Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру. Өсіп келе жатқан ұрпақтың ата-анасы осы ілкіден қалыптасқан тәжірибені қолға алса, ұлттық мінез қалыптасады, ата-баба дәстүрі сақталады. «Бала тәрбиесі – бесіктен», «Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп қыз өсер». Ата-бабамыз осы өсиетті сөздерді біз үшін қалдырған шығар, сірә?! Бүгінгі жастарымыздың дінге деген қызығушылығы мен бетбұрушылығы ерекше. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Басты міндет – бұғанасы бекіп, буыны қатаймаған жас буынды дұрыс жолға, нық бағыт-бағдарға салып, ақиқат ақпаратпен сусындату.
Міне, осы бағытта өткен Құлан ауылындағы «Аяна» балабақшасының бүлдіршіндерімен «Аудандық Сұлтан» мешітінде «Бала тәрбиесі – бесіктен» атты тақырыпта кездесу өтті. Мешітке 20-тан аса тәрбиеленуші балалар қатысты.
Біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Сондықтан да олар еліне, ұлтына адал, сауатты болып өсуі ләзім. Қазақтың салт-дәстүрін, ата жолын, ана жолын ұғынбаған ұрпақ келешекке балта шапқанмен бірдей. Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» - деген екен.
Кездесу барысында бас имам Сұлтаншәріп қажы Джадраев жаман әдеттерден аулақ болуға, ата-ананы құрметтеуге шақырды. Және де ислам дінінің адамзатты ынтымаққа, өзара түсіністікке, бір-біріне деген сүйіспеншілікке бастайтындығын, сондай-ақ, Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің басым көпшілігі бірлік пен бауырмалдыққа шақыратындығы айтып түсіндіріп берді.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ