырмауына түсіп, өрескел қателікке жол беріп жатқандар қаншама. Болашағы бұлыңғыр діни ағымдардың ақ-қарасын ажырата алмай жатуымыздың бір себебі сауатсыздықтан екені хақ. Жуырда аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев аурухана қызметкерлеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында «Жат ағыммен күрес немесе діни тұрақтылыққа – сауаттылық арқылы жетудің жолдары» атты тақырыпты негізге ала отырып: «Жат ағымның жетегінде кетуіміздің себебі, біздің діни тұрғыда біліміміз таяз. Дінге деген қызығушылық төмен. Сондықтан, оған барлығымыз бір кісідей атсалысып, теріс діни ағымдардың алдын алуға жұмыстануымыз қажет. Діни тұрғыда түсініктерімізді молайтып, дін тақырыбындағы газет-журналдарды көбірек оқуымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дейді ғой халқымыз. Ендеше, барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, теріс діни ағымдардың алдын алуға қажет деп сөзін түйіндеді бас имам.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ