Қоғамымызда белең алып, ел арасына іріткі салып, бөлінуге жүк артып жатқан жат ағымдардың алдын алу мақсатында АТТ мүшелері Қордай ауданына ат басын тіреді. Үш күндік сапар барысында орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Таңат Тілмамбетов, Дін проблемаларын зерттеу орталығының маманы Бағлан Қырғызбаев, Қордай ауданының ішкі саясат бөлімінің маманы Самат Ілиясов бірінші күні Қордай аудандық орталық мешітінің жамағатымен, «Береке» колледжінің студенттерімен және мемлекеттік қызметкерлермен, сондай-ақ, БАҚ өкілдерімен кездесіп қайтты.
Ал іс сапардың екінші күні іс-шара Қордай ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен, «Масанчи» мәдениет үйінде, «Мұсылмандар» мешітінде, Сортөбедегі №18 орта мектепте, Красный Партизан округіндегі «Рахман» мешітінде жалғасын тапты. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын дәріптеп, қоғамда бүлік тудырған ағымдардың зардабын халыққа жеткізген АТТ мүшелері үшінші күні Әскери қала Отарда, №43 Гвардиялық мектепте, «Атамқұл» мешітінде болып қайтты.
Халықты бөлінбеуге, татулық пен ауызбіршілікте болуға шақырған мақсатты қызметкерлер тұрғындардың өзекжарды сауалдарына мардымды жауаптар берді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі