Діни экстремизм мен ата дәстүріміз исламның ара жігін айыра білу, жастарды имами құндылықтарымыздан құлақдар ету мақсатында Шоқан Уалиханов атындағы облыстық кітапханада дін өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапек, кітапхана ұжымы мен оқырман студенттер қатысты.
Асыл дініміздің, мұсылманшылықтың, ұлттық тәрбиенің маңыздылығына тоқталған найб имам «Бөтен жерге келгенде есікті қағыңдар! Арғы жақтан дауыс естілсе кір, естілмесе қайта бер, деп үйрететін ислам бейбіт елге мылтық асынып кіргенді құп көрмейтіні хақ,» – деп айтып өтті. Сонымен қатар мұсылманшылық тәрбие, отбасы, ата-ана, баланы жат ағымнан сақтау үшін берілетін жанұядағы және діни тәрбие тақырыптарына да тоқталып өтті. Халыққа түсінікті, қарапайым жалпақ тілмен жеткізілген насихат көптің көңіліне қонған-ды.
Кездесу соңында қатысушылар мешітке бару, тұмар тағу, шелпек тарату, балаға тәрбие беру сынды өздерін мазалаған сұрақтарын қойып дәлелді жауаптарын ала алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі