Қазақ қоғамында ақсақалдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қазақ қоғамында қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Халықтың «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген сөздерінің мәнісі – ақылдың кені, қазыналы қарттарды құрметтеу, ақсақалдар қауымын ардақтау қанымызбен бірге сіңген мұсылмандық міндетіміз.
ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай Жалил Шалбаев бастаған аудандық «Қордай» мешітінің ұжымы қарттар күніне орай ақсақалдардың басын орталық мешітте қосты. Ауданның ардагерлеріне, мешітіміздің алқа мүшелеріне мешіттің күрделі жөндеу жұмыстары таныстырылып, жөндеу барысы жайлы Ж.Шалбаев кең түсіндірме берді. Алқалы аталарымызға құрмет ретінде азық-түлік қабшықтары дайындалып, (5 кг макарон, 5 кг ұн, 5 қант, 5 литр сұйық май, 5 кг күріш және шәй) үлестірілді. Ұлы Отан соғысының ардагері Қайым Керденов атаның үйіне арнайы ат басын тіреген Ж.Шалбаев ақсақалдың хал-ахуалымен танысып, мерекемен құттықтап сыйлықтарын табыстады. Аға буын аталарымыз атқарылған шараға дән риза болып ақ баталарын берді. Қайырымдылық науқаны кең жайылған дастарханмен үлесіп, ақ батамен аяқталды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі