Бүгін қызметкерлердің тәртібін күшейту, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандардың кәсіби сауаттылығын арттырып, психологиялық тұрғыдан саулығын сақтау мақсатында «Тәртіпсіз ел болмас...» атты дөңгелек үстел өтті.
№15 ГУ Өрт сөндіру қызметі және апаттан құтқару жұмысы» бөлімінде өткен кездесуде «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапек «Қоғам мен діннің маскүнемдік пен нашақорлыққа, суицидтік әдетке деген көз-қарасы» турасында, Жамбыл облысы Накологиялық диспансерінің дәрігері Айгерім Чиканова «Маскүнемдік пен нашақорлықтың зардабы», Жол полиция қызметінің аға лейтенанты Самат Алашев «Жол қауіпсіздігін сақтау», Жамбыл облысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Департаментінің бас маманы Серік Әлібеков «Мемлекеттік қызметтердің этикасы және сыбайлас жемқорлықты болдырмау» тақырыптарында баяндама жасады.
Кездесуде әр өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысқан қызметкерлер көкейкесті сауалдарын қойып, мардымды жауаптарын алды.
Аталған жиыннан соң орталық мешіттің найб имамы Ғалымбек Жапек бөлімшенің мұражайында болып, өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтардың апатты жағдайда пайдаланатын құралдармен танысып қайтты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.