Құран оқып бата беру сайысы өтті

Құран оқып бата беру сайысы өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бостандық ауылында Талас ауданының мешіт шәкірттері мен ақсақалдары арасында «Құран оқу» және «Бата беру» жарысы өтті. Сайыс тыл және еңбек ардагері марқұм Әбиұлы Әбудің құрметіне орай ұйымдастырылып отыр.

Батаны қазақы салт-дәстүрге сай, нақышына келтіріп, өскелең ұрпаққа өнегелі етіп орындаған аудан қарияларының арасынан Бостандық ауылы атынан сынға түскен Әділхан Тойшыманов ешкімге дес бермей, бас бәйгені жеңіп алды. Ал екінші орын Майтөбе ауылынан келген Қанатбек Наурызбаевқа бұйырды. Көктал ауылынан келген Қырықбай Қадырбайев болса, жүлделі үшін орынды қанжығасына байлады.

Екінші бөлімде аудан мешіттерінен келген шәкірттер Құранды жатқа оқып, жеңімпаз атануға лайық екенін дәлелдеуге барын салды. Қырағатын келтіріп, махраждан шатаспаған Майтөбе ауылы «Тәтен ата» мешітінің  шәкірті Ерасыл Әзімхан осы сайыстың бас бәйгесін қоржынына басты. Тамды ауылы «Тәңкібай ата» мешітінің тәлімгері Ескермес Нұрасыл жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасса, Бостандық ауылы «Төртбай ата» мешітінің шәкірті Нұрмұхамет Рғалбай үшінші орынды місе тұтты.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификат табыс етілді. Айта кету керек, «Құран оқу» және «Бата беру» сайыстарының бас жүлдесіне Астана қаласы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының найб-муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы демеушілік жасады. Ал қалған қатысушылар ҚМДБ Жамбыл облысы бас имамы Данияр қажы Жұмабаевтың ынталандыру сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ, Әбиұлы Әбудің кенже ұлы Мұраттың құрдастары жарыстың ең жас қарысы атанған 6 жасар Қалдырахан Әбдіраханға және ең қарт бата берушіге ақшалай сыйлықты табыс етті.

Әділ қазылар «Бата беру» сайысына қатысушыларды 4 категория – киіну этикасы, мәнерлеп оқуы, жатқа айта білуі және батаның тәрбиелік мәні бойынша бағалады. Қазылардың қорытынды бағасы қосылып, жоғары ұпай жинаған қатысушы жеңімпаз атанады. Сайыс шарты бойынша жарысқа қатысушылар 3 минут көлемінен аспайтын уақытта дастарханға бата беру, сапарға бата беру және тағы басқа бата беру түрлерінен біліктілігін көрсетіп, өскелең ұрпаққа қазақтың дәстүрін паш етуі тиіс. Бұл сайыста үміткерлердің бата берудегі қазақтың байтақ қазынасын көрсете білуі мен мәнер-мақамы, стилі ескерілетін болады. Ал «Құран оқу» додасына қатысушылардың киіну этикасы, махражы, тәжуиді, жатқа айта білуі және қырағаты бойынша баға берді.

Аталған шараның мақсаты – ҚМДБ Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы Хазіретің «2015 жыл – Дін мен дәстүр жылы» және «2016 жыл – Дін мен тарих тағылымы» деп жариялануына байланысты, халық арасында діни сауаттылықты насихаттау, ҚМДБ-ның республика көлемінде атқарып жатқан жұмыстарын көрсету.

 «Құран жарысы» іс-шарасы ҚМДБ қолдауымен тұңғыш рет шалғай ауылдарда ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға тыл және еңбек ардагері Әбиұлы Әбудің ұрпағы демеушілік жасады.

  Аудандық "Қаратау" мешітінің баспасөз қызметі

«Бостандықта» ізгілер жолы ұлықталды (ФОТО)

Фото: Алтынбек Қартабай

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: