Құран және бата сайысы өз жеңімпазын анықтады.

Құран және бата сайысы өз жеңімпазын анықтады.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Талас ауданы Тамды ауылының клуб-үйінде осы ауылдың тумасы Мырзағұл ұлы Бабаханның құрметіне арналған Құран жарысы өтті. Қарттар күніне орай аудан ақсақалдарының арасында ұйымдастырылған бата жарысы мен жасөспірімдер арасында өткен Құран жарысының өтуіне марқұмның артында қалған ұрпақтары мұрындық болса, шараны Тамды ауылындағы «Тәңкібай ата» мешітінің имамы Нұрбол Төреқұлов ұйымдастырды. Екі бөлім бойынша өткен сайысқа ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев, «Жастар ресурстық орталығы» дін істері мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Сәкен Құлбаев, лицейдің тарих пәнінің оқытушысы Есім Үстенов қазылық етті.

Алғашқы бөлімде батагөй қариялар түрлі тақырыпта, яғни дастархан-дәм батасы, жас отауға берілетін бата, жол-сапар батасы тағы сол сияқты баталарды жатқа айтудан сынға түсті. Сәйкесінше, сайыстың бұл түрі киім үлгісі, жатқа және мәнерлеп оқуы мен батаның тәрбиелік мәніне қарай бағаланды. Ал, Құран жарысына талабы таудай жас жеткіншектер қатысып, бақтарын сынады. Құран сүрелерін мақамына келтіріп жатқа оқыған жас өрендер көпшілік ықыласына бөленді. Бұл сайысты әділ-қазы алқасы құранды оқу мәнері мен оқылу тәртібіне, араб қарпінің дұрыс дыбысталуына баса назар аударып, сол бойынша бағалады.

Айта кететін бір жайт, Құран жарысының ең жас қатысушысы жеті жасар Қалдарханға Абдурахманға Тамды ауылының әкімі Саят Момбеков жеке өз атынан сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырып, демеушілік жасаған Мырзағұл ұлы Бабаханның ұлдары шәкірт тәрбиелеп, бәйгеге қосқан барлық ауылдық округ имамдарына ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасады.

Бата жарысы бойынша бірінші орынды Майтөбе ауылының ақсақалы иеленсе, екінші орын Ақкөл ауылының батагөй қариясына бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Көктал ауылының қариясы иеленді. Құран жарысы бойынша бірінші орын биігінен Тамды ауылының жас талабы Нұрасыл Ескермес көрінсе, әділ-қазы алқасы екінші орынға Майтөбе ауылынан келген жас жеткіншекті лайық деп тапты. Үшінші орынды Бостандық ауылының баласы қанағат тұтты.

Шара соңында ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сертификат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

Аудандық «Қаратау» мешітінің баспа сөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: