Отар 40-шы әскери базасында іс-сапарын жалғастырған дін маманы Дәуренбек Жандосұлы қордағы (резерв) әскери міндетті азаматтармен дін мәселесінде кездесу өткізді.
Әскери қор азаматтары Отан алдындағы парызын өтеп бітіп, еліміздің түкпір-түкпірінде сан-салада қызмет атқарып жүрген азаматтар. 15 күн бойы ұмыт болған әскери дағдыларды оқу-жаттығулар арқылы қайталап, кейін өз ауыл аймақтарына қайтады.
Кең байтақ еліміздің әр жерінен жиналған азаматтарға дін туралы дұрыс түсінік қалыптастырудың оңтайлы сәті туды. Осы сәтті пайдаланып оқу-жаттығу алаңында Дәуренбек Жандосұлы кездесу аясында «Ислам –бейбітшілік пен ынтымақ діні» тақырыпта ой өрбітіп, Ислам дінінің бейбітшілікті жақтайтын құндылықтары жайында сөз қозғады. Отан үшін аянбай тер төгуінің азаматтық борышы екенін, маңыздысы Алла алдындағы ұнамды іс екенін жеткізді.
Тыңдаушыларға түрлі діни ағымдардың ұстанған бағыттары мен көздеген мақсаттары туралы баяндай келе, әр азаматтың өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, қоғам арасына діни экстремистік идеяның таралуына жол бермеуге шақырды.Ол үшін өз дінімізді жайлы толық мәлімет алып, діни сауат ашуға насихаттады. Діни әдебиеттерден тек ҚМДБ сараптамасынан өткен кітаптартан, интернет желісінде ҚМДБ ресми сайттарынан ақпарат алуға шақырды.Сонымен қатар, Д.Жандосұлы тыңдаушылардың көкейлерінде жүрген Ислам жайындағы сауалдарына толыққанды жауап берді.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі